"Алтын бесік" балабақшасы балапандарды қарсы алды

Дүниеге шыр етіп келген нәрестенің толыққанды өмір сүруі, болашақта саналы да салиқалы, білімді де білікті маман болуына жауапты мемлекет пен ата-ана. Сол үшін Елбасының өзі жеке және орта бизнесті дамытуға бірнеше тапсырма беріп, өз кәсібінің тасын өрге домалатқан ел жанашырларына балабақша, мектеп салуды тапсырған. Жетісу өңірі берілген тапсырманы жоғары деңгейде атқарып келеді. Оған алтыншы ықшам ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде бой көтеріп, қаладағы 320 бүлдіршін үшін есігін айқара ашқан «Алтын бесік» балабақшасы дәлел. Қуанышты сәтті көпшілікпен бөлісуге облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы келді. 

Осыдан біраз жыл бұрын дәл осы балабақша ашылған жер мидай жазық дала еді. Ал қазір айналаға көз салсаңыз мүлде басқа аймаққа айналған. Аз ғана уақыттың ішінде орын алған өзгерістерге қарап көңіліңіз көтерілетіні анық. Мұның барлығы Елбасының өңір, қала басшыларының ерен еңбегінің нәтижесі. Қуанышты күні қаладағы қаншама бүлдіршіннің риясыз күлкісне куә болдық. Ата-аналар тәй-тәй басқан балдай тәтті бөбектерін жетектеп, баланың былдыры мен ойыншықтың сылдырына толы заманауи ғимаратқа ағылып келіп жатты. Барлығы қуанышты. Әсіресе, қуыршақтай киінген бөбектер риза.
Жалпы аумағы 2 мың 500 шаршы метрді құрайтын бүлдіршіндер мекенінің қазығы 2015 жылдың тамыз айында  қағылған. Араға бір жыл салғанда озық үлгіде салынған балабақша бой көтерді. Бүгіннің өзінде 208 баланы қабылдап үлгерген мекемеде он алты топ ашылған. Оның он бір тобы қазақша болса, қалғаны орыс тілінде жүргізіледі. Жаңа ашылған балабақшаның нәтижесінде жүзге жуық адам толықтай жұмыспен қамтылмақ. Бұл облыстағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткішін де біршама азайтатыны анық. Қуанышты сәтті тамашалаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы көпшілікті жайдарман жаңалықпен құттықтады. 
–  Таяу арада Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жетісу жеріне іссапармен келді. Алақандай қаланың күн санап құлпырған аймаққа айналғанына ризашылығын білдірді. Елбасы бізге үнемі балабақша санын көбейтуді қатаң тапсырады. Біздің облыс республика бойынша балаларды балабақшамен қамтуда ең төменгі көрсеткішті көрсеткен. Соңғы екі жылда біз біршама жоғарыладық. Мәселен, 2015 жылдың өзінде облыста 99 балабақша ашылды. Оның оны ғана мемлекеттен бөлінген қаржыға бой көтерді. Қалғаны жеке кәсіпкерлер есебінен тұрғызылды. Биыл барлығы 84 мекеме кішкентай бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Оның 78 мекемесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік нәтижесінде жетісулықтардың игілігіне берілді. Жыл соңына дейін балаларды балабақшамен қамту деңгейіміз 87-89 пайызға жетеді. Жаңа балабақшаның нәтижесінде жаңа жұмыс көздері де ашылып жатыр. Бұл дегеніміз үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш. Осындай игі істеріміз бен қуанышты сәттеріміз көп болсын. Барлықтарыңыз балаларыңыздың тәтті қылығына тоймай, аман-есен жүре беріңіздер. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді өңір басшысы.  Сонымен бірге, жыл сайын халық санының артып келе жатқанын ерекше мақтанышпен айтқан облыс басшысы, жақын арада театр және неке сарайының құрылысы басталатын күннің алыс емес екенін көпшілікке қуана жеткізді. 
Елбасының халыққа арнаған Жолдауына өзіндік үлесін қосқан, «Алтын бесік» балабақшасының иесі Қанат Жұлынов болашақтың кілті бүгінгі бүлдіршіннің қолында екенін тілге тиек етіп, жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Заманауи талапқа сай салынған бүлдіршіндер мекенінің ерекшелігіне тоқталды. Кәсіпкердің айтуынша, балаларын балабақшаға жіберген ата-ана жұмыста я болмаса үйінде отырып-ақ «онлайн режим» арқылы баласының балабақшада не істеп жүргенін көре алады. Міне, заманға сай бой көтерген балалар мекенінің ерекшелігі осында. Қанат Сейдіғалиұлы облыс, қала басшыларына үлкен алғысын айтып, болашақта бұл істі ары қарай жалғастыратынына сөз берді. Жердегі періштелердің риясыз күлкілері мен тап-таза ниеттері, пәк пейілдері ұштасатын, жамандық атаулының біріне де орын жоқ бұл мекеннің лентасын облыс басшысы мен кәсіпкердің әкесі Сейдіғали ақсақал қиды. Балабақшаға қабылданған балалардың өнерін тамашалаған өңір басшысы оларға сый-сияпат ұсынып, ақсақалдар бастаған топ балабақша ішін аралады.
Ақ жаулықты аналар шашу шашып, өңіріміздің өнерпаздары әуелетіп ән салып, мың бұрала би биледі.

Еңлік Кенебаева

Оқи отырыңыз