Алаштың Барлыбегі (поэма)

Алаштың Барлыбегі (поэма)
Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын
арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.
Әлихан  Бөкейхан.

І 

Бұлағай, бұлаң 
жылдардың бұзған өткелін,
Арыстарымды 
жасырған тарих, өткен күн...
Алаштың өлмес 
Аманатындай – Тектілер,
Тағдыры – тасқын.
Ақжауынындай көктемнің.
 
Бабалар жолы – 
Жетелеп асыл мұратқа,
Жеткізген олар, 
Көре алмай өткен бірақ та. 
Айналып тұрар 
ұршықтай дидар дүние,
Шындықтың ұшы 
байланып бір-бір сұраққа...
 
Қазақтың заңғар 
Зиялыларын, мұрасын,
Сақтаған жүз жыл, 
Сақтаған елім бір ғасыр.
Лапылдап жанған...
Көгінде сөнбес Күн болған,
Алаштың үні, 
Алаштың жыры – сырласым.
 
Қанымда ойнап, 
жүректе тулап дес бермей,
Ғаламат күш бар – 
шығатын басқа, төске өрлей.
Қынапта жатпас
Шын алмас қылыш жарқ етпей,
Ақ жүзің қайда,
Қалдым ба бір сәт ескермей?..
 
Мұқалмас қайрат. 
Өрлігім қайда сақталған?
Тамырым терең – 
Үйсінім, ғұн мен сақ бабам.
Өр рухым – биік,
Абыройы асқақ, айбынды!
Ұлы Даланың ұрпағы мықты!
Мақтанам!
 
Заманмен үндес,
Оятқан ұлттың намысын.
Жаныған жігер,
Биікке қойған ар ісін.
Алты Алашымның 
Арманы болған аяулы – 
Азаттық таңы,
Қазақтың бағы, армысың?!
 
ІІ
 
Алатаудың көз тартады шыңдары,
Биіктіктен бәрі де анық, шын бәрі.
Құз басына ұя салған сұңқар құс,
Балапанын қырандыққа шыңдады.
 
Жетісуым! 
Ұлылардың мекені – 
Баршаға аян жер киесі екені.
Барлыбектей ұл тудырған топырақ,
Бүгінгі ұрпақ саған тағзым етеді. 
 
Қарашоқы,
Қарашоқы аспаны!
Жазылғандай сенде өмірдің дастаны.
Бір кездері тұрдың ба сен жасқанып,
Кетті бүгін үлкен жолдар басталып.
Жыр төгілер ақ параққа жас тамып...
Сенен көрем Алатаудың асқарын,
Сенен көрем қайнар бұлақ бастауын,
Сенен көрем өнердің төл жастарын!
Тау қопарар екпінімен жас дарын,
Көздің жауын алар қымбат тастарың.
 
Керек емес,
Керек емес қазынасы басқаның! 
Сенде ғана Ай мекені – аспаны, 
Сенде ғана Күн мекені – аспаны,
Сенде ғана кемпірқосақ аспалы, 
Сенен тамыр алып өскен жас талым,
Сенде туып...
Өткен өмір қас қағым!  
 
...Тағдыр жайлы көп ойлана бастадым,
Қазір елеп-екшей алар жастамын.
«Тұңғыштарға» тиесілі көп дүние –
Жетегінде кете берер басқаның...
Бірде тұрар уысында басқаның,
Тіліп тастар осалын-ай таспаның...
Барлыбек те Алаш үшін бас тігіп,
Теңдік жолға арнаған-ды жас жанын. 
Бұрып айтар көп дүние астарын...
Ойлайтындар бар ғой әлі бас қамын,
Тағылады тауға да мін, тасқа мін,
Мен өзімше жүрекке наз тастадым...
Мұң шағады тілсіз қара тасқа кім?
Естілсе егер тыңдар едім...
Асқақ үн!
 
Қарашоқы,
Қарашоқы аспаны!
Жазылғандай сенде өмірдің дастаны...
Сырттанның
ұлы 
 
Сырттан 1881 жылы Верный қаласында бір жиналыста ақын Жамбылмен кездескен екен. Сонда Сырттанның батыл әрекеттеріне сүйсінген Жамбыл өзінің «Сырттанға» деген өлеңінде ол туралы былай деп жырлаған:
Қыдыралы, Құлшаннан
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жерді болжап күн шалған
Жүргеніңді ұққаным...
Сәкен ӨЗБЕКҰЛЫ.
 
Айналайын елімнен,
Айналайын ерімнен,
Жыр төгетін ақыны,
Намыс буған батыры,
Қорықпаған өлімнен.
Несібесі төгілген,
Күн күлетін көгімнен, 
Бақ кетпеген төрімнен!
 
Жамбыл ақын төккен жыр,
Ел ішіне тараған.
Бай-манапқа өктем жыр – 
Көңілге кім қараған?..
 
Ақын жүрек назды ұғар,
Батырды мәрт санаған:
«Сендей қазақ аз шығар
Үміт қылған баладан.
Екі балаң жетілсе
Құтыларсың жаладан».
Айтқан тілек серт білсе – 
Барлық бұйрық Алладан!
 
Қос баласы Сырттанның – 
Барлыбек пен Тұрлыбек.
Ұға білген жұрт жанын 
Теңдікке бет бұрды деп.
 
Қабыл болған батасы
Бүкіл Алаш еліне.
Ақынның бар арқасы...
Тартып туар тегіне.
 
Матай елі, Қаптағай –  
Ердің туын жықпаған.  
Сөз айтылмас мақтамай 
Берік, шектен шықпаған.
 
Ниет еткен шын сұрап,
Бүтіндігін жерінің.
Жауабы жоқ мың сұрақ – 
Көкейінде ерінің...
 
«Үміт еткен көзінің
нұры» болған баласы,
Балқожа би сөзінің 
Ұқсас ойлар арасы...
 
Сырттан батыр үмітін,
Қос қыраны ақтаған. 
Білім қуып күні-түн
Бір де тыным таппаған.
 
Ел қағажу көргенде,
Пана болған үнемі.
Пасықтардың өр кеуде 
Жойылғанын тіледі...
 
Тұрлыбектің талабы
Талай сеңді бұзатын. 
Барлыбектің қаламы
Ойлы өрнек сызатын.
 
Дана шыққан кемеңгер,
Қазағымнан қаншама.
Келешекке елеңдер
Азаттықты аңсаған. 
 
ІІІ
 
Жеткізбек 
Болашаққа қарымта үнін,
Өткізген ой-толғақпен жарым түнін.
Елінің бүтіндігін аңсағанда – 
Жанынан қашатұғын сабыр, тыным.
 
«Тоз-тоз боп кетпесе екен халқым азып»...
Күрсінер шара таппай жан құлазып.
Саяси бостандыққа қол жеткізер –  
Мақсатты құжат жазды Алтын қазық.
 
Бодандық – жан мұздатып, құйындайды,  
Жер кетсе, жағдай – мүшкіл, қиындайды... 
Ата Заң бұйырмаса еншісіне –  
Елге де тәуелсіздік бұйырмайды! 
 
Қазақтың өшпес арман, мұраты мың,
Намысы бір ауылдың, бір аттының. 
Әуелі тілдің жайын талап етті – 
Қазақы болмысты ұстап тұратұғын.
 
Елдікті,  биік қойды еркіндікті, 
Бірікті азаматтар, ер – кіл мықты.
Бағзыдан кие тұтқан ұғым есте – 
Қастерлеп өткен бабам жеркіндікті. 
 
Білімнің халық үшін – көп керегі, 
Қазаққа бұл да қиын өткел еді.
Шорманның Сәдуақасы* сенген жас ол – 
Көп жылын Петерборда өткереді.
 
* «Біздің қазақ жастарынан жоғары оқу орындарында 30 бала оқиды. Оның ішінде Барлыбек Сырттанов деген бала Петербургте жүр. Көзіңіздің қырын салсаңыз».
(Сәдуақас Шормановтың Григорий Потанинге жазған хатынан, 1887 жыл).
 
 
Әділдік қайда қазір жоқтатпаған, 
Билердің соты ешкімді соттатпаған.
«Ақты ақ деп бағалаған» қайран заман –  
Беймезгіл қайран уақыт оқ атпаған...
 
Ештеңе өнбейді ғой өкінгенмен,
Барлыбек қысастықтың өтінде өлген.
«Бостандық, ең әуелі – бостандық» деп,
Азамат құқығына кепіл берген.
 
Өз тегін мақтан еткен, қазақтығын, 
Түбі бір атады деп ғажап күнін.
Арманы Барлыбектің орындалды,
Алғанда 
Қазақ елі азаттығын! 
 
 
ІV
 
«Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады».
«Қазақ елінің Уставы», Барлыбек Сырттанов
 
 
«Ол кезде Б. Сырттанов тарихта қаламын деп мүлдем ойламаған болар. Жүрегінде халқына деген сүйіспеншілігі бар басқа қазақ зиялылары сияқты Барлыбек те қазақ халқын тәуелсіз мемлекеттердің санатынан көруді көксеген еді. Жоғарыда айтылған «Қазақ елінің Уставын» тәуелсіздікті құжат күйінде жариялаған болашақ қазақ мемлекетінің негізгі заңының жобасы деп қабылдауымыз тиіс. Оның мазмұнына мұқият талдау жасап қарасақ, әрбір бабы сол заманның талабымен ғана шектелетін құжат емес, керісінше, ол осы күнгі тәуелсіз, құқықтық мемлекет құруға бет бұрған Қазақстан Республикасының күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге өзінің жауабын беріп тұрған сияқты. Бұл – нағыз көрегендіктің белгісі».
«Арыстары Алаштың» тарихи очерктер, Алматы, «Жеті жарғы», 1998 ж. 
 
Ұлтын сүйген ұлтшыл емес. 
Ұлылар!
Рухы мықты, рухы күшті!
Ұлы нар!
Жүрегіне Алаш жұртын сыйдырған – 
Қазағымның Барлыбектей ұлы бар!  
Ғасыр үні тарихымнан сыр ұғар...
 
Азаттық пен теңдік еді – арманы, 
Бар ғұмырын елдік жолға арнады.
Алға қарай батыл қадам жасатты,
Білім жолда тәуекелге барғаны.
Санасында – Әділдік пен Ар қамы...
 
Арыстарым,
Арыстарым, айбынды!
Бөліскен Ер қасірет пен қайғымды. 
Әлиханның, Ахметтің Ұлы ісі – 
Қазағыма әпергендей Ай-Күнді!
 
Жалғыз ғана ой,
Бір ғана арман – Азаттық!
«Оян, қазақ!» –
Намыс отын маздатты ұқ.
Арыстарды білместікпен жау көріп...  
Үлкен жолдың тасасынан тас аттық!
 
Қиын сәтте бірін-бірі қолдаған,
Соңғы сөзін хабар айтып жолдаған.
Өткен жылдар қара бұлты торлаған,
Істер қанша азаптаған, қорлаған?
Бәрінен де ауыр тиді сол маған... 
 
Қазақ жасы жансын, лапылдасын деп... 
Заманында терең білім алсын деп. 
Сенім артты келешекке кемеңгер,
Ғұмыр – бәйге.
Алыстарға барсын деп...
 
Рухы мықты, тегеурінді жігермен,
Шыққан шыңның биіктеуін тілер ем...
Талай жасқа қамқорлығын* танытып,
«Білім теңіз кемелерін» жіберген.
 
*«Барлыбек Сырттанов Мұхаметжан Тынышбаевты оқуға аттандыру сәтінде: «Жолың болсын, балақай! Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының көбеюі өте қажет. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Қараңғы қазақтың күні қараң, осыны зердеңде сақтап жүр», – деп өсиетін айтады. 
(«Арыстары  Алаштың» тарихи очерктер, Алматы, «Жеті жарғы», 1998 ж.)
 
Талай күндер баз кештірген талай жыл, 
Халық жауы атандырған қалай бұл?
Қанша уақыт ұмыт болып кеткенмен, 
Ей, болашақ, өткеніңе қарай жүр!
Ғасырлардың толқынында арай жүр... 
 
Жазған сөзі – іргетасы Теңдіктің,
Айтқан ойы – шын үлгісі кеңдіктің.
Алашыңның азаттығын сен де ұқтың,
Алашымның азаттығын мен де ұқтым...
 
 
Қайнардағы
«қайнар бұлақ»
 
«...құмдағы Қайнар мешіті, әлемдік әдебиеттің асыл қоймасы болып шыққан.».
Тәңірберген Қалилаханов,
өлкетанушы.
 
«...Ілиястың төңірегіндегі соншама қымбатты табылмайтын кітаптарды көріп, қайран қалып тұрмын. Орыстың және батыстың атақты классиктері мен кімдердің ғана шығармалары жоқ дейсіз бұл кітаптардың арасында...»
Мәрзия Ильдарованың
естелігінен. 
 
Жабықтырмай жалт етеді жалын мұң, 
Өшпесін деп үмітіме жалындым...
 
Тамып кетер жұлдыздарға құмармын,
Жерде жүріп, ғарыш тілін ұғармын. 
 
Тану үшін мына әлемді, ғаламды – 
Білімділер әр заманда таланды...
 
Бір-бір соқпақ жолдар қалды, із қалды,
Өтті бәрі. Жүректерде сыз қалды. 
 
Бір қуаныш бір қайғымен ұштасқан, 
Ауылдағы өзгеше еді түскі аспан...
 
Қайнардағы мешіт тасын мүк басқан,
Бір жас ақын мекен еткен шықпастан.
 
Қазынаға бас қояды еміне,
Сезген жүрек: пайдасы бар еліне.
 
Бар дүние алақанда тұрған ба?.. 
Зерек көңіл өнерге ықылас бұрғанда. 
 
Шабыттанса жыр төгілер мөлдіреп,
Кім айтады Құлагерді өлді деп:
«Алқынамын, басылмайды арыным, 
Тау селінде екпін қайрат, сарыным».
 
Тасқын келіп қосылғандай тасқынға,
Байқалмайтын асылы бар тастың да...
 
Қайнардағы «қайнар бұлақ» жарқырап, 
Қосылады жеті өзенге арқырап...
 
Кітаптары Барлыбектің жинаған – 
Болашаққа қаншама азық сыйлаған.
 
Тасып жатыр, тасып жатыр ырысы,
Ұлы жолда оңға басар бір ісі.
 
Жер түбінен дорбасымен арқалап, 
Ілім жию – үлкен мақсат, бар талап.
 
Жүректерге құйды жиған-тергенін,
Қайтарғандай Жаратқанның бергенін...
 
Әлі талай айтылар шын аңыздар – 
Көк сандыққа бүгінгі ұрпақ қарыздар!..
 
Қайнар кеші. Күй төккендей домбыра...
Қолжазбалар – нағыз құнды мол мұра.
 
...Мешіт ішін нұрландырған бір арай,
Өткен күннен белгі беріп тұрар Ай.
 
Жалғасады ғасыр көші тоқтамай,
Ел ерлерін өткен емес жоқтамай...
 
Мәңгі өшпейтін шырақ көрем Қайнардан,
Қос қанатты пырақ көрем Қайнардан.
 
Жаны арайлы Ерді көрем Мәңгілік!
Таңы арайлы Елді көрем Мәңгілік!
 
  V
 
«...Е-е-е балам-ай, өткен заманның салқыны біздің әулетке өте қатты тиді. Бір күні Еркежан әжем екеуміз Сүттегеннің арғы жағындағы Ақсу ауылына қонаққа барып, үйге келсек, қара киім киген әлгілер тағы да келіп, үй ішін тінтіп жүр екен.»
(Барлыбектің немересі Мүгілсім апаның әңгімесінен)
 
Көз ашпаған жазғырудан, айыптан,
Далам бүгін дертті күннен айыққан.
Бүкіл Қапал, Қарашоқы сыр төгер,
Қара тасқа тіл бітсе егер ғайыптан...
 
Күй төгілер жеті өзенім құласа,
Жыр төгілер Тамшыбұлақ жыласа,
Әр тамшысы тарих шерін толқытар,
Судың тілін Сүлеймен боп сұраса...
 
Туған елде, туған жерде ізгі арман,
Барлыбектің жастығынан із қалған...
Шын ғашықтық ертегі емес, шынайы – 
Тау бөктерлеп ерке қызға жүз барған...
 
Қалар есте бойжеткен-бозбалалық,
Адал жардың бойы тұнған даналық.
Азаматтың асыл басын ардақтар,   
«Жазылмаған заңды» ұғар далалық.
 
Бүкіл қазақ сахарасын аралап,
Кезіп жүр ме жалғыз кие, дара бақ?..
Қазір уақыт басқаша тіл қатады,
Кеткенменен жан жүректі жаралап.
 
Елі безген сәттер болған ерінен,
Ұрпақ безген сәттер болған тегінен.
Жерге көміп Барлыбектің мұрасын,
Сақтап қалған. 
Үнсіз іштей егілген...
 
Секем алар ақшам уақыт, іңірден,
Сатқындар көп.
Бәйгеге бас тігілген. 
Ел-жұртының, сосын жардың арқасы – 
Ер Барлыбек өлмей, қайта тірілген...
 
Ер өлмеген. 
Бүтін қазақ өлмеген,
Азабы жоқ бұл жалғанда көрмеген...
Бәрін жойып, жоғалтқанмен, жасырып,
Ердің рухын, 
Елдің рухын көмбеген!
 
Гүлбақыт ҚАСЕН.

Оқи отырыңыз