Қатарынан озып туған асыл ер

Қатарынан озып туған асыл ер

Біздің елде Кәшке батыр жөнінде ауызекі аңыз әңгімелер көп айтылады. Ал, шындығында Кәшке батыр кім болған? Алдымен ата-баба шежіресіне көз жүгіртейік. Кәшке батыр – Ұлы жүз Шапыраштының Есқожасынан, Есқожадан Алтынай, Алтынайдан Қарасай тарайды.  Қарасайдан – Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек. Түрікпеннен – Тілеу, Жарылғап, Қызылқұрт, Түктіқұрт, Малғара. Түктіқұрттан – Дәулет, Қаумен, Бәйтелі, Жәпек. Атақты Қарасай батырдың ұрпақтарынан елі мен жері үшін бел шешіп жатпаған, қазақ даласының бар тарабын қорғаған баһадүр сарбаздар мен сардарлар көптеп шыққан. 

Қарасай батыр және оның ұрпақтары жайлы Сүйінбай ақын былай жырлаған: 

Үлкен ұран Қарасай әуел бастан, 
Содан бері Қарасай даңқы асқан. 
Оған ерген ерлердің батырлығын,
Ақын-жырау келеді етіп дастан. 
 
Ер Қараш айқайымен 
жау қашырды,
Атын білген дұшпаны аласұрды.
Қараш десе қарсы жау беттемеген, 
Сөйткен батыр ерлерді 
жер жасырды. 
 
Ұрпағы Қарасайдың Дәулет, Қаумен, 
Алысқан қан ағызып талай жаумен. 
Қайратына Жәпектің жау шыдамай,
Қашыпты Қытай асып Алатаумен. 
 
Әулеті Қарасайдың түгел батыр,
Орнатқан дұшпанына заман ақыр. 
Сұраншы мен Саурықтың ерліктері,
Күн сайын қалың елге тарап жатыр. 
 
Дәулет батыр Түктіқұрттың 36 жасында дүниеге келіпті. Түктіқұрт жорыққа шығып бара жатып, айы-күні жетіп отырған әйеліне:
– Ұл тапсаң атын Дәулет қой. Балаларым шетінеп кете берді ғой. Мен келгенше жан баласына көрсетпей ұсташы. Көз бен сөз қиын болады екен, қиып түседі екен, – депті. 
Бір жылдай Түктіқұрт жорықта жүріп қалады. Үйіне оралса әйелі шекесі торсықтай балпанақтай ұлын көтеріп алдынан шығады. 
– Мә, мынаны бесігіне іліп қойшы, әдейі Түркістаннан, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың мазарынан Құран оқытып алып келдім, – деп шеті түйілген орамал береді. 
Сол бесік құт болып, Дәулеттен басқа Қаумен, Бәйтелі, Жәпек сынды бауырлары дүниеге келіп, төртеуі де туғаннан сол бесікте жатып өжет, алғыр, жасынан жасанған батыр болып өсті. 
«Түктіқұрттың төрт көкжал ұлы келе жатыр» дегенде дос түгіл жауларының өздері қойларын сойып, қолдарын қусырып күтіп тұратын болды. 
Бұл төрт батырдың ерлікке толы ғұмырлары жайлы айтылар әңгіме көп-ақ, жаудан қайтпаған бұл қаһармандар туралы аңыз-әңгімелер қаншама!
Дәулет батырдан үш ұл: Нұрабай, Мырзабек, Кәшке. Нұрабай жасынан зерек, ел ісіне ерте араласқан, қарадан шығып хан болған, бірақ тағдырға не шара, ерте дүние салған тұлға. Мырзабек басынан бақ-дәулеті арылмаған, өсіп-өнген ата. 
Дәулет қырыққа келгенде 1717 жылы Кәшке туады. Кәшкені де туа салысымен әкесі жатқан бесікке бөлейді. Бұл бесікке жатқан әр баладан кейін белағашына күйдіріп белгі соғады екен. Кейін бұл бесікке Кәшкенің балалары Ақынбек, Стамбек, немерелері Сұраншы, Саурық және басқа немере-шөберелері, ұрпақтары жатып өсіпті. Қызған темірмен белгі қоятындай жері қалмаған бұл қасиетті бесікті Совет өкіметі орнағанда бай тұқымы деп Мырзабектерді конфискелеп, жер аударғанда жолда большевиктер тартып алып, сындырып лақтырып тастапты. 
Кәшке дүниеге келген жылдар қазақ басына ауыр жағдай туған аласапыран қиын-қыстау кезең еді. Алтын Орда құлағаннан кейін аса шиеленісті жағдайда қалыптасқан қазақ-жоңғар қарым-қатынастары осынау әдет-ғұрпы, тұрмыс салты бір-біріне өте жақын халықтардың ұзаққа, өте ұзаққа созылған соғыс жағдайында өтті. ХVІ ғасырда жоңғар әскерлері қазақ жеріне жеті рет күтпеген жерден шабуыл жасады. 
Қазақ халқы тарихында қайғы-қасіретке ұшыраған ең ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» (1723-1728) деп аталады. Бұл жылдары жоңғар шапқыншылары қазақ деген көшпелі халықтың тең жартысын қырып тастады. 
Халқымыз душар болған сұрапыл соғыс қырғынын, талап-тонау мен есепсіз қасірет көріністерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мыңдаған адам туған жерлерін тастап, босып кетті, жолшыбай қара ниет жаудың қылышы турап, найзасы шаншып қаншама адам қырғынға ұшырады. 
Аңырақай тауы мен Алакөл көлі (Итішпес) 1723-1730 жылдардағы Отан соғысында аса маңызды стратегиялық орындарға айналды. Қазақ жасақтары Жетісу аймақтарын азат етуді осы жерден бастаулары қажет болды, Сарысу мен Ұлытауға Шу өзені бойымен осы жерлер арқылы ғана шыға алды. Қазақ жасақтары осы арқылы Қарқаралы тауына бара алатын еді. Қазақ жерлерін жоңғар шапқыншылығынан азат етудің мүмкіндігі туды. 
1729 жылы көктем аяқтала Мойынқұм құмдары мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің алқаптарына жылқыларын жайып, тыңайтып алған қазақ жасақтары Хантаудан бір-ақ шықты. Олар Әбілқайыр, Телектау, Күңгір таулары маңында, Сұңқайты өзенінің бойында, Хантау бөктерлерінде алғашқы жеңістерге жетті. 
Қазақ жауынгерлері бір ай бойы ұсақ шабуылдармен дұшпанды әбден қалжыратып алды да, еңселері түсіп, әлсіреген жоңғар әскерінің қалған бөлігін бір-ақ соққымен жайратып салды. 
Аңырақай тауының бір қапталындағы Қаражерін тауының маңында жоңғарлардың үлкен жасағы соғыс қимылдарын бастады. Бірақ ол күтпеген жерден қазақтардың шабуылына тап болды. Бұл жерде оларды Қарасай батырдың ұрпақтары қырып салды. 
Жоңғарлардың бір бөліктері Самсы өзені арқылы Қаракестек алқабы мен Жиренайғыр тауларына қарай шегінді. Қазақ жасақтары оларды сыртынан айналып өтті де, Төбет тауынан шегініп бара жатқан жоңғарларға тап беріп, масқара етіп жеңді. 
Аңырақай шайқасының нәтижесінде қазақ халқын есепсіз қайғы-қасіретке ұшыратып, қазақ жерлерін басып алған жоңғар әскерлерінің күл-талқаны шығып жеңілді.
Бұқар жырау толғауларының бірінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Серке Қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, шапырашты Наурызбай, Құдайменде Жібекбай, Сеңгірбай мен Шүйкебай, Таңсыққожа Малыт, Айнақұл Батый батырлардың есімдерін атаған. Бұлардың барлығы да қазақ әскерінің жүздіктері мен мыңдықтарын, ал Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбайлар түмендерді басқарған. 
Осы шайқастардың бел ортасында Дәулет, Қаумен, Бәйтелі, Жәпек секілді Қарасай батырдың батыр да батыл ұрпақтары жүрді. Аңырақай шайқасы қазақтың қазақ болып қалуындағы ұлы жеңісі болды! Міне, бала Кәшке осы тарихи жерлерді көріп, шайқас жайлы Бұқар жырау, Үмбетей ақындардың әйгілі жырларын, соғысқа қатысқан сарбаздардың әңгімелерін естіп өсті. Солар секілді ержүрек батыр болсам деп өз-өзін дайындай бастады. Әкесі мен батыр аға-бауырларымен бірге түрлі жиын, мәжілістерге қатысты.
Аға, бауырлары оны әскери өнерге баулыды. Мылтық атқызды, садақ тартқызды, аңға бірге алып шығатын болды. Кәшке жас күнінен құралайды көзге атқан мергендігімен және зеректігімен көзге түсті. Ат құлағында ойнаған бапкер, тақымды көкпаршы, әдіскер сайыскер, алымды балуан болып өсті. Әсіресе Шапырашты Наурызбай батыр мен Дәненұлы Сәмен батырдың қолында болып, көпті көрді, көп нәрсені үйренді. 
Сәмен батыр қазіргі Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір деген жерде дүниеге келген. Дулат – Ботбай, Ботбайдың ішінде Шағатай. Ол зор денелі, ірі кісі болыпты. Атқа мінгенде екі аяғы жер сызып жүретіндіктен өзіне лайықты ірі тұрпатты жылқы мінеді екен. Батырдың ерен ерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін, әскери қолбасшылығын көрген Төле би: «Атың Ботбай еліне ұран болсын, ұрпақтарың өзіңдей қыран болсын!» деп бата берген екен. Содан бері Ботбай елінің ұраны «Ботбай Сәмен!» болған. Әсіресе Аңырақай шайқасында Сәмен батыр соғыс өнерін жетік білетін қолбасшы, жекпе-жекте қаймықпайтын нағыз көзсіз батыр екенін көрсетті. 
Өжет те алғыр Кәшкені Сәмен батыр ерте танып, өзіне көмекші етіп, қайда жүрсе де қасына ертіп жүреді. Кейін түменбасы болып тұрған баһадүр шапырашты Наурызбай батырға апарып таныстырады. 
Алғашқы шайқастарда-ақ көзге түскен Кәшкені жастығына қарамай, онбасы, жүзбасы, кейін мыңбасы етіп тағайындайды. 
 
***
Кәшкені он беске қараған бозбала шағында әкесі мен ағалары алғаш рет алысқа алып шығады. Бұл үш жүздің игі жақсылары бас қосқан ұлан-асыр той еді. Атажұртына қайта қоныстанып, ата жауларын жеңгендерінің құрметіне алты Алашқа сауын айтып дүбірлеткен той өткізілді. 
Жазық далаға ұшы-қиыры жоқ киіз үйлер тігілді, жан-жақтан келіп жатқан қонақтарда шек жоқ. Күтіп алушылар қонақтарды дереу іліп алып, ауыл-ауыл болған үйлерге орналастырып жүр. Ел бір-бірімен сағына жылап көрісіп жатыр. Қуанып мәре-сәре болып, алтыбақан теуіп, арқан тартып, түрлі ойын-сауық құрып жүргендерде есеп жоқ. 
Той жұмадан-жұмаға созылды. Көптен көрмеген, қиын-қыстау күндері ажырап қалған ағайын бірін-бірі іздеп, табысып, мәре-сәре болып жатты. 
Бұқар жырау, Үмбетей, Қожаберген жыраулар бастаған ақын-жыршылар ұлы жеңіске жеткізгендерге өлең-жырларын арнады. 
Түменбасылар мыңбасы, жүзбасыларға жаудан түскен мал-жаннан бөліс беріп қайтарды. Бойдақ жігіттер мен батырларға жоңғардың әдемі қыздары ұсынылды. 
Екі көзі шоқтай жайнаған Кәшке бәріне таңдана қарайды.
Байтақ далада қайтып келе жатқанда Дәулет әкесі:
– Балам, біз Қарасай бабамыздан бері батырлық пен батылдық кетпеген киелі әулеттенбіз. Жаудан қайтпаған батыр болады. Ол үшін мың сан айлалы, әдіскер, шайқас жағын жете білетін, әділ шешім қабылдай алатын білгір болуың керек. Әне, тойда сен балуандармен күресіп, бесеуін жықтың, біреуінен жығылдың, әдісің жетпеді, бұғанаң қатып, сүйегің жетілмеді. Әлі-ақ талай са-   йыс-күреске қатысып, бас бәйгені алатын боласың, – деді. 
Ел-жұртын жоңғарлардан азат етілген өңірге көшіріп әкелген соң Қарасай батыр ұрпақтары үлкен ас берді. Сол астың үстінде әкесі Дәулет өзінің үзеңгілес, қарулас досы Ботбай Сәмен батырға Кәшкеге өкіл әке болыңыз деп қолқа салды. Бұрыннан жарасып жүретін Сәмен батыр мен Кәшке әкелі-баладай бірге жүрді, өрісі де, қонысы да қатар болды. «Жау келіп қалды!» десе шайқасқа бірге аттанды. 
Келер жылы Самарқандағы кіреші-керуендерден шеберлер шақыртып, Кәшкеге сауыт, бес қаруын жасатты. Олар келер жазда сәл үлкенірек демесеңіз Кәшкеге арналған бүкіл сауыт-сайманын, бес қаруын түгел әзірлеп әкелді. 
Шайқасқа шығатын және көкпар, аңға шығатын екі ертоқымды Іле бойындағы ершілерге жасатты. Ер жігіттің астындағы тұлпары да, ертоқымы да берік, мықты болуы керек. Он жетіге толар-толмаста Кәшке алғашқы шайқасқа қатысты. 
 
***
Абылай хан Кәшкеден алты жас үлкен еді. Кәшкенің қалған ғұмыры Абылайдың жанында, Абылайдың ақ туының астында өтті. 
Жоңғарияны жеңіп, 1743 жылы бейбіт келісімге келеді. Енді Цин империясы күшейіп, қытайлықтар қазақ жеріне қайта-қайта басып кіре берді, 1756, 1758, 1760 жылдары қытайлықтар шабуылы болды. 
Талас пен Ташкент аралығында көшіп-қонған Ұлы жүздің рулары Абылай ханның басшылығымен шығысқа жылжып, ұзақ әрі сәтті шайқастан кейін оларды Кіші Алатаудан асырып, өздерінің ертедегі мекенін иеленді. 1824 жылдан бері Ұлы жүз Ресейдің қарамағында саналғанымен қытайлықтар Іле өлкесіне 1840 жылға шейін салық жинау үшін әскерлерін жіберуін қоймады, ақыры олардың әскері Тереңөзек сайында шапыраштылардан масқара болып жеңіліп қайтты. 
Бұл жорықтарға қатысқан, алдымен жүзбасы, кейін мыңбасы болған Кәшке батыр арыстандай айбатты болып, қаһарланса қар жаудырардай өте ірі денелі, кесек бітімді, алғыр да өжет әрі әдісқой батыр атанды. 
 
***
Кәшке батыр қазақтың ата жауы жоңғарлардан кек алатын қолайлы сәтте соғыс жағдайын ерекше жақсы білетін батылдығымен аты шықты. 
1771 жылы Поволжьедегі қоныстанып қалған 30909 түтін немесе 180 мың қалмақ өздерінің атажұртына көшті. Көшті мыңдаған мұздай қаруланған жауынгерлер күзетіп, қоршап жүрді. Қазақ даласынан тез әрі білдірмей өтіп кетеміз деген дәмесінің рәсуасы шықты. Сан жылдаған қасірет-қайғы әкеліп, қаншама адамды қырғынға ұшыратқан ата жауына көкжал батырлар мен сарбаздар бүйірден бүйідей бүре түсті. Олар күтпеген жерден шабуыл жасап, көштің бір бөлігін бөлектеп, қырып тастап, қайта көрінбей кетіп жүрді. Әсіресе Кәшке бастаған қол жер жағдайын өте жақсы білгендіктен түнде шабуылға шығып жүрді. Әбден сілелері қатып шаршаған қалмақтар қалың ұйқыға кетті-ау дегенде есін жиғызбай ұрандап, қолға түскен қыз-келіншек, бала-шаға демей тұтқындап алып кетіп жатты. Қапырық жазда қалың шаңға көмілген ұбақ-шұбақ қалмақ көші әбден есеңгіреп, тек 11198 түтін ғана атақоныстарына әзер жетті. Бұл көш «Шаңды жорық» атанып, әзер аман жеткендерден бүгінгі қалмақтар тарады. 
Ал, тұтқынға түскен қыз-келіншектерді әйелдікке сарбаз, сардарлар бөліп алды. Бала-шаға, тұтқындарды ру-руға таратып берді. Олар сол руларға сіңіп қазақ болып кетті. 
Осындай ұлан-асыр шайқаста Сартұлы Қойгелді (1702-1795) батыр мен Кәшкедей ердің іс-қимылы елге аңыз болып тарады. Қойгелді батыр ағасының жанында Кәшке сан түрлі жорықтарға қатысты. 
Қойгелді Төле бидің тірі кезінде және ол өлгеннен кейін оңтүстіктегі қазақтың үш жүзін және қарақалпақ жұртын біріктіріп, олардан 30 мыңдық әскер жасақтап, азаттық үшін жаумен шайқасқа бастаған. Оның басқаруындағы осынау қаһарлы күш 1757-1758 жылдары Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларын, Қаратау, Алатау атырабын, Талас, Шу өңірін жоңғарлардан толық азат етіп, Абылай хан бастаған қалың қолмен бірге Жоңғар қақпасына жеңіс туын тіккен. 
Қазақта «Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген мәтел сол кездерде пайда болған. 
Кәшке батырдың айбыны асқан шайқастарының бірі – Жетісу өңірін қырғыздардан азат ету соғысы болды. Қырғыздар Жетісуды жаулап, сонау Шу, Таласқа дейін қоныстанып алған болатын. 
Абылай оңтүстік өлкелерде соғыс жүргізгенде жеті қаланы алып, Жизаққа дейін жетті. Әзірет, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары оған алым төлеп тұратын болды. 1774 жылы Абылай үйсін ақсақалдарының өтінішімен өзінің ұлы Әділді оларды басқаруға жібереді. Сөйтіп, Талас өзенінде қала салғызып, оған еңбекқор қарақалпақтарды орналастырған. Қалған ұлдарына орта және үлкен Ордалардан жер беріп, өзі Түркістанда тұрып қалады да, 1781 жылы дүниеден өтеді. 
Осы жеңістен кейін Кәшке батырды Қастек өзенінің бойындағы бекіністе мың сарбазымен шекарада ұстады. Қырғыздар осыдан кейін ғана Алатаудың теріскейіне – қазақ жеріне көз салуды біржола доғарды. Барымта-сырымта тыйылды, бері қарай аспайтын да, баспайтын да болды. 
Бекініске Кәшке батыр өзі жасатқан сексен құрсаулы, тоқсан баулы байрағын іліп қояды екен. Туды ешкім көтере алмайды, тек жау шапқанда Кәшке өзі көтеріп, Суықтөбенің үстіне шығып, «Қарасай! Қарасай! Қарасай!» деп айқайлап ұрандағанда талай майданда бірге болған мың сарбаз серігі шауып жетеді екен. Бұл туды кейін ұрпағы, ерлігімен даңқы шыққан Сұраншы батыр ұстаған. Сауыт-сайманын да Сұраншы батыр киіп, жауға қарсы шапқан. 
1913 жылы Верныйда өткен Романовтар әулетінің 300 жылдығы тойында Мақыш балуан Райымбекұлы Кәшке батырдың сауыт-сайманын киіп, айбалтасын ұстап суретке түскен. Бұл сурет Жамбыл музейінде ілулі тұр. Орыстар көрмеге қоямыз деп оларды Петерборға алып кеткен деседі.
 
***
Біздің елде бұрыннан біреудің әйелі ұл тапса «Е-е, Кәшкедей батыр туды дейсің бе?» дейтін мәтел бар. 
Бір байдың адамдары барымтадан қолға түсіп, Кәшке 500 бас қой көгендеп бересің деп кесім жасайды. Екі баласын жіберсе өңкей арық-тұрқ, қозы-тоқтыларын айдатып жіберіпті. Кәшке шарт ашуланып өзі әлгі байға келсе, ол сөзге ұста, ділмар екен. 
– Батыреке, аттан түсіп, сыбағаңызды жеңіз. Сіздей ірі адамға уақ жан үшін араласу кішілік емес пе! Кісілігің мол, даңқыңыз алты Алашқа кеткен хан Кәшке батыр деген атақ-даңқыңыз бар. «Оразаның отыз күнінен кейін айты болады. Барымтаның басы қатты, қырық күннен кейін қайтымы болады» деген емес пе? – дегенде Кәшке сөзге жығылып, малын қайтарып, барымташыларын босатып беріпті. 
 
***
«Кәшке хан болыпты», «Хан Кәшке» деп аталуы мынада: Қысқа жақын Абылай Әділ атты ұлын осы өңірді басқаруға жібермек болғанда ол ауырып Көкшетауда жүре алмай қалады. Одан қыраулы қыс түсіп кетеді. Сол кезде хан ақылдасып, Абылай Әділ келер жазға барғанша елді уақытша басқаруды Кәшке Дәулетұлына табыстайды. Әділ бір жылдан асқанда барып Жетісуға келгенше Кәшке ел-жұртты жұмылған жұдырықтай басқарып тұрады. 
Содан кейін-ақ үлкен мәжіліс, атақты адамдар бас қосқан алқалы жиындарға қатысты дауды шешіп, келелі ой айтар ел ағасы атанады. 
 
***
Тайторының Жарылғап атасынан Асан деген бірде Кәшкенің көктеуіне рұқсатсыз көшіп отырып алады. Кәшке жерді босатуын, оған өздері көшіп баратынын жөнінде айтып елші жібереді. 
Асан әлгі Кәшке жіберген адамға ай-шай жоқ бақан алып ұмтылып, қақ басынан құлаштап періп жібереді. Қамсыз отырған анау басы жарылып, аттан ауып түсіп, сол жерде өліп кетеді. 
Кәшке мұны естіп қаһарланып ердің құны – 40 түйе, 40 жылқы, 40 сиыр, 500 қой бір жұмада әкелмесе қанға қан деп елші жібереді. 
Асан елі сасып, бір түнде Текестегі Албан нағашыларына көшіп кетеді. Сонда жүріп Асанның елге сәлем айтқаны мынау екен:
Текесте көп өседі тал мен қайың,
Күн сайын еске аламын елдің жайын. 
Өлмеген күн көрісер деген сөз бар,
Көп ойлап жылай берем, апатайым.
Хан Кәшкенің назасына қалғаным-ай,
Қолыма долы құрық алғаным-ай.
Өксумен, сағынышпен өтіп жатыр,
Елімді көрсем деген арманым-ай...
Бұл ұзақ өлеңнен үзінді ғана. 
Асан балалары тек Тайторы Сәке болыстың арқасында 1903 жылы ғана еліне көшіп келді. 
***
Кәшке батыр 1803 жылы қайтыс болып, Есқожа бабасы жатқан жерге жерленген. Бұрынғы Сібір губернаторының нұсқауымен Жетісу жері, атақты адамдардың бейіт-қорымдары арнайы картаға түсірілген. Міне, сол арқылы «Ш.Кашка» деп көрсетілген бейіттен Кәшке батыр сүйегін алып, Мәскеу, Қазан қалаларында ДНК, ғылыми-зерттеу жүргізіліп, ол нақты Дәулетұлы Кәшке батыр екені анықталды. Бұл істе тарихшы-археолог Арнабай Нұржанов бастаған оқымыстылардың еңбегін ерекше атаған жөн. 
***
Ақындар Кәшке батыр ерлігін қалай жырлаған?
Кәшкенің әкесі Дәулет – Аңырақай шайқасында атышулы батырлардың бірі болып, жауын жапырып жіберетін «Қызылкөз» атанған. Жыр алыбы Жамбыл Кәшкенің батырлығын, мырзалығын былай жырлаған: 
Атасы жауға аттанып, 
Жауды көрсе шаттанып,
Ат құйрығын буады,
Елінің басын құрады.
Жауды шетінен қырады,
Батырлығын Кәшкенің,
Ел болып оны жырлады. 
 
Дәулетұлы Кәшкенің есімі жалпақ жұртқа жақсы мәлім, жасында ханның мыңбасысы болып, кейіннен Түрген – Есіктегі хан ордасында ел басқарып, билік жүргізеді. Оның Ыстамбек, Ақымбек атты екі баласы болған. Ыстамбектен Саурық батыр, Әйтей, Әбдіраман, Шідер, Жанай, Андас датқа туады. Ақымбектен – Тойшыбек, Сұраншы батыр, Шынасыл, Тәйтелі, Жантелі және Қаратай тарайды. Кәшке батырдың тоғыз құрсаулы, тоқсан баулы туы Сұраншының үйінде сақталыпты. 
 
***
Сарыбай бидің асына Әулиеатадан келген Майкөт ақын Жетісудың игі жақсыларына сәлем бергенде былай дейді: 
Ол жақтан Майкөт ақын қадам басты, 
Сіздермен сәтті күні саламдасты. 
Болғанда үш таңбалы тамғамыз бар.
Жүрмісің аман-есен, шапырашты. 
 
Кәшкенің, аманбысың, балалары,
Шынасыл, ауылы ортақ даналары.
Жүрмісің аман-есен күйлі-жайлы,
Көрмеген бұл Майкөттің ағалары. 
 
Кәшкенің аманбысың Шынасылы,
Ту алып, тұлпар мінген бір асылы.
Шамшырақ жеті атаңнан үзілмеген, 
Әр жерге созып жүрсің құлашыңды.
 
Жүрмісің аман-есен, Құдайберген,
Құдайға қылған ісің ұнай берген. 
Мырзабек, Кәшкеменен бірге туған,
Бұл нәубат нәсіп айдап сізге келген, – деп жырлаған. 
 
Сүйінбай өз уақтысында былай айтқан екен: 
 
Ей, Сарыбай, Сарыбай,
Сөзімнің түсін мәнін-ай.
Хан Кәшкенің ұрпағымен қағысып,
Қарамайсың әліңе-ай.
 
Жамбыл Құлмамбетпен айтысқанда:
 
Асықпай тыңда, Құлмамбет,
Беремін кезек нәубетті.
Онан бері асайын,
Төскейге қадам басайын,
Жоғарғы шеті Мырзабек,
Арғы атасы – ер Кәшке 
Қарадан шығып хан болған. 
Қылған ісі Әбілпейіске таң болған. 
Аруақты ер болған. 
Абыройлы ел болып,
Сондай-сондай жан болған. 
 
Төменгі шеттен айтайын,
Әлі менен Нұрабай,
Ер Кәшкенің тұқымы, – деп Кәшкенің батырлығын жырлаған. («Нәубет» – арабша – кезек, мұрша мағынасында).
Жамбыл «Сұраншы батыр» дастанында былай дейді: 
Шапырашты өз атам,
Ұлы жүзге туысқан. 
Өз әкесі Кәшке еді,
Арғы атасы Қарасай,
Бір жақыны – Саурық, Сұраншы,
Жауды көрсе шалады-ай. 
 
Қарасай мен Кәшкенің,
Кәрі аруағын шақырып,
Жігіттер құйды саумалын,
Тегенеден сапырып. 
 
***
«Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» демекші, Кәшке батырдың ұрпақтары арасынан елге құрметті атақты адамдар көп шыққан. Сұраншы, Саурық, Саурықұлы Сыпатай секілді батырлар, шапыраштының болысы болған Андас датқа есімдері елге аңыз болып тарап, ел-жұрты оларды әрдайым мақтанышпен еске алады. 
Кәшке батыр ұрпақтары арасында Социалистік Еңбек Ері атанған педагог Құдыс Әпсеметов, генерал Сләм Әпсеметов, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртілеу Бәкіров, еңбек ардагері Амангелді Дынбаев, «Казтрансгаз» акционерлік қоғамының президенті Қайрат Шәріпбаев, экономика ғылымының докторы Ержан Жатқанбаев, генерал Бекет Байғазиев, полковник Мақсат Асрарқұлов, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров және басқа да елге белгілі тұлғалар көп.
***
Иә, биыл елі мен жері үшін қалмақ-жоңғарлармен де, қоқандармен де, қытайлармен де, қырғыздармен де ғұмыр бойы шайқасқан Дәулетұлы Кәшкенің туғанына – 300 жыл толып отыр. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, батыр баба есімі мен ерлік ісін ұлтымыз ұлықтап, еліміз еске сақтай береді. 
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, 
жазушы.

Оқи отырыңыз