Жастық шақтың қадірін білеміз бе?

Жастық шақтың қадірін білеміз бе?

«Қарттық жетпей тұрып жастық шағыңның қадірін біл»,­ деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Жастық дәурен адам өміріндегі ең маңызды кезең. Қартайғанда ата-аналарымыздың баяғы жастық шағым қайта айналып келсе екен деп өткенін еске алып армандап отыратынын жиі байқаймыз. Осы күнгі өскелең ұрпақ егде жаста есіңе түсер жастықтың қадіріне жетіп жатыр ма?

Мен де осы Мағжан атамыздың үмітін арқалаған жастардың қатарынанмын. Біздің мақсатымыз – еліміздің адал перзенті болу. Бүгінде тасты жарып шыққан гүл сынды елі үшін еміреніп, адал еңбек етіп жүрген замандастарым жетіп-артылады. Алайда, қоғамның көлеңкелі тұстары да бар. Он үшінде отау құрып, он бесінде қолына найза алып жауға аттанған батыр елдің ұрпағы едік, бүгінде отызында жас болып, қырығында мас болып жүрген кейбір аға буын өкілдерін көріп налитының анық. «Болар бала он алтыда баспын дер, болмас бала жиырма бесте жаспын дер», – дейді. «Қайран, жиырма бес» деп, жырлап кеткен бабаларымыз жалынды жасында-ақ артындағы ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие боларлық мұра қалдырған еді. 
Сұқтанып тұрып жанарың,
Сұрыма неге қарадың?
Солайда, солай, қарағым,
Отыздан асып барамын, – деп Мұқағали ақын да жастық шағының өтіп бара жатқанына өкініп, келешек жастарға үлгі-өнеге боларлық сөз қалдырды емес пе?   
Осы күні жастықтықтың нағыз жігерлі тұсына келсе де, көненің әнін әумесерлікке айналдырып, «айхай, жиырма бес», «жастық шағым осы екен» деп, жалғанды жалпағынан басып, қолындағы харамы мен қойнындағы жаманына риза болып жүрген кейбір жастарымыз саяз ой мен арзан ойын-күлкіге бой алдыруда.
Пайғамбарымыздың жастарға қарата айтқан хадисінде: «Арзан ойын күлкі мен тән ләззатына құмартпайтын қызуы мен қызығы мол жалындаған жастық шағыңда нәпсіқұмарлыққа салынбай Хаққа құлдық ұрып өткізуге бекінген жасқа Раббың дән риза болады», – дейді. Иә, мейірімді Алланың шапағатына бөлену үшін нәпсіқұмарлықты тыйғанымыз абзал. Десек те, әлі күнге дейін ойын-сауықтан арыла алмаған жастарымыз осы қоғамда баршылық.   
Күні-түні жанардың шырағын жағып кітап оқып отыратын өскелең ұрпағымыздың легі де сиреп барады. Жаз жайлауда шопан болып күйбең тіршіліктің қамын күйттесе де бұрындары ағаларымыз том-том қылып кітап арқалап жүруші еді. Әр кезекте бір кітаптан алып кетіп оқып отыратыны да есімде. Кешкісін оқыған әңгімелерін де айтып беретін. Қазіргі жастар күндіз компьютер, кеш ауа түнгі клубтың маңайынан шығатын емес. Үлкендердің  жас кезіңде өмірдің бәрін көресің сол үшін оқитын жерде оқып, тоқитын жерде тоқып, ойнайтын жерде ойнап қал деген ақылын қазіргі буын өкілдері дұрыс қабылдай алмай,  жын ойнақ би, қорқор, шылым шегіп, ішімдік ішіп жастықты осылай өткізу керек деген қате ұғымның жетегінде жүр. Осының салдарынан келешектің іргетасын қалайтын жастық шағың ғайып болмақ.  
Маида сүресінің 90-91- аяттарында « Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат  тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?», – деп қатаң ескертеді. 
Жігерлі кезеңде, ой-өрісің дамитын шақта өміріңді арзан тіршілікпен өткізсең, егде жасқа келгенде сан соғып өкінерің хақ. Әсіресе бұл уайымның бір бөлігін дала базарынан-ақ байқауға болады.  
Жастардың кейбіреуі қара базарда ұялы телефон сатып, жеңіл саудамен айналысып күнін көрсе, енді бірінің самайынан аққан тер жейдесін бұлғап, кір-қожалақ болып жүрсе де арба сүйретуді кәсіби меңгеріп алған. Қасына жолап кетсең болды, ұялы телефонын айтып, жаныңды жегідей жеп қоятыны рас. Тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттердің қара базарда телміріп телефон алып сатқаны қатты қынжылтады. Арба итерушілерді «дарогу!» деген дауысынан ақ танисың. Бұған да халық үйреніп алған. Айқайлап сала берсе болды, ығысып жол береді. Әйтеуір, ауылдан жұмыс іздеп келгенде тапқан кәсібі ғой.  
Тіпті сол маңайда тұрған көлік жүргізушілер де қит етсе қолына карта алып, бос уақытын құмар ойын ойнаумен өткізуге ынтық. Бір қызығы арба сүйреткендер де, ұялы телефон сататындар да, құмар ойынға қызыққандар да жалпы базар жағалап жүретіндердің барлығы дерлік қазақтар. Білім іздер шағында баз кешіп, сол баяғы желкесінен тартқан жалқаулығы мен енжарлығының кесірінен жастық шағын өткізіп алмаса игі болар еді. Қазақтың оқуда кеткен еншісі көп демекші, жастық шақтың қадірі білімді ұрпақтың қолында.
Бұл қоғам – жүрегі иман нұрына толы, білім мен ғылымға қаныққан, еңбегін адал тірнектейтін, үнемі ізденісте жүретін жастарға зәру. Баяғыда бір данышпан: «Қай елдің болашағын болжағың келсе, алдымен жастарын көр, сонда болжауың дұрыс шығады»,– деген екен. Өскелең ұрпақ болашаққа апаратын алтын көпір іспетті. Сондықтан да жастардың келешегіне үмітпен қарауымыз қажет. 
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда
Мен жастарға сенемін!, – деп Мағжан ақын айтқандай, келешекте жалынды жастарымыздың көбейе түсеріне сенімім мол.

Айдар Қалиев

Оқи отырыңыз