Тәрбиеші болу - бір бақыт

Тәрбиеші болу - бір бақыт

Өмірімдегі ең  қасиетті мамандық – тәрбиешілік дер едім. Әсіресе, балабақша тәрбиешілері күн дидарлы кішкентай сәбилердің алғашқы дүниетанымын қалыптастырып, балдай тәтті тілін тамашалап, баламен балаша ойнап, мәре-сәре болып жатады. Сондай көңілі даладай кең, жаны нұрлы, бала десе бар жақсысын тосуға даяр тәрбиеші Жанар Диханбаева. Ол қаладағы №8 «Күншуақ» балабақшасының «Көбелек» тобына жетекшілік етеді.

Бұл топтағы балдырғандар биыл мектепалды даярлықтан өтуде. Сондықтан тәрбиеші Жанар Қасенқызы жанын салып, сөздерді буынға бөлуді, тура және кері санауды үйретіп, балалардың 1-сыныпқа дайын болып баруына өз тарапынан үлес қосуда. 
– Шындығы керек, тәрбиешілік қызметке ауысқаныма бес жыл болды. Үйде өзімнің де бес балам бар. Ал, мұнда отыз баланың анасымын. Менен бақытты жан жоқ шығар. 
Уақытпен адамның көзқарасы да өзгереді. Өз балаларымды өсіріп-жеткізе жүріп, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеуге бейім екенімді түсіндім. Осылайша балабақшаға қарай ауыстым. Осы кәсіпті таңдау арқылы қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосып  жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған мамандығыңа деген ынтызарлық дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! – дейді шуақты тәрбиеші. 
Жанар Қасенқызын топтағы балалар да жан-тәнімен жақсы көреді. Тіпті сенбі-жексенбі күндері де сүйікті апайының жанында болғысы келетін балдырғандар: «Үйге бармай-ақ сізбен бірге осында қонып қалайықшы», – деп жатады. Жанар Қасенқызын осы балабақшада тұрады деп ойлайтын бүлдіршіндердің аңғал көңіліне тәрбиеші күле қарап: «Сендерді үйде ата-аналарың тосып отыр, бармасаңдар сағынып қалады емес пе, ал мен сендерді осында күтемін», – деп мейіріммен үн қатады. 
«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», – деп ақын Абай атамыз өсиет еткендей, Жанар Қасенқызы да бүлдіршіндерге мейлінше нұрын төгуге тырысады. Әр сабағында балаларды ертегі әлеміне жетелеп, қуыршақтарды қатыстыра отырып қызықты өткізеді. «Ойын ойды дамытады» демекші, оқу іс-әрекеттерінде ойын элементтерін қатыстырып отырады. Балаларға әріптер мен сандарды танытуда кубиктермен сәтті жұмыс істейді. Сондықтан да жеткіншектердің білім алуға деген қызығушылығы да жоғары.  «Тәрбиеші болу – бір бақыт»  деп білетін жан бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін сезінеді. Сол үшін де күн-түн демей, жас ұрпақтың жарқын болашағы жолында қызмет етуде.


Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ.

 

Оқи отырыңыз