ҒЫЛЫМДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш  білімге ғана тән. Ғылым мен білімнің өркениет көшін өрге бастап, ақпараттық қоғамда технологияны дамыту, еларалық қатынастар мен мәдени байланыстарды нығайту мүмкіндігі мол. Қоғамның алға басуы, білім мен техниканың дамуы ғылымға тікелей байланысты. Бұл орайда білім мен ғылымға негіз салатын оқу орындарының атқарар қызметі зор. Жоғары оқу орны – әрбір жасты өмірге бейімдейтін, мамандық алып, болашаққа батыл қадам басуға шыңдайтын орта. Университет тек кәсіби жоғары білім, мамандық беретін оқу орны ғана емес, ол – сол аймақтың мәдениеті мен өнерін, ғылымы мен руханиятын қалыптастыратын киелі орда.  Бар жақсылық пен жаңашылдықтың бастауы. Келешегіне үкілі үмітпен қарайтын жалынды жастары  көп киелі өлкенің сондай ізгі шаңырағы – І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті.  Облысымыздағы бірегей оқу орнының білім, ғылымда қол жеткізген жетістігі көп. Алда атқаратын жоспарлары да ауқымды. Оған біз университет ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаевпен сұхбат барысында көз жеткізе түстік.

 

– Қуат Маратұлы, сіздің Жетісу мемлекеттік университетіне ректор болып келгеніңізге жарты жылға жуықтады. Бұл айтарлықтай көп уақыт емес, алайда айналаны болжап, алғашқы қорытынды шығаруға жетерлік. Университет туралы әсеріңіз қандай?

– Университет – бұл үлкен ұжым десек, мұнда өз ісінің шынайы мамандары, білікті оқытушылар мен профессорлар, академиктер қызмет етеді. Мен бірінші кезекте кәсібилікті бағалаймын. Сондықтан оқытушылардың біліктілігіне мән беремін. Егер адам өз ісін мықты білсе, оны қай басшы да бағалайды. Ал, білікті басшы өзінің ісін жаңа ортада да, бұрынғы ұжымда да көрсете алады. Мен осы қалыптасқан ортада жұмысымды жалғастырып, жетісулық педагог-ғалымдарды қолдауды ғана мақсат тұтамын.

– Жетісу өлкесінің тумасы болғаныңызбен Қостанайда 12 жыл қызмет етіп келдіңіз. Сол жылдар сізге не берді?

– Өзім білім алып, қызметімді бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жинаған білімім мен тәжірибемді көрсетуге мүмкіндік алдым. Ондағы педагогикалық ұжымның арқасында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының жаңа бағытта қалыптасуына негіз қаладық. Солтүстікте еңбек етіп, осы аймақтың білімін көтеруге үлес қосқанымды мақтан етемін. Ондағы басшылық қызметте жинаған мол тәжірибемді Жетісу мемлекеттік университетін жаңа деңгейге көтеруге жұмсасам деймін.

– Жаңа басшының жаңашылдық ала келетіні белгілі. Осы ретте  университеттің алдағы даму жоспары қалай болмақ?

– Жетісу мемлекеттік университеті педагогикалық университет болып ашылып, бүгінгі таңда облысымыздың  мемлекеттік, құқықтық және бизнес құрылымдарын кадрлармен қамтамасыз етіп келеді. Осыған орай ұжым алдында үлкен міндеттер тұр. Оны біз саралап, университеттің алдағы даму жоспарын белгілеп қойдық.

Бірінші кезекте еліміздің индустриялды-инновациялық дамуына қажетті білікті кадрларды даярлаудың сапасын арттыруға баса назар аудармақпыз. Бұл ретте университеттің  даму бағдарламасындағы стратегиялық бағыт – аймақтық жоғары оқу орны ретінде оның қызметін білім беру, ғылым мен өндірісті  интеграциялауға, университетті басқаруда менеджменттің заманауи қағидаларын  енгізуге  бағытталады.

Аталмыш бағыт  «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы, Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды  дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда жоғары мектепті  дамытудың жаһандық үдерісін  негізе ала отырып әзірленді.

Білім беру қызметінде бакалавриаттың, магистратура мен докторантураның педагогикалық және «ауылшаруашылық ғылымы», «қызмет көрсету» бағытындағы мамандықтарда екі мамандықты игерту саласын кеңейтетін боламыз. Білім алушылардың сапалық контингенті артты, талантты жастар қатары көбейді. QS әлемдік рейтингке енетін шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, екідипломды білім және академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүзеге асуда.  Білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауда академиялық  еркіндік кеңеюде. Көптілді кадрлар даярлау жүзеге асуда. Аймақтағы еңбек нарығын қамтамасыз ету үшін контингентті қалыптастыру және түлектерді жұмыспен қамту бөлімі құрылып, жұмысқа орналастыру бойынша кешенді жұмыстар атқаруда.

   Ғылыми бағытта алдымен, университеттің әлеуеті жандандырылып, ғылыми базаны  модернизациялау жүзеге асады. Бұл үшін зерттеу орталықтары, ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцизациялау офисі құрылып, мақсатты индикатор старт-ап бойынша және ҚРБҒМ ғылыми қоры қаржыландыруындағы гранттық ғылыми жобаларға сұраныстар, Бүкіләлемдік банкті дамыту, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын рейтингтік бағалау, Алматы облысы технопаркі және кәсіпкерлер Палатасымен инновациялық консорциум құру  ұсынылуда.

Тәрбие қызметі болашақ маманды  белсенді азаматтық ұстанымы бар, жоғары рухани- адамгершілікті, конфессияаралық, этносаралық және құқықтық-мәдени тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. Тәрбие және әлеуметтік жұмыс бөлімі, жастар ісі жөніндегі комитет жұмысы барлық білім алушыларды «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыруға, студенттік өзін-өзі басқару, ерекше жағдайда білім алуды қажет ететін студенттерге  тең жағдай жасау, жемқорлыққа төзбеушілік және діни сауаттылық, университеттегі жастармен қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын қалыптастыруға бағытталады.

Инфрақұрылым және материалдық-техникалық базаны дамыту – оқыту және ғылыми  үрдісті заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету үшін университеттің барлық аудитория­лары, зертханалық және ғылыми-зерттеу орталықтары кезең бойынша жабдықталады. Көптілді кадрларды даярлауда ІТ-инфрақұрылымы модернизацияланады. Университеттің әлеу­меттік базасы жақсартылуда. Осы мақсатта ІТ – технология және көптілді оқу, білім беру орталығы құрылды.

  Университетті басқарудың коллегиялық жүйесін дамыту бойынша Ғылыми кеңес, Қамқорлық кеңесі, Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің жұмысы жандандырылып, Бақылау кеңесі құрылды. Корпоративтік басқарудың принциптері жоғары оқу орнының академиялық, қаржылық еркіндігін кеңейту арқылы кезең-кезеңмен жүзеге асады. Университеттің жағымды имиджі қалыптасқан дәстүр және жоғары әлеуметтік жауапкершілік арқылы  қалыптасады.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің даму бағдарламасын жүзеге асыру жоғары оқу орнын инновациялық типтегі кең автономиялы және коммерциялық емес қызмет көрсететін университет ретінде қалыптастырады.

Сапалы білім беру бойынша университетте бүгінге дейін бейімделген  білім жүйесін, әдістемені жетілдіруді қолға алмақпыз. 

– Қазіргі таңда диплом алу ғана емес, сонымен бірге заман талабына сай сұранысқа ие маман даярлау қажет. Осы туралы да  айта кетсеңіз?

– Оқу жүйесін жетілдіріп, жаңа инновациялық технологияларды енгізбес бұрын біз жұмыс берушінің сұранысын зерттеп-білуіміз керек. Ол үшін нарық талабын меңгеріп, жұмыс берушілермен етене жұмыс істеуіміз қажет. Сондай-ақ, облысымызға қандай мамандар қажет екенін саралауға тиіспіз. Төрт-бес жылдан соң облыс қай бығатта дамиды, қандай мамандар қажет болады? Осыған алдын-ала болжам жасауымыз керек. Міне, басты мәселе осы. Сондықтан да біз мекеме, кәсіпорындар қандай мамандық иелерін көргісі келеді және қандай бағытта оларға білім беруіміз қажет деген сауалға жауап тауып, қоғам сұранысына сай мамандар даярлау­ды қолға алмақпыз.

Алда тұрған тағы бір міндет – білім беру бағдарламасында көрсетілгеніндей, жоғары оқу орындары өздерінің ғылыми жұмыстарын коммерцизациялауға жеткізу. Бұл жоғары оқу орындары мекеме-кәсіпорындардың дамуына өз тарапынан үлес қоса алатынын көрсетеді.  Демек, ғалымдар өздерінің ғылыми жобаларын өндіріс орындарында тәжірибеден өткізіп, коммерцизациялауға мүмкіндігі бар. Сондықтан өндіріс ошақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірді дамыту бағыты бойынша да жұмыс істеудеміз. Осыған орай жарты жылдың ішінде екі ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Оның біріншісі – педагогика-психологиялық бағыт. Өйткені, біздің университет негізінен педагогикалық кадрларды даярлайды. Екіншісі – биология және биотехнология бағыты. Ол бойынша ауылшаруашылығына, өндіріске тың жаңалықтар енгізуге мүмкіндік бар. Мәселен, қазір облысымыз қызылшаны көптеп өсіруге және өндіруге айрықша мән беруде. Тәтті түбірден көптеп өнім алудың жолдарын зерттеп, оны шаруашылықта сынап, тәжірибеден өткізіп, одан жақсы нәтиже шығып жатса, оны таратып, комерцизациялауға болады.

Бұл орайда университеттің ғылыми потенциалы мықты. Осыны аймақтың дамуына жұмсауымыз қажет. Қазір біз «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесе отырып, университет ішінінен ғылыми жұмыстарды зерттеуден өткізетін сараптамалық орталық ашпақшымыз. Ғылыми жұмыстарға тапсырыс беруші «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болады да, ал біз оны дайындаушы боламыз.

Ал педагогика бойынша түлектерді жұмысқа орналастыруда облыстық білім басқармасымен бірлесіп мониторинг жүргізбекшіміз. Қандай пән мұғалімдері бізде тапшы, бес жылдан соң қандай маман иелері қажет болады? Өйткені, бүгін университетке түскен жас төрт жылдан соң диплом алып шығады. Егер біз қандай пән мұғалімі қажет екенін білсек, сол бойынша маман даярлаймыз.

Осы жүйені жасай алсақ, түлектер университетті бітірген соң жұмысқа орналаса алатынын білетін болады. Біз тек қана диплом беріп қоймауымыз керек, өзіміз даярлаған жас мамандардың болашағына жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Қоғам талап ететін кадрлар даярлауымыз керек. Осы орайда оқытушылардан өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқару талап етіледі. Ол – жастарға сапалы білім беру.

– Негізінен Жетісу мемлекеттік университеті педагогикалық мамандықтарды даярлайды. Сіздің сөзіңізден ұққанымыз алдағы уақытта оқу орнының бағыты өзгеретін сияқты. Қандай жаңа мамандықтар ашылуы мүмкін?

– Бізде педагогикалық мамандықтардан басқа экономика, заң, техникалық мамандықтар оқытылады. Соңғы жылдары филология факультеті аясында журналистер де даярлануда.

Біздің облысымыз – аграрлы. Алайда Жетісу мемлекеттік университеті, облысымыздағы жалғыз ғана жоғары оқу орны бола тұра бұл бағытта мамандар даярламайды. Осы жағдайды ескеріп, алдағы жылдарда облысымызға қажетті жаңа мамандықтар ашу ойымызда бар.

Педагогика саласына келер болсақ, облысымызда шағын жинақты мектептер бар. Онда оқиытын оқушылардың саны аз болғандықтан бірнеше пәнді қатар меңгерген мұғалімге деген сұраныс артуда. Осыған орай химия-биология, математика-информатика, математика-физика сынды қоспәнді қатар алып жүретін педагогтар даярламақшымыз. Осы мамандықты енгізуге лицензия алу үшін құжаттар даярлануда. Бұйырса, келер жылы бұл мамандықтарды ашпақшымыз.

– Оқу орнының халықаралық қатынастар тұрғысында жақсы дамып  келе жатқаны белгілі. Осы орайда студенттердің академиялық мобильдігі туралы да айтып өтсеңіз.

– Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен студенттерді алмастыру бойынша серіктестік қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Бұл орайда білім министрлігі студенттердің шет елде семестрлік білім алу үшін қаржы бөледі. Жыл сайын студенттеріміз Польша, Америка Құрама штаттарына оқуға жіберіледі. Бұл бағытты біз кеңейтіп, Сингапур, Малайзияның оқу жүйесін меңгеріп, осы елдермен академиялық мобильдік бойынша келісімшартқа отырсақ деген ойдамыз. Тек қана студенттер емес, магистранттар, докто- ранттар, оқытушылар да академиялық мобильдік бойынша тағылымдамадан өтпек. Ол арқылы оқытушыларымыздың біліктілігін арттырып қана қоймай, шетелдік оқыту тәжірибесін меңгеріп, алдыңғы қатарлы озық үлгіні өзімізге енгізсек деген жоспарымыз бар.

– Бүгінгі таңда қосдиплом  беруге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл мәселе университетте қалай шешімін табуда? Ол жастарға қандай мүмкіндіктер береді?

– Қосдипломдық білім беру бойынша маусым айында Испанияның Кадис университетімен келісімшартқа отырдық. Бұл жүйе бойынша білім беретін өзіміздің жоғары оқу орындарымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз.

Қосдипломды жас маманның шет мемлекетке барып жұмыс істеуіне жол ашылады. Ондай кадр өз елімізде де үлкен сұранысқа ие болады. Шетелдік дипломы бар дегеннің өзі үлкен мәртебе емес пе?

– Мектептерге жаңа оқыту бағдарламасы енгізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай ағылшын тілін білетін мұғалімдерге деген сұраныс арта түспек. Осы бағытта мамандар даярлануда ма?

– Біздің басты ұстанған бағытымыз да осы – оқыту бағдарламасына сай мамандар даярлау. Бүгінде шет тілінен сабақ беретін мамандар оқытылуда. Шет тілі ғана емес, биология, физика, химия мамандықтары бойынша да екі тілде білім беретін  педагог кадрлар даярланады. Тіл мәселелерін шешу мақсатында университетте үш тілдік орталық аштық. Ол арқылы студенттер, мұғалімдер, магистранттар, докторанттардың сабақтан бос уақыттарында қосымша білім алуына мүмкіндік жасалып отыр. Тіл мамандықтары бойынша оқитын ғана емес, басқа да факультеттерде білім алатын студенттер осы орталыққа барып, тіл үйрене алады. Онда тіл мамандары білім береді. Қазіргі таңда  штатқа үш адам алынды.  Орталық жұмысы 1 қазаннан басталады.

Осы орталық арқылы білімін жетілдіріп, үштілді меңгерген мұғалім, тәрбиешіні даярлап шығарар болсақ, оны кез келген мектеп, балабақша жұмысқа қабылдайды. Ол арқылы біз мектептің де, балабақшаның да сұранысын өтейтін боламыз. Әрі жас маманды еңбекпен қамту мәселесін де шешеміз.

– Жаңа оқу жылының атап айтарлық тағы қандай жаңалығы бар?

– Жаңа оқу жылындағы бір жаңалығымыз университет қабырғасында әскери кафедра ашылды. Оған 220 студент қабылданады. Олардың 60-ына мемлекеттік грант беріледі, қалғаны ақылы негізде оқиды. Оның ішінде 30 орын қыздарға беріліп отыр.

Әскери кафедраға конкурс негізінде қабылданады. Студенттер бірінші кезекте әскери комиссариаттан медициналық тексеруден өтеді. Одан соң қорғаныс министрлігінің өкілдері тест алады. Одан өткендер ғана әскери кафедраға қабылданады.

Конкурсқа 2-курста оқитындар мен колледжден соң университетке келіп түскендер қатыса алады. Бұл ретте барлық факультеттің студенттері бақ сынай алады.

Әскери кафедрадан бөлек, университетте алғашқы әскери дайындық мамандығы бар. Бұл мамандықты бітіргендер осы пәннен мектепте сабақ береді. Ал екі жыл әскери кафедрада дайындықтан өткендер «Лейтенант» шенін алып, запастағы офицер қатарында болады. Осы екеуін көпшілік шатастырып жатады. Соған орай түсіндіріп кеткенді жөн көрдік.

– Жаңа ашылған кафедрада студенттерді даярлықтан өткізетін әскери мамандар бар ма?

– Қорғаныс министрлігінде қызмет істейтін және жиырма жылдық тәжірибесі бар отставкадағы офицерлер студенттерді әскери дайындықтан өткізеді. Онда екі бағыт бойынша әскери оқытудан өтеді. Біріншісі – байланыс әскерлерін басқаруды автоматтандыруды ұйымдастыру, екіншісі – арнайы үгіт-насихаттауды ұйымдас­тыру. Жаратылыстану факультеттерінде білім алатындар бірінші бағыт, гуманитарлық салада оқып жүргендер екінші бағыт бойынша даярланады.

– Ғылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Биылдан бастап университетте ғылыми жобаларға қаржы бөлеміз. Оған негізінен жас магистрларды, ғылыммен шұғылданып жүрген жастарды тартамыз. Басқа жоғары оқу орнына, шетелге жіберіп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы білімін көтеруді де көздеп отырмыз. Магис­транттардың докторантураға түсуіне көмек береміз. Өйткені бізде жоқ докторантуралық мамандықтар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Абай атындағы педагогикалық университетте бар. Сонда жіберіп оқыту үшін министрліктен квота сұраймыз. Қазірден бастап PhD докторын дайындап алмасақ болмайды. Өйткені,  ғылым докторлары мен жас PhD докторларының арасында он жылдай айырмашылық бар. Осы алшақтықты жоюымыз қажет. Бұл да бір үлкен мәселе.

– Жоғары оқу орындарына кредиттік технологияның енгізілгеніне де біршама уақыт болды. Білуімізше, бұл студенттің білімін өздігінен дамытуға арналған технология. Бүгінгі студенттер білімді өздігінен игеруге қаншалықты дайын?

– Таңдау еркіндігі кредиттік оқыту жүйесінің негізгі артықшыларының бірі болып табылады. Кредиттік технология бойынша студенттер оқытушыларды өздері таңдайды, жеке оқу жоспарын өздері құрастырады, өзіндік жұмыстарды жиі орындап, оқытушының берген бағытына сай өзі ізденіп оқиды.

Кредиттік оқыту жүйесі аясында оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын есептеу кредитпен өлшеніп оқытылатын материал көлеміне қарай жүргізіледі. Бұл жүйе студенттің өзін-өзі дамытуына, дербес тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізеді. «Оқытушы – бағыт беруші, студент – ізденуші» деген қағидаға лайықты жүйе.

Елімізде 2004 жылдан бұл технология енгізіле бастады. Ал 2010 жылы барлық жоғары оқу орны бұл жүйеге өтті. Оның артықшылығын уақыт дәлелдеуде. Басында үрке қарағанымен бұл жүйеге студенттер бой үйрете бастады. Бүгінде өздігінше ізденіп, білім алып, ғылымға ұмтылған жастар қатары көп.

– Студенттерді жатақханамен қамту жайы қалай? 

– Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен 540 орынды жатақхана бар. Онда студенттерге барынша жағдай жасалып, теледидар, тоңазытқыш орнатылған. Интернет желісіне қосылған. Биыл студенттерді жатақханамен қамту жүз пайызға орындалуда.  Кім жатақхана сұраса бәрі алып жатыр. Жетім балалар тегін тұрады. Бізде білім алатын мүгедек балаларға орын болып жатса жеке бір-бір бөлмеден беруді тапсырдым.

– Түлектеріңіздің жетістіктері қандай?  Олар қандай мекеме, оқу орындарына жұмысқа орналасуда?

– Назарбаев зияткерлік мектебінде 4-5 түлегіміз ұстаздық етуде. Түрлі мекемелер мен әкімдіктерде абыройлы қызмет атқарып жатқан шәкірттерімізбен мақтанамыз. Ауылды жерлерге жас маман ретінде қаншама түлегіміз еңбек жолын бастады. Облыс әкімінің грантымен жыл сайын оқу бітіріп жатқан түлектеріміз де Жетісу өңірінің білімін көтеруге өзіндік үлес қосуда. Алдағы уақытта да жастарға сапалы білім беріп, жер жаннаты Жетісу аймағын көтеріп, оның ауылшаруашылығын дамытып, мәдениеті мен білімін асқақтатар жас мамандарды көптеп тәрбиелеп шығамыз деген сенімдеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Алма Есенбаева

Оқи отырыңыз