Нұрмағамбет - Бауыржан Шолақ - менің атым...

Нұрмағамбет - Бауыржан Шолақ - менің атым...

Жұмыр басты пенде болған соң ғұмыр бойы жастық көктем мен махаббат, парасат періштесі қанатының астына алып, аялап, аяулы арманды әспеттеп өтеді. Қазақтың белгілі қаламгері Аян-Сейітхан Нысаналин «Ғашықнаме» кітабын жазып, аяқтау үстінде. Онда лиро-эпос жырлары мен халық ән-күйлеріндегі ғашықтар, Балуан Шолақтың Ғалияға, Абайдың Тоғжанға, Ілиястың Патимаға, Сәкеннің Галинаға, Қасымның Сақыпжамалға сәулелі сүйіспеншілігі сезім қылын тербеп, сыр шертеді. Бүгін сол қолжазбадан үзінді ұсынып отырмыз.

Таң толқыды.
Жан толқыды.
Дән толқыды.
Ботаның жанарындай жәудіреп, кішкентай көзайым көлшіктер мен қарағай-аққайың аралас шоқ тоғайлар артта қалды. Біздің сапар Жер шоқтығынан Атбасар, Қараөткел жағына ойысты. Бұл Балуан Шолақ /Нұрмағамбет/ әнімен де, сәнімен де, оңынан да, соңынан да көп аралаған өлке. Ол бізге ақиқат пен аңыздан келген адам. Бұл жақтағы кішігірім оқиғалардың бәрі соның есімімен байланысты.
Арқада астық ойсаң өсіпті. Аңызақ астында аптапта кенезе кеуіп, аңқа қаталап, теңіздей толқыған егінжайды араламасқа шара жоқ. Мейіздей қатқан сары дала үстін армансыз шарлап жүрміз. Теріскейдің қисапсыз жұлдыздары самсап төгіле жаздап тұр. Түн ауа тұз-дәм жазып, бейуақта Жаңадала ауатком төрағасының үйіне соғуға тура келді. Құдайы қонақ қойдан жуас. Ат басы іркілді. Көліктен түскенде байқағанымыз «ғимарат қазынанікі болғанымен қожасы шаруақор екен» деген ой түйгізеді. Іштен аяғын апыл-тапыл басып тұлымшағы желбіреген қаршадай қыз бала жүгіріп шығып, атасына жармасты. Келгендерді де онша жатырқаған жоқ.
– Ауқат жейміз, – деп қояды ара-арасында былдырап. 
«Дәу де болса «техас» тілімен сөйлеп тұр ғой» деймін мен іштей сәуегейсіп. Аялдаған үйіміз – Балуан Шолақ ұрпақтарының бірінікі болып шықты. Түлкібастан келін түсіріп, немерелері жаз бойы сонда болады екен. Жайылған көл-көсір дастарқаннан сыпайы ауыз тиіп, біртүрлі ас батпай, сол сықиған күйі қайысып қала берді. Көңіл қатты толқыды. Түн ортасынан ауғанда халық арасында аты аңызға айналған адам аруағымен және ұшырасқандай сәттер ұшқындап есімін тағы еске аламыз ғой деген жай үш ұйықтаса кімнің ойына келеді? Құс төсекте қайта-қайта дөңбекшіп кірпігім ұзақ айқаспады. Оның бекзат бейнесін саф алтындай сомдаған Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» хикаятын жастана жатып, шұқшия оқып шыққаным ойға оралды. Беймаза күй кешіп жатырмын. Ән әуелеп, қытықтап әуен әлдилейді. «Айым да сен», «Күнім де сен». Махаббаттың ғажап әні «Ғалия» әнінің мақамы сызылып байыз таптырмай, көкейде шамшырақтай болып нұр сәуле жағып, сиқырлы сәуледей тұрып алды. Алғаш рет Ғалиямен кездескенде қасындағы Қажымұқан қомсынғандай ниет білдіргенде Балуан: «Ей, сен менің көзіммен неге қарамайсың?» – деп інісіне ызбарланыпты деседі. Мүмкін. Ғашықтық не дегізбейді?!
Жарықтық Балуан Шолақ! Алаштың асыл азаматы 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы жалаугерінің бірі болды. Оның аты әспеттеліп, абырой-атағы асқақтап, арада қанша уақыт өтсе де алтын Арқа, Көкшетау, Ертіс өңіріне кең жайылып, Жетісу мен Қаратауға жетіп, түгел кең-байтақ Қазақстанын қамтып жатыр. Алыста болса да ой оты ешқашан өшпейді. Бір отбасында 14 баланың ең кенжесі болып дүниеге келіп, тұрмыстық таршылық тауқыметі қанша қыспаққа алғанмен теке-тіресіп, тарықпай өте өжет еркебұлан өсті. Уызынан жарып, қасиетті өнер дарып, қаршадайынан құс салып, ит жүгіртті, қанына сіңген атқұмарлық пен аңқұмарлық ән-күйге деген қатты құштарлығын тартып мінгеннен бірте-бірте түз түлегіндей қалыптасып, ит мініп, ирек қамшыламай үлкен өмір мен өнер жолына жүрек түгімен шығып, зор мектептен өтті. Арқаның сұлу саз, әсем әні жас қиялына қанат бітіріп, үйрену баспалдақтарынан өткізді. Егер қатардағы иісалмас біреу болып өскенде оған деген өшпенділік өрісі тарылар ма еді? Бірақ әйгілі әнші балуан ғажап қайрат – күшінің құдіреті тарының тар қауызына сыйдырмады. Шынжыр балақ, шұбар төс өкілдері шыжбалақтап, отырса опақ, тұрса сопақ етіп, қайда жүрсе де қыр соңынан құлағанша қалмай ізіне шырақ алып түсті. О заманда бұ заман, тотықұсты тар қапасқа қамап, күн мен гүлге ынтызар бұлбұл бағын байлай ма? Зұлымдықтан запыс болып, ақыры Арқаға симай болмаған соң күрделі кесек мінезді Балуан Шолақ /Нұрмағамбет/ асқақ азаматтық пен азаттық аңсап, ауыл арасындағы әжік-күжік әңгімені тәрк етіп, Алатау асты. Бәлкім, аңсары сонша ауып, сағыныш сарытап болып асқынып барғанда атажұрты өмірге деген өксігін басар. Бұл қырықтың үстіндегі жүрек жұтқан жанның қажыр-қайратын қамшылап, жасымас жігерін қайрап, құйысқанын көтерді. Артында – Арқа, алдында – Алатау. Балуан Шолақты осы сапарында алдынан шығып, қозыкөш жерден қарсы алған топтың ішіндегі жас пері Кенен Әзірбаев көптеген туындыларын қасында ілесіп жүріп үйреніп, кейіннен музыка зерттеуші Ерзаковичке жаздырды.
Академик Ахмет Жұбанов Нұрмағамбет Баймырза баласының сал-серілік өнерін аса жоғары бағалап, «Астында ақбоз аты, басында үкілі пұшпақ бөркі бар, топтың алдында Шолақтың өзі келеді. Тобында домбырашы, әнші, жыршы, ойыншы, балуан бар... Хан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сәмбет деген руы болды. Сол Сәмбет ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы Шолақ туды. Оның азан айтып қойған аты – Нұрмағамбет». Саз саңлағы өз зерттеуінде оның мол мұра, асыл қазынасын «Ғалия», «Сентябрь», «Талды көл», «Ащылы Айрық», «Қос перне», «Кенжеқоңыр», «Құланкісінес», «Дікілдек», «Ыңғайтөк», «Желдірме», «Қос алқа», «Қос барабан», «Көкшетау», «Сарын», «Сұрша қыз», «Қызыл асық» және басқа да тамаша туындылары қазақ ән қорын байытып қана қоймай, тұңғыш мәрте ел арасында хор өнерін кеңінен насихаттап, барынша етек жайғызғанын баяндайды. Сонымен бірге, Ғалияның махаббаттың ғажап әнін туғызуға әсер еткенін де айта кетеді. Тіпті, алыптар тобының бір алтын діңгегі, ғаламат жазушы Сәбит Мұқанов та баршасын місе тұтпай, ай-шайға қарамай өз кейіпкерін аңыздан аршып алып, басқа кесек қырынан танытады. «Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап, үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай» ойнайды, зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесінен оқ өтпейді, қылыш кеспейді, ағаш үйдің қабырғасын басымен сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп өтеді, жүгіргенде жәбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып киінеді, қыздың қалың малына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе де «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық».
Сондай сегіз қырлы, бір сырлы алып адамның таң тәңіриясындай нәзік Ғалияға құлай берілуі тілмен жеткізе алмайтын асқынған дерт. Бұндай сезімді түсіндіріп беруге болмайды.
Мінезі ашық болса да ерке, қылығы қызық, жаратылысы жайсаң, сүйіспеншіліктің сұлу сүйрігіндей болған жауқазын жан Ғалия жазушы-тарихшы Б. Қойшыбаевтың айтуынша «Астанадағы мұсылмандардың ескі қорымындағы құлпытаста: «1922 жылы 23 апрельде... Ғалия Ғалымжанқызы Тілеу 48 жасында фәниден бақилыққа» аттанады деп жазылғандай, 1874 жылы туылған ол ісімен де, күшімен де, әнімен де, сәнімен де туған жұртын тәнті еткен тұлғамен 20-дан асқан шағында кездесіп, ХІХ ғасырдың аяғына таман Мәжнүн мен Ләйләнің күйін кешеді. Өмір увертюрасы мен реквиемі соған меңзейді.
Елі мен халқынан айналайын! Ешкімге қолынан келсе маңдайынан шерткізбей, төбесінен жай беріп, үстінен құс ұшырған жоқ. Мал-жанын да, барын да аямай қадірлеп, аялап күтті. Нұрмағамбет әндері мен жырлары ұзынқұлақтан бұрын жетіп, жүрек жылытып, құлақ құрышын қандыратын. Олардағы ұлттық нақыш пен қанық бояулар сүйсіндірді.
Жасымнан мен жақсыға жақын жүрмін,
Дария шалқар көлдей тасып жүрмін.
Мол күштің тәңірім берген арқасында,
Дұшпанды жүндей төпеп басып жүрмін.

Нұрмағамбет – Балуан Шолақ менің атым,
Бар елге мағлұм болған асыл затым.
Нағашым Жалпақ Қанай деп атайды,
Болады ұлы жүздік арғы затым.
Азамат пен ақын жаратылысы бір өлеңге сыйып жарасып тұрғандай! Ән-жырдың біртұтас әлеміндегі Балуан Шолақтың тау тақілеттес тұлғасы бірте-бірте ашыла түсетіндей.
Ел махаббаты қаншама ұшан-теңіз болғанымен ол Сарыарқаны кәдімгідей сағынды. Көз алдына Ғалияның ерке жарасымды қылығы келеді. «Кәдімгі Сәбит Мұқановша айтқанда, оны мәңгі ұмыту мүмкін емес. «Білектері адамның санындай, саусақтары білектей, екі иығына екі кісі мінгендей, сөйлеген сөзі арыстанның күрілдегені сияқты» мойны бұрылмайды, қараған жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жұқ көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны әрең қанады».
Содан бері қанша таң атып, қанша күн батты. Сан мәрте  көктем келді, жарқырап жаз шықты, кіреукеленіп күз кетті, қылышын сүйретіп қыс түсті. Өмір өзені  өрекпіп алға қарай аға береді екен. 
Қазақта қанша ән-күй бар? Қисапсыз, кім санап шығыпты? Ұшан-теңіз сол рухы бай қазына жөнді игеріліп жүр ме? Ұрпақтар тәлім-тәрбиесі мен өнер-үлгісіне лайық кеңінен барынша пайдаланып кәдеге жаратып отырмыз ба? Арқа мен Алатау, Алтай мен Атырау арасында еліміздің әр қиырынан тастүлектей түлеп ұшқан туындылар құстар қанатымен, арғымақтар үстінде асау желмен жарысып қалқып ұшты. Біржансал мен Ақансері, Мұхит пен Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ, Естай мен Әсет, Иманжүсіп пен Мәди, Пышан мен Кенендер дауысы Ұлы дала аспаны астында қыран болып қалқып, шалқар болып сайрап, қайрат-жігерді қайрап, аспандағы аққуға ән қосып, тамсанып құйқылжытты. Олар шетінен сен тұр, мен атайын болатын. Солардың ішінен алып күш иесі балуан, арқалы ақын, жезтаңдай әйгілі әнші, ат құлағында ойнайтын хас шабандоз Нұрмағамбет Баймырза баласының да жұлдызы жарқырап шықты. Елі еркелетіп Балуан Шолақ атандырып, алтын асығы алшысынан тұрды.
Ресми деректерде ол бұдан 150 жыл бұрын тышқан жылы туып, 1919 жылы қой жылында қайтыс болды делінеді. Арғы ата-бабаларының зәузақоры былай болып таратылады: «Бәйдібек-Дулат-Шымыр-Бекболат-Қарымбек-Қырықсары-Жүсіп-Жүнбас-Жиенбай-Таңбай-Қырырәлі-Өте-Есентай-Қазанғап-Жарықшақ-Баймырза- Нұрмағамбет». Балуан Шолақ атаның емес, адамның баласы болды. Егер оның 4-атасы бала кезінде Арқаға қоныс аударғандармен бірге барса, Нұрмағамбет қалайша Көкшетау төріндегі Тастыөзектегі Үйсін ауылында тумай, Қазақ кеңес энциклопедиясында жазылғандай Мойынқұмда өмір есігін ашады?! Бұл елге жегжаттық қатысы бар жазушы Естай Мырзахметов қос академикке /А. Жұбанов пен С. Мұқанов/ құлаққағыс етіп, ақиқаттың ала жібін аттамауды сыпайы алға тартады. Арғы нағашыларының тегі Абылайханның беделді билерінің бірі Қанайдан шығатын Балуан Шолақтың шешесі Қалампыр қасқыр етіне жерік болды дейтін де сөз ұшырасады ел ішінде. Бірақ ең бастысы бұл емес. 
Нұрмағамбет Баймырзаұлы қазақ жерінің қай пұшпағында туса да ол өз халқының еркесі мен серкесі. Ол әр кездерде әндерін бабына келтіріп, нәшімен шырқап жүрді. Көзайым көрермендерге ат ойынын көрсетті. Таңсық ансамбль құрғызып, хормен ән орындатқызды.
Алдыңғы ХІХ ғасыр аяғында бүкіл Қиыр Шығыс мемлекеті мен Ібір-Сібірді аралаған сапарында орыс патшасының тақ мұрагері ІІ Николай жолай Омбыға аялдайды. Атақ-абыройы аспандап, әлі күш-қайраты қайтпаған 35-тегі қыр қазағы шаршы алаңда күресіп, орыс палуаны Севрді жеңіп, жауырынын жер иіскеткізеді. Кейін Қордай асып, Алматыдағы бір жұмадай болғанда басы бәлеге шатыла жаздаған кезде Балуан Шолақ сол күресінің куәгері «Дала уәлаяты» газетінің бас редакторы Е. Абылайханов арашаға түсіп, оны құтқарып қалады. Түз түлегі талай топ жарды. Жол ортада Ғалиямен кездесті. Сүйіспеншілік сезімі оянды.
Бұл күнде 49-да менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім 51 пұт кірдің тасын.
Жиылған орыс-қазақ  таңқалысты,
Болды деп қаһарманнан мынау басым.
Залог сап 75 сом күрескенде,
Сындырдым Карон палуан қабырғасын.
Даланың дарабоз дара дарынына қалай масаттанса да тұрады. Білмеймін, қазіргі дамыған замандағы ауыр жүкті жұлқа және серпе көтеріп, қосындысында алып кететініне күмәнім бар. Балуан Шолақ өзін әмбебап жағынан жан-жақты шарболаттай шыңдады. Туған халқының мұң-мұқтажы мен жоқ-жітігін түгендеп, азаттықты аңсаған алыпты шолақ белсенділер мен бай-байшікеш өкілдері Арқа төсіне сыйғызбай, 1914 жылы жазғұтырым салым Жетісу жақтағы атажұртын іздеп келеді. Аталастары құшақ жая қарсы алып, күтіп, сейілтеді, сергітеді. Қайда барса да алдынан қазылып жатқан Қорқыттың көрі шықты. Құдіретті күшке бірден бас иіп кетпей, рухани түлеп уақытынан озып туған жан ән әлемінде қайталанбайтын нұрлы із қалдырды. Әрине, оның туындыларын топтағанда, басқалары бір бөлек те, «Ғалиясы» бір төбе. Ақын әрі сазгер әр айтқан сайын оны ықылым дауыс ырғағымен құйқылжытқандай. Ол – сүйіспеншілікке соғылған мәңгі ескерткіш-махаббаттың ғажап әні. Бұны музыканың майталман маманы Ахмет Жұбанов та «Замана бұлбұлдарында» атап өтеді: «Ғалия» әні – әннің төресі, үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан ән. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтық бары сезіледі». Естайдың «Құсни-Қорлан», Сегіз серінің «Гауһартас», Мұхиттың «Айнамкөз», үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» сықылды Балуан Шолақтың «Ғалиясы» да ғасырдан ғасырдың жарық терезесін қағып, болашақ биігінде қала береді.  Далада не көп, ән жетіп-артылады. Нәзік нақышты наз, сағынышты саз біртүрлі жанды баурап, іңкәрлік сезімін оятып, бірте-бірте жақындап келеді, үзіліп кетердей үздіктіріп:
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауаласын,
Ауған түйе секілді бейімделсең.
Ойпырай, жан сәулем,
Ғалия-ау, бетіңнен.
әппақ қардай етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылмадың дертіңнен.
Нұр сипатты, Ғалия, жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалыңыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Әлдеқалай болады заманымыз.

Тағы да:
Айдын көзін жалт етіп бұлт алсын,
Бүйте берсең жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың?!
«Уһ» дегізіп тереңнен бір күрсіндіреді. Бойды шарпыған тәтті бір ыстық сезім мен лепес лапылдап алып барады. Бір ысынып, бір суынып жолайрықта тұрғандай күй кешкізеді.
Алып келген базарға құла қасқа,
Жібек ноқта басында, бауы басқа.
Кішкентайдан бірге өскен Ғалияжан,
Кел екеуміз мінейік тарантасқа.
Беу, жан сәулем, Ғалия, қабақтан,
Сүйіп алсам тамақтан.
Ойда тұрып, Ғалия ақбоз үйге сүйенгенде
Сарыала бешбет киінгенде.
Сары орамал түйінгенде
Айналайын, Ғалия,
Қолым салдым қалтама-ай.
Жығыла жаздап байқамай,
Аңсап, сусап келгенде
Бір сүйгізші, қалқатай.
Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де жайдым құшақ.
Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен?
Айдын көлде шомылған аққу құсап.
Беу, жан сәулем, Ғалия, бетіңнен,
Сүйіп алсам ерніңнен.
Жұдырықтай жүрекке сыйып тұрған бұл қай сиқыр? Ә, тағы да сол Ғалия! Қыран ғұмыр кешкен ғаламат адамның соншама талшыбықтай жас келіншекке іңкәр еткен қандай құдірет?! Бұндай да құштарлық болады екен.
Мына дүние қай дүние, күлкі дүние,
Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние!
Сексен сұлу сылаңдап  тұрса-дағы,
Ғалияның алмайтын кірпігіне.
Ойпырмай, жан сәулем, Ғалия...
Талғам таразысы қалай-қалай теңселеді?! Уақыт безбеніне салғанда оның бір басында сексен сұлу, екінші басында әсірелеп айтқанда, Ғалияның кірпігі! Халықтың ғажап қаламгері Сәбит Мұқанов аталмыш хикаятындағы «Ғалия» тарауында оны былай желдіре бәдіздейді: «Ғалия өзінің жұбайлық өмірі туралы көп ойланатын еді. Ол қаланың медресесінен мұсылманша жап-жақсы білім алған қыз. Кітапты да ол жасынан көп оқыды, олардың ішінде ерекше сүйетіні ғашықтық қиссалары болды. «Қиссалардағы қыздар ғашық болғандай жігіттер кездессе, мен де ғашық болар ем», – деп ойланатын еді ол. Сондай жігітті ол іздеді де, бірақ таба алмады. Ғашық болуға жарарлық жігіт оған қиялдағы ертегі сияқты көрінді. «Кейбір жақын құрбысымен кездескенде ғана болмаса әкесінің үйінде бәлкім тұйықтау, ұялшақтау Ғалия, келіншек болған соң кіммен болса да бетпердесін аша сөйлесті. Бір жағы әзіл, бір жағы сықақпен қымызға келген бозбалаларды ол ұршықтай үйіріп, билеп әкетті. Ара-тұра сырнайға қосыла ән шырқап, думан да жасады...». «Замана бұлбұлдарында» да Нұрмағамбеттің ғашығы өзгеше өрнектеледі: «Ақмолада Тілеу атты дәулетті адам болды. Руы – Арғын ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңарқа. Үлкен әйелінен Ғалия, Мария деген екі қыз туады. Ғалия – сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, қолынан өнері төгілген шебер болады... Бір кездері өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады. Ғалия Балуан Шолаққа ұнайды. Ғалия да Балуан Шолаққа қызығады. Екеуі есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады. Солай күн артынан күн өте береді».
Жан-тәнімен туған елін сүйген үлкен жүректің қандай жазығы бар? Соның ұшқынындай оның Ғалияға ынтызарлығы да сүйіспеншілік сезіміне суарылған. Сом алтынның сынығындай «Ғалия» әнінің халық ішінде бір-бірінен өтетін көркемдігі керім бірнеше нұсқасы бар. Біз олардың екі түріне тоқталып, қысыл-таяңда назар аудартқымыз келеді. Өрекпіп аққан өзенге дауа бар ма? Қапияда тағдыр тоғыстырған қос ғашық екеуара қанша құштарлықпен құшақ жайғанмен бір шаңырақтың астында түтін түтету бақыты бұйырмай арманда өтеді. 18 баланың әкесі Нұрмағамбет те құдай қосқан қосағы Қаныкейді көз жұмғанша аса құрметтеп өткендей. Егер Жамбылдың пірі қызыл жолбарыс болса, Н. Баймырзаұлының киесі – Аққошқар. Қысқа жалғанда әркімнің талқаны әрқалай таусылады. Ешкімнен беті қайтпаған Балуан Шолақ та тататын дәм-тұзы таусылатынын алдын ала сезіп, құдасы Қожаберлінің үйінде отырса да кенжесі Құдайберді ерте құлқынсәріде оятып: «Ал, бала, атты жек! Тез ауылға қайтамыз. Әлгі шал түсіме кірді. Әуелі атыңды, сонан соң өзіңді аламын деді ғой», – деп орнынан ұшып тұрыпты.
Тағы бір Қаныкейдің 1934 жылы айтқан әңгімесінде ағасы Төлеубай және бәйбішесімен қоштасқанда Балуан Шолақ былай депті: «Алдыңғы жылы жазға қарай менің даладан қатты ауырып келгенім естеріңде болар. Ақбалақтың ну орманынан шыға бергенімде қарсы алдымнан мылтық атылды. Оқ ердің қасына тиіп, әлсіреп барып, кіндігімнің төменгі тұсына барып қадалды. Үйге келдім де ішімді таңып жатып қалдым. «Балуан Шолақ қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырып жатыр», – деген қауесеттен қорықтым. Сол, міне ажал болып жабысты. Сендерге айтар өсиетім, сүйегіме бөгде адамды түсірмеңдер, анау Сабыр қажыны қасыңа алып, Төке, өзің атқар. Менің өлгенімді білсе, қара шекпенділер де қарап қалмас. Бұл найсаптар өлігімді қорлаудан тайынбайды. Зираттың бір жағына құпия үңгір жасап, бөлек жерлеңдер де басқа жерге жалған оба тұрғызыңдар», – депті.
Кейіннен мәлім болғандай, оқ атқандар өштесіп жүрген казактар Евтученко мен Беляковтар екен. Қайран қазақ қаһарманы! Көп ұзамай жылқы жылының басында жерге қалың қар түсіпті. Туған-туыс, жегжат-жұраттарының алдында Нұрмағамбеттің ақтық демі үзіліпті. Ешкім де о дүниеге күллі жиған-тергенін арқалап алып кеткен жоқ. Кімнің соңынан не қалды? Гауһар мен жауһар асылдың уақыт пен тарих тозаңы астында кездейсоқ ұмытылып қалуы мүмкін емес. Халық зердесі мен жүрегінде ұялаған Балуан Шолақ шығармашылығы өмір-бақи мәдени мұра екенін өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Оның бізге аманаты жетті.
Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген.
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.

Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік ақын болып.
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар, елім-жұртым, бақұл болып.

Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас.
Көз көріп, заманымда бірге жүрген,
Жүріңдер дұға қылып, құрбы-құрдас.
Біз былтыр немере-жиендерімді ертіп Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына барып, бокстан әлем біріншілігін құмарта тамашалаған болатынбыз. Енді құдай қаласа, сәтін салса Гран-при жарысына жанашыр жанкүйер болып барамыз. Жүрегімізде оның жасампаз әндері мен жырлары жаңғырады. Жасай бер, жан жақұты!

Аян НЫСАНАЛИН,
жазушы

Оқи отырыңыз