Тәуелсіздіктану

Еуразия құрлығын мыңдаған жылдықтар мұғдарында тұлпарларының тұяғымен өрнектеген даңқты бабаларымыз кәрі тарих доңғалағының бірер ғасырлық безбенінде ғана амалсыз мүдіргенін енді бажайлап жатырмыз. Кенесары ханның басы алынғанша етегіміздің ашылып, намысымыздың басылмағандығы және хақ. Желтоқсан ызғарында қыршын жастарымыздың жанкештілікпен Азаттық әнін шырқап, алқызыл жүректерін ақша қарға жайып тастауы – бодандық бұғауының бытырлай үзілгендігі еді білгенге! Ұғарымыз – Қазақ тарихында қазақ ұялатындай (Елбасы) ешнәрсе жоқ. Құйын ойнаған құба жонда мың түлей жүріп, ылдидан шауып өрге озған Ұлы Даланың көк сүңгі оғландары періште пейіл, сұңғыла зейінімен төрт құбыласын тең ұстаған. Асқақтағанды алдыртып, талтақтағанды талдыртып, танымасты тағдырдың дегеніне иілткен. Сондықтан-ау, Тұңғыш Президентіміз Қазақ хандығының мерейтойы үстінде: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды»  деп атап өтті. Өткенімізді өршелене өшіріп бағушылар өршіген дәл осы кезеңде аталмыш лебіздің, әсіресе Алтын Ордаға тән тұсы тоқ етер тұжырым еді. Сол әлемге әңгіме айтып, өркениет өрістеткен Алтын Ордамыздың алтын құрсағына үңіліп көріңізші тағы бір.

Әдепкіде іргелі көршінің өңешінен өтіп кетуге шақ қалған өзінің айналасындағы руластарының басын біріктіріп, тағдырдың күресінінде қалып қалмауды көздеген Темірші (Шыңғыс қаған) туған жұртының айрықша алқауымен түгел түріктің – киіз туырлықтылардың баршасын бауырына тартуға бел буды. Байырғы түрік қағандарындай өзін Тәңірдің жердегі тікелей өкілі сезінген ол Қытай мен Сібір жұртшылығын, Мәуренақырды бағындырып, Еуропаның шығысындағы елдерге еркін жетті. 
Осылайша Шығыс пен Батыстың арасына алтын көпір салып, айтулы мәдениеттерді ұштастырды. Әскери-азаматтық, демократиялық арнада дамыған өзіне дейінгі түркілік жүйені жалаулата таратты. Кейінгі Еуропа ренессансының негізін қалады. Жойқын пассионарлық күш Алтын Ордадай алып мемлекетке алып келді. Еуразия кеңістігі бір жүйеге, темірдей тәртіпке бағынды. Елшілер мен саудагерлер емін-еркін қарым-қатынасқа көшті. Шығыс Түркістан, Қытай, Орта Азия, Таяу Шығыс, Мысырмен сауда жолға қойылды. Теріскей Кавказ, Еділ бойы қалалары жамырай өмірге келді. Бейбіт тіршілік орнады.  Өнегелі іс жайылды, адамзаттың тарихында жаңа дәуір бел алды.  Осынау жалаулы жасампаздықтың жарқылындай – алтын босағалы, ақ ордалы Қазақ Елінің (Алтын Орданың тікелей  мұрагері) дәл қазір жаһан төріне төтелей жол салуы неткен табиғи, соншалық тәлейлі ғибрат, зор бақыт!
Ауызы дуалы, түбі түркілік Лев Гумилев кезінде: «Таяу уақытта қазақ елінде күшті серпіліс, пассионарлық дүмпу жүреді. Сол дүмпудің нәтижесінде қоғамды алға сүрейтін тұлғалар туады. Және ол тұлға алдына үлкен мақсат қойып күреседі және соған қол жеткізеді» демеп пе еді. Сәуегей-ақ екен. Ата тарихтың қайталанғандығы демей көріңіз енді. Айтқаны Айдай келіп, Жаратушының жарылқауымен Азаттық арайымен қауышып, маңдайын Күн сүйген Нұрсұлтан Әбішұлындай марқасқамыздың соңынан Ту көтере жарқылдамап па  едік. Бағаналы орда, басты ордадан берілер Жарғы атаулыға, ханы сөйлегенде қарасын көбейте түсер текті атаның ұрпағындай, жаппай ден қойғандығымызды қалайша ұмытармыз! Бірдің бойындағы жанартау леп баршамызды шарпып, пассионарлық пәрмен бостан бейнемізді ширек ғасырдан асыра  шырайландырып келсе, Ақ әлемнің алдында мерейіңнің асқаны емей, арғы аруақтар қолдады демей, немене?!
Білектілердің аламанына айналған мынау алмағайып дүниеде жүректілердің ғана дараланып қалары бар. Ішімізден жаралсақ, туабітті табиғатымыздан нәр алсақ дейміз ғой тағы да. Тәуелсіздіктану деген асыл сезім, қасиетті парыз дәл осы арадан шеру тартады. Тәуелсіздіктану – қасиетті  елің мен жеріңнің, ұлттық тарих дәргейінде мәңгілік  қалған  айтулы  перзенттеріңнің шежіресіне үңілу. Алдымен өзіңді өзің тану. Соны санаңа сіңіру. Міне, осы сара жолмен қоғамдық сананың бұлтартпас негізі – тарихи сана қалыптасады. Ұлттық сана дегеніңіздің өзі осы! Саналы ұлт қана паналы, кез келген тіршілік кедергісіне мүдірмей, жат ниетті сыртқы күштерге тойтарыс бере алмақ! Басындағы бағының қадіріне жетіп, төл тарихи жасампаздығын одан әрі жалаулатпақ. Абатты мемлекеттің рахатты шағын орната алатын қабілетті күйге жетпек, алаулы күшке айналмақ.
Бұл ғасырда да жер-жаһанда өркениеттер мен мемлекеттер, идеологиялар қақтығысы одан әрмен өрши түсуде. Қарсы жақтың мысын басу жолында небір құйтырқы амал-әрекеттер түзіліп, пайдаланылу үстінде. Соның ең бастысы – қарсы жақтың тарихи жадын тәрк ету, сөйтіп моральдық-адамгершілік, халықтық қалпын барынша солғындату. Тарихи жады жұтаған халықтың қара тобырға айналып, сүйрегеннің қолында, айдағанның алдында кете бармағы бар. Кеңірдегіңе қол салынды, келешегің үзілді дегенің де сол. Міне, сондықтан да Елбасымыз қоғамдық сананы жаңғыртуға айқара есік ашып және оның басты тегершіктерінің бірі ретінде өркениеттік латын қарпіне өту жолын заңдастырып қойды. Түбегейлі  жүйеленіп берілген осынау озық дүниені санамызға сіңіріп, жүрегімізге ұялата алмасақ енді бізге Серт, ағайын! Тәуелсіздік танудың да түп  бастауы, яки тарихи сананың жаңғыруы дәл осында жатыр! Мемлекеттің алтын діңі мен басты тұғыры да осы! Кешегі кердең жүйеден қалған керітартпа қағидалар мен аумалы-төкпелі ұстанымдардан түбегейлі арылудың басты баспалдағы да осында деп білгейсіз!
Бабалар аманатына айрықша адалдық таныта білген Елбасымыз елдік мүддеміз бен ұлттық мақсатымызды жария түйсіндіріп,  біртұтас ұлт бейнесінде ұйыса білгенде ғана мирас мұраларымыз бойымызға да, ойымызға күш-қуат құярын саясат тайқазанында құрыштай шыныға жүріп арда қалпында дәйектеді. Мұны енді жас-жасамысымыз жараса Мәңгілік Ел атанудың темірқазық мұраты деп ұға алсақ қана ұтарымыздың еселене түсері қаперімізден кетпегей! 
Кешегі әлемді әлдилеген көк түріктер қара шаңырағының иесі – Қазақ Елінің Тәуелсіздік Көкбайрағына тағдырымыздың түбегейлі байланып тұрғандығын әсте естен шығармасақ дейміз! Мың тағзым Тәуелсіздікке! Төбемізде көк Аспан, құшағымызда Қара Жер тұрғанда – Шырағың сөнбегей!

 

Әміре ӘРІН.

Оқи отырыңыз