Ер қанаты - тұлпар

Ер қанаты - тұлпар

Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Олай дейтін себебіміз, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен өнері осы бір текті жануармен қашанда біте қайнасқан. Сондықтан ата-бабаларымыз оны ерекше әспеттеп, жеті қазынаның біріне балаған.

Жуырда қазақтың тұлпарлары мен атбегілерін түгендеген тұңғыш «Арғымақ» атты жинақ жарыққа шықты. Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапхананың мәжіліс залында өткен тұсаукесерге ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, атбегілер, журналистер мен студенттер қатысты. 
Игі шараның тізгінін ұстаған Қазақ радиосы Алматы студиясының редакторы, ақын Бақыт Жағыпарұлы аталған кітап журналист Бағдат Мұхтарұлының талай жылғы еңбегінің нәтижесі екенін тілге тиек етті. Бағдат жылқы тақырыбын зерттеуді Қазақ радиосында жұмыс істеген жылдары бастапты. Сөйтіп бірте-бірте тұлпарлардың тарихына ден қояды. Кейін ұлттық ат спортына арналған «Арғымақ» атты республикалық журнал шығарады. Қазіргі таңда «Сәйгүлік» сайтын жүргізіп жатқан жайы бар.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы қазақтың болмысы, руханият әлемі жылқымен тікелей байланысты екеніне тоқталды. 
– Қарап отырсақ, қазақ ақын-жазушыларының бұл тақырыпқа қалам тербемегендері некен-саяқ. Кешегі Ілияс ақынды алайықшы. Ол Ақан серінің «Құлагеріне» жырдан ескерткіш орнатты. Мұндай мысалдар әдебиетте аз емес. Ал бүгін ше? Бүгінде қазақтың тұлпарлары аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Бірақ олардың көбісін біз біле бермейміз. Жарыққа шыққан жаңа кітап бізге сол мүмкіндікті беріп отыр. Бұл жинақ – рухани жаңғырудың үлгісі, – деді Маралтай Райымбекұлы.
Сол сияқты, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, журналист Бағдат Мүптекеқызы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Қайрат Ықсан, ақын Серік Қалиевтер ізгі лебіздерін арнап, «Арғымақтың» жас ұрпаққа берері мол  танымдық дүние екенін айтты.
Жаңа жинақ жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жарыққа шығып отыр. Кітапта тәуелсіздік алған жылдардан бастап осы күнге дейінгі аралықта топ жарған 250 тұлпардың тарихы баяндалған. Сонымен қатар, 100-ден астам бапкер мен шабандоздар туралы мол мағлұмат берілген. Кітаптың ішіндегі сәйгүліктердің түрлі түсті фотосуреттері  де оқырмандарды қызықтыратыны анық.
– Біздің мақсатымыз – осы кітап арқылы жас ұрпақтың ат спортына деген қызығушылығын ояту. Ата-баба дәстүрін жаңғырту. Кітап мұнымен ғана шектелмейді. Әрі қарай да жалғасын табады деген ойдамыз. Өйткені, қазіргі құлындар – ертеңгі тұлпарлар, – дейді Бағдат Мұхтарұлы.

Болат МӘЖИТ.

Алматы.

Оқи отырыңыз