Жылдың үздік мұғалімі

Жылдың үздік мұғалімі

Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында жеті аталым бойынша педагогикалық байқау өткізіліп келеді. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы – «Жылдың үздік мұғалімі» облыстық байқауы. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен қыркүйектің 21-22-сі аралығында Талдықорған қаласындағы №14 орта мектептің қабырғасында өткен мұғалімдердің біліктілік сайысына аудандық, қалалық байқаулардың жеңімпазы атанған 25 ұстаз қатысты.

Бұл мұғалімдер сайысын маңыздырақ деуімізге себеп, қомақты жүлде қоры бар басқа байқауларды айтпағанда дәл осы «Жылдың үздік мұғалімі» атағын иеленген ұстаз ғана облыс әкімінің арнайы сыйына қол жеткізе алады. Бастапқы кезеңде «Жылдың үздік мұғаліміне» Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйға тартылса, соңғы жылдары автакөлік беріліп келеді.  
Мұғалімдердің дәстүрлі байқауын облыстық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Алуа Қабдолова ашып, оны ұйымдастырудағы мақсат – шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзіндік жаңашыл идеясы бар, ғылыми-әдістемелік шеберлігі зор ұстазды анықтау екенін жеткізді. Сондай-ақ, биыл мектептерде жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқыту жүзеге асырыла бастағандықтан ұстаздардың жаңаша оқыту жүйесіне қаншалықты дайын екендігі де назарға алынатындығын атап өтті.
Екі күндік байқауда мұғалімдер төрт бөлім бойынша бақ сынап, «Менің педагогикалық кредом», «Импровизациялық тапсырма», «Педагогикалық эссе», «Кәсіби құзыретті мұғалім» кезеңдерінен өтті. Байқауға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова бастаған кәсіби мамандар қазылық етті.
Жалпы байқау барысында байқағанымыз – білім басқармасы тарапынан қатысушыларға қойылар талап жылдан-жылға күрделене түсуде. Соған орай шараның маңызы да артып келеді. Бұрын байқауға бір-екі жылдық еңбек өтілі бар жас мамандар да қатысып келсе, биылдан бастап кем дегенде жетіжылдық тәжірибесі бар мұғалімдер ғана бақ сынай алмақ. Байқауда ұстаздың өзіндік шеберлігі мен жаңа технологияны қолдана білуіне, оқушылармен қарым-қатынас жасауы мен топтық жұмысты ұйымдастыра алуына, авторлық бағдарламасының болуына да ерекше назар аударылады. 
Аталмыш сында осындай талаптардан шығып, педагогикалық шеберлігін жан-жақты таныта білген Жамбыл ауданы, Үмбетәлі атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева 1-орынды жеңіп алды. Он жеті жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман оқытудың озық технологияларын шебер қолданып, сабақты мазмұнды өткізе білуімен ерекшеленген. Сондай-ақ, төрт сында да өзге әріптестерінен оқ бойы озық шыққан.   
Ал, екінші орынға өзін жан-жақты қырынан көрсете білген жас мұғалім Қапшағай орта мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Әсия Қарақойшынова лайық деп танылды. Алакөл ауданы, Үшарал №1 орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Нұризат Саметова мен Талдықорған қаласы, №4 орта мектебінің  мұғалімі Ерік Саржігітов үшінші орын тұғырынан көрінді.
Сондай-ақ,  Панфилов ауданы, Әулиеағаш орта мектебінің мұғалімі Ердос Баймырзаев «Зерттеуші мұғалім», Сарқан ауданы, №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Елена Бирюкова «Креативті мұғалім», Талдықорған қаласындағы М. Арын атындағы үш тілде оқытатын №24 дарынды балаларға арналған арнаулы лицейінің мұғалімі Гүлбаршын Долаева «Жаңашыл мұғалім», Ұйғыр ауданы, №1 Шонжы орта мектебінің мұғалімі Ғалия Есенова «Шебер мұғалім» номинациясын иеленді. 
Байқауға қатысқан ұстаздарға облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табыс етілді. Ал жоғарыда есімі аталған жеңімпаздар қазан айында өтетін мұғалімдердің кәсіби мерекесінде марапатталатын болады.

Алма Есенбаева

Оқи отырыңыз