БІЛІМГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАП

    Жаңартылған білім беру жағдайында бәсекеге қабілетті, рухани құндылықтарды бойына сіңірген болашақ ұрпақ тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі болғандықтан, аталмыш бағыт техникалық және кәсіптік білім саласында педагог мамандарын даярлайтын колледждерге де өзіндік талаптары мен мақсат-міндеттерін қойып отыр.

 

     Осы орайда, Жаркент гуманитарлық-техникалық, Есік гуманитарлық-экономикалық колледждерінің оқытушылары жаңартылған білім беру мазмұнының енгізілуі бойынша Астана қаласындағы педагогикалық, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық  орталықтарынан  білімдерін жетілдіріп, алған білімнің тәжірибеде шыңдалуын жан-жақты көрсету мақсатында облыстық  әдістемелік кабинеттің ықпалымен тәжірибе алмасу семинарларын тұрақты ұйымдастырып келеді. Мазмұны терең, өзекті мәселелерді кеңінен талқылаған семинар биылғы оқу жылында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде өткізілді. 
    Облыстық әдістемелік кабинет семинар жұмысына «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушыларын, Ақсу, Еңбекшіқазақ аудандарының мұғалімдерін, педагогикалық шеберлік орталығының тренерлерін тартып, өзіндік тәжірибелерін кеңінен насихаттады. 
     Пленарлық отырыс аясында пәндерді оқытудағы өзекті мәселелер презентация, шебер-класс арқылы жан-жақты талқыланып, тәжірибедегі кедергілерді шешу жолдары ашық сабақтар арқылы айқындалынды.  
    Елу жылдық тарихы бар Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі заман ағымының талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бағытында білім беру жүйесіне енгізіліп отырған өзгерістер – уақыт талабынан шығу, талпыныстан туған жауапты қадам дей келе,  берілген білімнің нәтижесін және бітіруші түлектердің кәсіби құзыреттіліктерінің деңгейін ашық сабақтар арқылы  көрсете білді.
     Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелестік қабілетімен айқындалады» деген қанатты сөзімен семинар жұмысын қорытындылаған қатысушылар алдағы жұмыстарына үлкен міндеттер жоспарлап қайтты.


Ш. Исаханова, 
Г. Боранбаева,

облыстық әдістемелік кабинетінің техникалық және кәсіптік  бөлім әдіскерлері

Оқи отырыңыз