Сапалы білім кепілі

Сапалы білім кепілі

Елбасы Н. Назарбаевтың «Ел болашағы – жас ұрпақтың қолында» деп айтқанындай, бүгінгі мектеп оқушылары – ертеңгі тәуелсіз еліміздің тірегі. Сол өскелең ұрпақты білімді де саналы, өркениет көшіне ілескен, бастысы бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздардың басты міндеті. 

Расында, ертеңгі күннің бүгінгіден нұрлы болуы тек білімге ғана байланысты. Сол себептен де қазіргі білім беру ісіне өзгертулер енгізіліп, жаңа мазмұнға ие болуда. Оқытудың жаңа жүйесін қабылдауымызға байланысты күнделікті сабақ беру әдісін де соның талаптарына сай құру қажеттігі туындап отыр. Бұл, әрине, ұстаздар қауымынан үлкен күш-жігер мен жаңа ізденісті талап етеді. Осы орайда жуырда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Іле аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен Ақши ауылындағы №8 орта мектепте «Білім сапасын көтеруде жаңа технологияларды ұтымды пайдалану» тақырыбымен облыс көлеміндегі ауқымды семинар өтті. Шараның басты мақсаты – білім беру мазмұнын жаңарту аясында инновациялық технологиялар арқылы өзара тәжірибе алмасу, оқу мен оқытудағы кедергілер мен мәселелерді талқылап, мұғалімдердің кәсіби өсуіне қолдау көрсету. 
Шалғайдағы ауыл мектебі болса да бұл білім ошағында заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Ғаламтор, интерактивті тақта, қашықтан оқыту жүйесі де қолжетімді. Аталған білім шаңырағындағы  ұстаздардың ортақ мақсаты – оқушылардың білімі мен іскерлік дағдысын, мәдениеттілігін арттырып, қабілеттерін, шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру. Осы уақытқа дейін мектеп директоры Фарида Байгонусованың  басқаруымен мектептің жеткен жетістіктері де аз емес. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Б. Абдрохманованың күнделікті бақылауымен жүргізілген бұл  мектептегі әрбір 45 минут жүйелі түрде өткізіледі десек те артық болмас. 
Семинарда аталмыш мектептің ұстаздары өз тәжірибелерін ортаға салды. Атап айтар болсақ, Зере Алыбаеваның қазақ тілі пәнінен 4-сыныпта өткізген «Сөйлем» тақырыбындағы сабағы мен Раушан Кулиеваның әдебиеттік оқу пәнінен «Киелі жеті саны» тақырыбындағы сабағы жоғары деңгейде өтсе, Айжан Икибаеваның, Амина Кемербаеваның 1-сынып оқушыларымен өткізген семинар сабақтары көпшіліктің көңілінен шықты. Сол секілді  Наталья Мальсагова, Бақыт Омарова сынды мектептің белді ұстаздары өз сабақтарында жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, жоғары деңгейде өз тәжірибесімен бөлісті.  Сабақтар барысында жеті модульді кіріктіріп, сыни тұрғысынан ойлау стратегияларын қолдануы, Блум токсономиясына негіздеп сабақты жоспарлауы, бастауыш сынып оқушылары бірін-бірі критерийлер арқылы бағалауы үлкен жетістік болды.  Мектептегі бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған «Балдырған»  әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, жоғары санатты ұстаз Разия Манасованың бұл шараның жоғары деңгейде өткізілуіне қосқан еңбегін атап кетпесе болмас. Семинар соңында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нурзия Чонгитованың жүргізуімен  «Оқу мен оқытудағы көшбасшылық» тақырыбында коучинг өткізілді. Онда әрбір мектептен жиналған ұстаздар қауымы өзара топтасып, қызықты тапсырмалар орындап, әртүрлі ой-пікірлерді талқылады.
Өзге мектептен келген мұғалімдер «Семинар сабақтар маған ұнады»,  «Білмеген әдіс-тәсілдерді үйреніп, қажеттісін өзіме түртіп алдым» деген лебіздерін жеткізіп, семинардың жоғары деңгейде өткендігін айтып, мектеп ұжымының еңбегіне жеміс тіледі. Шараның қорытындысы ретінде өз тәжірибесін ортаға салған №8 орта мектептің  ұстаздары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жаңа технология – сапалы білім кепілі. Заман талабына сай жаңа технология әдістерін үйретіп, бағыт-бағдар беруші – ұстаздар қауымы. Олар оқушыларды жаңартылған оқу бағдарламасына бейімдеуші тұлға. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» демекші, білім беру мазмұнын жаңарту аясында өз кәсіби біліктілігімізді шыңдап, құзыреттілігімізді қалыптастырсақ қана тиімді нәтижеге жетеміз деп сеніммен айта аламыз.
Г. ФАЗЛЫЕВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қызметкері.  

 

Оқи отырыңыз