Болашақ бүгіннен басталады

Болашақ бүгіннен басталады

Балаларды  ұжымға тәрбиелейтін мекеме – балабақша.  Бүлдіршіндер онда топтағылармен тіл табысуды, ойыншықпен бірлесіп ойнауды, тәрбиешіге бағынуды үйренеді. Өнер мен білімге  бейімдеу де  періштелер үйінен бастау алады. 

Жақында «Күншуақ» балабақшасының «Қызғалдақ» тобында  қызықты кеш өтті. Қыркүйек айында ғана құрылған топтың балалары аз уақыт ішінде ән айтып, би билеуге машықтаныпты.  Қазақ және ағылшын тілдерінде өлең оқып,  ән шырқады. Тілдері жаттығып қалыпты.  Мәнеріне келтіріп орындағандарына қарағанда  сөздің мағынасын да түсініп тұрғаны байқалады.  Заман – ұшқыр ойлы, көп тіл  білетін білімділердікі екенін ескерсек, тұлымшағы желбіреген балақайлардың  тіл сындырғанына қуанып қалдық. Көп тіл білетіннің көкжиегі кеңейетіні сөзсіз. Бала – жас шыбық сияқты.  Күтімі жақсы болса күнге, биікке қарап бой түзейді.  Бүгінгі Ләйлә  Оспанғалидың ұйымдастырған «Алтын күз» мерекесі  ұл-қыздарды өнердің сан қырына тәрбиеленгенін байқатты.  Мұнда музыка мен ырғаққа бейімдеген  Маржан Нұрлыбаева мен Самал Әбдінованың еңбегін ерекше атаған жөн. Шараға барлық бала  біркісідей атсалысты. 
Сұлтан: 
О, балалар, балалар, 
Қоңыр күз  болыпты. 
Гүл, жапырақ солыпты,
Ел егінін орыпты, –десе, 
Фатима: 
Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау! – деп табиғат тамашасын өлеңге арқау етті. Бала тілі – бал. Тілдері келмесе де бал тілдерімен былдырлайды. Айтамын, үйренемін, ұялмаймын деген ынта-ықыластары қуантты. 
Ағылшын тілінен дәріс беретін Айгүл   Әбділдинованың үйретуіндегі ағылшынша ән де  ата-аналардың көңілін сергітті. 
«Картоп жинау»,  «Күнбағыс» ойындарын ойнады. Жарыс ойыны арқылы балалардың жеміс-жидек жайлы түсінік-танымдары кеңейтілді. Мерекенің ауанынан тәрбиешілердің балаларды  өміртануға, ел байлығын сақтауға, табиғатты аялауға бейімдеп жатқаны байқалады. Ельнара: 
Мерейлі күз, мырза күз,
Сыйлығыңа ризамыз.
Аппақ арай таңында, 
Шомыламыз нұрға біз, – деп Тәуелсіз елдің  бақытты ұрпағының атынан  ән шырқады.  Болашақ – бүгіннен басталады. Егемен елдің тұтқасы болар бүлдіршіндер аялы алақанның жылуымен алаңсыз өсіп келеді.  Ұл-қызымыздың өресі биік, дүниетанымы кең,  ел-жерге деген сүйіспеншілігі жоғары болғай!
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ.

Оқи отырыңыз