"Келешек" есік ашты

Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан тағы бір игілікті іс нәтижесін көрсетті. «Алматы – Қорғас» күрежолының бойындағы іргелі ауыл Шелекте 280 орынды жаңа балабақша есігін айқара ашып, бүлдіршіндерді қабылдады. Сәрсенбінің сәтті күні осында жиналған жұрттың қуанышында шек болған жоқ.

Шелек ауылының Алматыдан кіреберіс тұсы қанатын кеңге жая бастаған. Бұрын мұнда ел қоныстанбақ тұрмақ, Кеңес өкіметінен қалған «сақалды» құрылыстардың керегелері қаңқайып біртүрлі көрінетін. Енді ол жердің көріністері алабөтен өзгеруде. Тәуелсіздіктің ширек ғасыр ішіндегі жеңістерінің бір дәлеліндей болып көз қуантады. Оның мәнісін жаңа балабақша ашылар кездегі салтанатта сөйлеген сөзінде аудан әкімі Бинәлі ЫСҚАҚ жан-жақты ашып көрсетті.
– Шелек ауылының келешегі кемел екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Өйткені бұл өңірдің халқы көбеймесе, азайған емес. Аймақтың табиғаты, әлеуметтік жағдайы, қолайлы мүмкіндіктері қоныстанушыларды қызықтырмай қоймайды. Қазақ басқа-бас қосылғанды бақытқа балаған. Күні ертең осы маңда жаңа үлгідегі шағынаудан бой көтереді деп ойлаймыз. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Мәселен, қоныстанушыларға арналған 44 гектар аймаққа инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары қызу қолға алынды. Оған мемлекет қазынасынан 870 миллион теңге бөлініп отыр. Балабақшаның «Келешек» деп аталуы көп жайды аңғартса керек. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.
Бүгінгі таңда Шелек ауылындағы тұрғындар саны 34 мыңға жуықтапты. Қала мәртебесін иеленуге де негіз бар секілді. Үлкен елді мекенде 8 мектеп жұмыс істейді. Оның бесеуінде бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтар бар.
Шелекте бала санының тапшылығы туралы сөз жоқ. Сондықтан алдағы уақыттарда балабақшалар мен мектептер тағы да керек болады деп айта аламыз. Соның бәрінің ескеріліп жатқан жайы бар.
Аудандағы оқу-үлгерім, білім беру сапасы да ойдағыдай. Облыста үшінші деңгейді иеленіп отыр. Биыл бұл көрсеткіштің одан әрі көтерілетіні анық. 
«Келешек» – әзірге бой көтерген үшінші балабақша. 2020 жылы «Балапан» бағдарламасының өңірдегі орындалуы 100 пайызға жетпек. Осылай деп сараптағанда қыруар жұмыстардың қарқын алып жатқанын айқын аңғарасыз.
Алматыдан арнайы шақырылған құрметті қонақ – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов «Келешектің» құт мекенге айналуын тіледі. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Білім беру ісінің үздігі Мирас Кенжебаева бүлдіршіндерге аналық сөзін арнады. Бұдан кейін аудан әкімі Бинәлі Ысқақ жаңа құрылыстың символдық кілтін балабақша меңгерушісі Қарлыға Жүнісоваға табыс етті. Көгілдір лента қиылып жұрт ішке қарай беттеді.
Балабақшаны «Жөндеу құрылыс» ЖШС-і ұжымы өткен жылы қолға алған екен. Содан бері 817591,0 мың теңгенің қаржысын ойдағыдай игерді. Құрылыс өз уақытысында пайдалануға берілді. Сонымен қатар жұмыс сапалы орындалды. Бәрі де көпшіліктің көңілінен шықты.
– Жыл өткен сайын талап та, талғам да өсіп келеді. Соның дәлелі осындай тамаша балабақшаның бой көтеруі. Отанына деген шексіз сүйіспеншілік, адамгершілік пен ізгілік жас ұрпақтың бойы мен ойына осы жерден даритыны анық, – деді жүрекжарды лебізін білдірген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Әбілбек Айтақынұлы.
Салтанат соңы әсем әнге, думанды шаттыққа жалғасты.

Болат Мәжит
Еңбекшіқазақ ауданы.

Оқи отырыңыз