Еркіңнен тыс ізденіс

Еркіңнен тыс ізденіс

Шын мәніндегі ақылды, ойлы тұлғаның қалыптасуына орасан зор мүмкіндік сыйлайтын жалғыз нәрсе бар. Ол – кітап. Бірақ соны оқуға уақыт таппай жатамыз.

Жұмысбастылықты алға тартып, рухани азық алатын дүниелерден алыста жүреміз. Оны өзіміз байқасақ та, бас қатырып жатқанымыз жоқ. Кез келген саналы азамат үнемі даму үстінде болуы шарт. Оны заманның өзі талап етеді. Қайуақытта да рухани жетілу үшін әдеби шығармаларды көп оқыған абзал. Себебі, әрбір автордың туындысында тарыдай болса да пәлсапаның жататыны анық. Түйсінген жанға аз да болса ақыл қосады. Өкінішке орай, XXI ғасырда әдебиетке деген құлықсыздық кең етек жайды. Әрине, оны қоғамның құбылуына сілтеп, іштей тон пішіп, әлеуметтік желілердің әлегі деуімізге де болады. Алайда, мақсаты айқын адамға алын- байтын қамал жоқ. «Мақсат» дегеннен туындайды. Бірде жақын досым: «Сендер тым қазақисыңдар, қалай осы әдеби сөйлейсіңдер» деп қызығушылық танытпасы бар ма? Әлгі жерде не айтарымды білмей, сасқанымнан бірнеше кітапты оқуға кеңес бердім. Мемлекеттік қызметкердің қолы босай бермейтінін білсем де, тапсырманы үйіп-төктім. Айтқан әңгімем ауыр болса керек, басы салбырап кеткен болатын. Арада біраз күн өткен соң, оқығанын не оқымағанын білейін деп хабарластым. Телефонның ар жағында Қадыр Мырзалиевтің өлеңін жатқа соғып тұр. Екі аптада үш жазушының кітабын оқып тастапты. Міне, ғажап! Әсілі, заң саласының қызметкері әдебиетке әуестенбеуші еді. Мына жігіттің табандылығына расымен де таңғалдым. Жұмыстың қарбаластығына қарамай, күніне 50 бетті парақтайтын көрінеді. Сөйлеу мәдениеті де жөнге келген сыңайлы. Негізінде көп оқитындар нендей кітаптан не оқығанын аса саралап жатпауы мүмкін. Дегенмен, оқып-білгендері санасында там-тұмдап болса да сәулеленіп, жарығын шашып тұрады. Ондағы мәліметтер адамның жадында жүйелі түрде сақталмаса да кейде зердедегі жайттар еркінен тыс адамның көкейіне нөсердей құйылатын кездері болады. Осындайда кітап – ақыл-ойдың жемісі десек артық болмас. Оған дәлел, қазақтың қарымды қаламгері Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген сөзі. Әрине, кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу де өнер. Әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын, тіпті болмыс-бітімін айқындайтын құрал ретінде де қарастыруға болады. Міне, осы асыл қазынаны оқу қазіргі таңда төмендеп бара жатыр. Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат» десе, атақты ғалым Чарльз Уильям Элиот: «Кітаптар – сөйлемейтін ең адал достар: олар – әрқашан жаныңнан табылатын данышпан кеңесшілер, сондай-ақ, олар – сабырлы ұстаздар» деп баға берген. Бұған қарап жалпы мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың алатын орны оқыған кітабының санымен айқындалатынын аңғаруға болады. Осындайда тағы бір жайт еске түседі. Баласына үй жұмысын жасауға көмектесіп отырған анамыз мұғаліміне хабарласып, түсінбегенін айтады. Оған қоса әр жерден бір кемшілік іздеп, өзінің ойлау жүйесінің таяздығын көрсетеді. Сонда оқытушы «ұлыңызға жол нұсқаймын деп әуре болмаңыз, болашағына зиян келтіресіз» деген екен. Кейде өмір көрген адамдар да өресінің төмен екендігін көрсетіп қалып жатады. Ұзақ жасасаң да білімді адамдардың алдында білместік танытып аласың. Оны уақыттың өзі әшкерелеп қояды. Меніңше баланы тәрбиелеу үшін адамгершілік үлгісі, ақыл-ой даналығы қажет. Сонымен қатар, қарапайым ата-ана рухани асыл мұрамен суарылған жан-жақты білімдар болуы тиіс. Шындығында, оқымысты жанның миына оқыған сайын көп мәлімет құдды таспаға басылғандай жазыла береді. Зердеде сақталған осы құпия таспа мен таспадағы мағлұматтардың пайдаға асуы тікелей көп оқуға байланысты. 
Кейде адам қай отарға қосыларын білмеген өрістегі қозыдай  қай кітапты оқудың тиімді екенін біле алмай дал болады. Әр бетін оқта-текте ақтарып, қызық іздейді.  Содан соң еріншектің күйін кешіп, жауып қоя салады. Немесе әр нәрсені бір сылтауратып қаша жөнеледі. Ақиқатында шындап кіріссек, мойынға жабысқан кержалқаулықты алысқа қуып, оның орнына кітап құшақтап отырған ізгілікті отырғызып қоюға болады. Әрине, ол әр адамның өз еркіндегі дүние. Тек соған бетбұру керек. Жасампаз оқымысты Жан Мольер жария қылғандай «кітаби даналықтан ақымақтың топастығы екі есе танылады». Бір білетінім, білімсізге парасаттың түсқағазын желімдеп жапсырғанымен бәрібір де жасанды сүлде болып шығады.  Қалай болғанда да, біз бәріміз бір заманның ұрпағымыз әрі бір арбаның үстінде келе жатырмыз. Қазақта «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейтін тәмсіл бар. Көпті көрген адам қашанда көп оқиды. Сондықтан ақыл сұраған болашақтың алдында қызармаудың орайлы жолын іздеген жөн. Ал, ол жолды тек кітаптан ғана таба аламыз.

Мұхтар КҮМІСБЕК.

Оқи отырыңыз