Кішкентай жүректегі үлкен өнер

Кішкентай жүректегі үлкен өнер

Жетісу жұртшылығы өнер десе ішкен асын жерге қояды. Бағзыдан бабаларымыз ән-күйге жақын. Соның сарқыты іспеттес болған бүгінгінің балалары да өнер жолында құр алақан емес. Оны біз облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін XIV облыстық «Жетісу жұлдыздары – 2016» балалар байқауынан білдік. Ел егемендігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған ән-би кеші көңіл көкжиегін кеңейтіп, балалар шығармашылығын шыңдай түсті. 

Жас өнерпаздардың басын қосқан байқаудың басты мақсаты – балалар шығармашылығын дамыту, музыкалық-эстетикалық танымдарын арттырып, жер жаннаты Жетісу өрендерінің өнерлерін көпшілікке насихаттау. Шаттықты шараға аймақтан алдыға шығып, аудандық сыннан сүрінбей өткен  жас өнерпаздар жолдама алды.  Аталмыш  байқау осымен 14-рет өткізіліп отыр. Дәстүрлі өнер бәсекесіне қатысуға ниет білдіргендер саны жыл санап артып келеді. Қорытынды концертке қыркүйек айынан басталған бәйгеден іріктеліп, топ жарған таланттар қатысты.  Қазылар алқасы – республикалық байқаулардың лауреаты  Серікбол  Шыныбаев, ҚР  мәдениет  саласының  үздігі  Бақытгүл Әбенова, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының «Алтынай» МБА бас балетмейстері Анар Жабықбаева, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Асқар Қалиұлы және жеке дауыстағы әнші Медет Қызбаев. Сайысқа 5 пен 15 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Олар эстрадалық және дәстүрлі ән, хореография бойынша өз өнерлерін ортаға салып, талантын таныта білді. Көрермен қошеметі барлық қатысушының мерейін тасытты. Жанды дауыста ән шырқап, сахналанған бейнелер арқылы би көрсеткендерге деген құрмет толастамады.  Барлығы да жоғары дайындықпен келген. 
Биылғы байқау талаптары ерекше. Өйткені, балалар жанды дауыста қиын композицияларды орындады. Бағыты белгілі, бағдары биік балалар бұл жолда мүдірмеді. Мәселен, Отан, туған жер тақырыбындағы вокалдық шеберлік пен ерекше дауыс қажет ететін патриоттық әндерді айна-қатесіз орындап шықты. Өзінің қолтаңбасын қалдырып үлгерген байқау қатысушыларының ынта-жігері, қабілет-қарымы сайыста анық көрінді. Қазылар алқасы балалар шығармашылығының шыңдалып, өнерге деген қызығушылықтарының ерек екенін тілге тиек етті.  Жас өнерпаздардың арасында, домбырамен күй төгіп, дәстүрлі әнді дәріптегендер де болды. Ғаламтор сананы жаулап, шетелдің әуені баураған заманда жас та болса жұртына деген сүйіспеншілік танытып, дәстүрлі ән шырқап, күмбірлете күй төккен өрендер тәнті етті. 
Аудан, қалалардан келген жас өнерпаздар әнді шебер шырқап, мың бұрала билеп ақтық сынға 24 үміткер жолдама алған болатын. Дегенмен, өнер сайысы болғандықтан, жеңімпаздың шығуы заңдылық. Бәйге алғандардың басым көпшілігі кішкентай өрендер. Үлкен өнерді жанына серік етіп, үлкен сахнаға шыққандары да алғашқы рет. Қазылар алқасының шешімімен олардың ішінен ән номинациясы бойынша бас жүлдені Текелі қаласынан келген Шәрбәт Сыдық алса, Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Ясмин» би тобы мың бұралған биімен мәреге жетіп, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар ендігі кезекте республикалық және халықаралық байқауларға қатыспақ. Атадан қалған асыл өнерді жалғастырып, ән әуелетіп, күй қалқытып, «Бұлақ көрсең – көзін аш»,  демекші жас дарындарды шыңдаған шараның берері мол  екеніне шүбә жоқ. Кішкентай жүректерімен үлкен өнерге үңіле білген балақайлар осы үрдістерін үзбесе үлкен додада топ жаратындары сөзсіз.

Құралбек Сәбитов

Оқи отырыңыз