Ұлттық бірыңғай тестілеу: үміт пен күдік

Ұлттық бірыңғай тестілеу: үміт пен күдік

Биылғы оқу жылында білім саласында үлкен өзгерістер орын алуда. Бірінші сынып табалдырығын аттаған бүлдіршіндер жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуды бастап кетсе, мектеп бітірушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріп жатқандығы белгілі. Бұған дейін ҰБТ білім сапасының басты көрсеткіші,      11- сыныпты бітірушілер үшін негізгі сынақ болып келсе, ендігі жерде жоғары оқу орнына түсу сынағы болып қалмақ. Осы ретте көпшілікті Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген өзгешелік жайы толғандыруда. Осыған орай «Жетісу» газеті редакциясында бас қосқан ұстаздар қауымы, ата-аналар мен оқушылар жаңа өзгеріске қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Оған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова қатысып, жұртшылықты, ата-аналарды толғандырған сауалдарға жауап берді. 

«ЖЕТІСУ»: – Оншақты жылдан бері мектеп бітірушілер үшін негізгі сынақ болып келген Ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгеріс енгізіліп, жоғары оқу орнына түсу сынағы ғана болып қалуына не себеп? Бұрын ҰБТ мектеп бітірушілердің  білімін ғана саралап қоймай, тест тапсыру арқылы жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік беретін. Ендігі кезекте оқушылар мектепте бес пәннен емтихан, жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден тағы сынақ тапсырмақ. Бұл мектеп бітірушілерге қосымша жүк емес пе? Осындай өзгерістің орын алу себебі неде? 
Ләззат Базарқұлова, облыстық білім басқармасының басшысы: 
– Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілген 12 жыл бойы ата-аналардың  наразылығын ғана естіп келдік. «Ұлттық бірыңғай тестілеу балаға психологиялық тұрғыда үлкен әсер етеді. Бала бір жыл бойы күйзелісте жүреді. Ата-аналарға да бұл уайым-қайғы. Тестілеу тапсырып біткенше күндіз ұйқыдан, түнде күлкіден қалдық. Баланы да, ата-ананы да қинағанша неге мектепте емтихан тапсырмаймыз?» деген пікірлер көптеп айтылды. Оның үстіне тест баланың ойлау, сөйлеу қабілетін шектейді, тіл байлығын тежейді. Бала бір жыл бойы тест жаттаумен ғана әлек болады, негізгі сабақтар оқытылмайды деген де алаңдаушылықтар болды.  
Әлбетте, балаға екі бірдей емтихан тапсырғаннан гөрі тестілеумен ғана шектелу оңай болар еді. Бірақ, уақыт талабы осы. Бала жан-жақты ойлап, ой қорытуға, өз пайымдауларын жеткізуге, тіл білімін, функционалдық сауатталығын көрсетуге тиіс. Осыған орай биылғы жылдан бітіруші түлектер бұрынғыдай мектепте кейбір пәндерден жазбаша жұмыс жазып, билет арқылы емтихан тапсырмақ. Кейбір пәндерден тест сынағы да өтеді. 
 «ЖЕТІСУ»: – Психологиялық тұрғыдан алғанда  жаңа формат оқушыларға жеңілдік әкеле ме?
– Осы мақсатта Ұлттық бірыңғай тестілеу екі форматта ұйымдастырылуда. Бірінші себеп, жоғары оқу орнына түлектердің барлығы бірдей бармайды. Сондықтан ҰБТ тапсыру олар үшін міндетті емес. Орта кәсіптік білім аламын деген түлектер мектепте алған аттестатымен колледждерге барып бақ сынауына болады. Ол санаттағы оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып не тапсырмайтынын өздері шешеді. Екіншіден, емтихандар  мектепте өтетіндіктен психологиялық тұрғыда балаларға ауырлық әкелмейді. Сол өздері көріп жүрген мұғалімдердің алдында, өз мектебінде тапсыратын болғандықтан психологиялық тұрғыдағы мәселелер туындамауы тиіс. 
«ЖЕТІСУ»: – Ендігі ретте «Алтын белгіні» тағайындау мектепке жүктеліп отыр. Бұрын ҰБТ тапсырып, «Алтын белгіні» дәлелдей алмайтын оқушылар көп болатын. Оны мектепке тапсыру жемқорлыққа жол ашпай ма?
– «Алтын белгіге» үміткерлерге ерекше қадағалау болады. Олардың  құжаттары облысқа әкелініп, 5-сыныптан бастап алдын ала тексеріледі. Бұл орайда мектептерде арнайы комиссия құрылады. Ол да осы жайттың әділ шешілуіне әсер етеді. 
«ЖЕТІСУ»: – Жылда «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау облыс орталығында салтанатты жағдайда өтетін. Биыл осы үрдіс жалғасын таба  ма? 
– «Алтын белгіге» үміткер әрбір оқушы бұл күнді үмітпен тосатыны анық. Оның үстіне 11 жыл бойы еңбектеніп тек беспен оқып келген оқушыларды  демеп, ақ жол тілеп шығарып салу біздің міндетіміз ғой. Сол себепті салтанатты марапаттау шарасы міндетті түрде өтеді. 
«ЖЕТІСУ»: – Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің алдынан мамандық таңдау деген мәселе шығады. Осы орайда биылғы түлектерге қандай кеңес бересіз? Облысымызда қандай мамандар тапшы?  
– Осыдан 5-6 жыл бұрын талапкерлердің көбі экономика, заң саласын таңдаса, қазір техикалық мамандықтар мен медицинаға деген қызушылық басым. Ал ауылшаруашылық, педагогика мамандықтары шет қалып жатыр. Осы мамандарға сұраныс жоғары болып тұр. Педагогика саласы бойынша алдағы оқу жылына 440 маман қажет. Біздің зерделеуімізше жоғары оқу орнында математика, химия, физика пәнін оқып жатқан түлектер келген күннің өзінде сұранысты толық өтей алмайды. Әр оқу орнында бізге келетін 4-5 маманнан ғана бар. 
Бүгінгі таңда облысымызда ауылшаруашылық, медицина саласының мамандары және мұғалімдер тапшы. Орыс сыныптарына сабақ беретін бастауыштан бастап, барлық пән мұғалімдері жетіспейді. Осы мамандықтарды таңдаса, түлектерге болашақта жұмыс табу қиын болмайды.
ОЙ-ТҮЙІН:
Иә, мамандық таңдау – маңызды мәселе. Ол арқылы әр жастың болашақ жолы қаланбақ. Мектепте осыған ерекше мән беріп, ұстаздар балаларды бейіміне қарай бағыттап отырса, жастардың да дұрыс таңдау жасауына жол ашылар еді. Ата-аналардың да бала болашағының дұрыс қалануына қосар үлесі мол. Бала жастан бейіміне қарай түрлі үйірмелер мен қосымшаларға апарып, оның қабілет-қарымының ашылуына өз тарапынан үлес қосса, 11-сыныпқа келгенде оқушы өз қалауындағы мамандықты қиналмай-ақ таңдайды. Ата-аналар демекші, жаңа өзгерістер ұстаздармен қатар ата-аналарды да толғандырар мәселе. Осыған орай бүгінгі басқосуға облыстық және Көксу аудандық ата-аналар комитетінің мүшелері қатысып, өз пікірлерін білдірді. 
ЖЕТІСУ: Осынау орын алып отырған өзгерістерге ата-ана ретінде қандай баға бересіз? Бүгінгі таңда ата-аналарды қандай мәселе алаңдатуда? 
Дания Қыдырбаева, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы: 
– Қандай да бір жаңалық еніп жатса, ол өзінің үміті мен үрейін  қатар алып келеді. Еніп жатқан жаңа форматты ешкім бір күнде жасап шығарған жоқ. Оны қаншама ғалымдар зерттеді, зерделеді. Ұлттық бірыңғай тестілеудің неше жылғы қорытындысын сарапқа салды. Ата-аналардың пікірімен санасты. Одан кейін барып, ойланып-толғанып шешілген дүние бұл. Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған кезде де оған қарсы шыққан ата-аналар болды. Жаңа енгізіліп жатқан форматқа қатысты да ата-аналардың ойы әртүрлі. Шындығы керек, әркім оны әртүрлі қабылдайды. Ата-аналардың өзі үш түрлі келеді. Біреуі болып жатқан жағдайға немқұрайлы қарайды. Баламыз әйтеуір мектепте оқып жүр, болды деп ойлайды. Ал енді біреулері оның байыбына бармай, тереңіне үңілмей жатып шу шығарғыш. Ұлттық бірыңғай тестілеуді де қимай отырған ата-аналар бар. Ал үшінші бағыттағылар барлық нәрсеге байыппен қарап, оның дұрыс-бұрыстығын түсінуге тырысады. Оның жақсылығын көре біліп, баласының болашағын ойлап, бағыт-бағдар беруге талпынады. Ұлттық бірыңғай тестілеу не емтихан болсын, бәрі де оқу бағдарламасынан алынып отырғаны белгілі. Егер ата-ана баласына бірінші сыныпқа барғаннан бастап бағыт-бағдар беріп,  жақсы оқытқан болса, қандай сынақтан да мүдірмей өтеді. Жаңалықтан еш  қорықпау керек. Заманымызда қанша өзгеріс болып жатыр. Біз неге бір орында тұруымыз керек. Соған батыл қадам басуымыз қажет. Бұл өзгерістің де артықшылығын, кемшілігін уақыт саралайды. Оны зерделеген соң ата-аналар да өз ұсыныстарын жасайды. «Көш жүре түзеледі» демекші, жаңашылдықты дұрыс қабылдауымыз керек. Тырнақ астынан кір іздеп, байбалам салып, алдын ала шапқылаудың қажеті жоқ. Өзгерістердің жақсылығы көп, соны дұрыс түсінгеніміз жөн.
«ЖЕТІСУ»: Жаңашылдықты жүзеге асыратын ұстаздар қауымы. Бүгінгі өзгерісті мектеп ұстаздары мен оқушылары қалай қабылдап жатыр? Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының артықшылығы неде? 
Самғат Долаев, Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназияның директоры:
– Осы уақытқа дейін ҰБТ-ға орай ата-аналар да, балалар да қорқыныш пен үрейдің үстінде жүрді. Мектептің дәрежесі, ұстаздардың еңбегі де ҰБТ-ның қорытындысы бойынша бағаланды. Қазір ондай қорқыныш сейілді. Емтихан мектепте өтетіндіктен бұрынғыдай тестілеуге ғана көңіл бөлуді қойып, барлық пәнге еркін дайындық жүргізудеміз. Бұрын «Алтын белгіге» үміткерлер үшін де оны ақтау уайым болатын. Жыл бойы дайындалып, азып, жүдеп  кететін бала. Оны да өз көзімізбен көрдік. Сөйтіп, дайындалғанда 1-2 балы жетпей қалып, «Алтын белгіден» қағылатын. 
Мектепте емтихан тапсыру артық жүк болады деп қорқудың қажеті жоқ. Біз де бұрын дәл осылай мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу сынағын бөлек тапсыратынбыз. Ол ешқандай салмақ түсірген жоқ. Емтихан немесе тест болсын мектепте оқыған бағдарлама негізінде жасалады. Осы жағын ескерген жөн.
Майгүл Омарова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
– Осы орайда Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің  екі жақтап» деген сөзі ойға оралады. Қандай жаңашылдық, өзгерістер болып жатса да адам өз күшіне, біліміне сену керек. Білім алу жолында талмай еңбектеніп, еш сынақтан қорықпаған адам ғана барлық мұрат пен мақсатқа жетеді. 
«ЖЕТІСУ»: – Ұлттық бірыңғай тестілеуді бастапқы кезде көпшіліктің үрке қабылдағаны белгілі. Тестілеу турасында сын-пікірлер де аз айтылмады. Оқушылардың да психологиялық күйзеліске ұшырағаны белгілі. Ал, биылғы жаңа өзгерістің оқушыға психологиялық тұрғыдағы әсері қандай болмақ?  
Жазира  Омарқұлова, А. Макаренко атындағы №6 орта мектептің педагог-психологы:
– Бұған дейін мектеп бітіруші түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, ата-ана мен мұғалімдердің үмітін ақтасам деген ой мазалайтын. ҰБТ алдындағы баланы металіздегішпен тексерген кездегі үрей мен қорқыныш, басқа ортаны жатырқау жағымсыз эмоция тудырып, мазасыздануға алып келетін. Соның салдарынан бала алған білімін ұмытып, оны өз дәрежесінде көрсете алмайтын. «Алтын белгіге» үміткерлердің де өз білімін дәлелдей алмай жатуы бойындағы үрей мен қорқынышты жеңе алмауынан деуге негіз бар. Ал ендігі жерде білімін мектепте, өздері үйренген ортада, мұғалімдерінің алдында дәлелдеуіне тура келеді. Сондықтан мұндай күйзелісті жағдайлар орын алмауы керек. Биылғы мәселе жаңа өзгерісті оқушылардың қалай қабылдауында болып отыр. Сол үшін психологтар  мектепте балалардың логикалық қабілетін арттыруға байланысты  бағдарлама жасап, оқушы бойындағы үрей, мазасыздықтарды жеңуге арналған психологиялық тренингтер, кеңестер өткізіп, ата-аналар, мұғалімдермен жұмыстар жүргізудеміз. Осы орайда ата-аналарға балаларыңызға көп көңіл бөліңіздер, оның әрбір жетістігін бағалап, көмек беріңіздер, көп күш-салмақ  түсірмеңіздер, ең бастысы сеніммен қарап, бойына сенім ұялата біліңіздер дер едім. 
ОЙ-ТҮЙІН: Бүгінгі мектеп бағдарламасы оқушылардың қабылдауына қиын. Шындығы керек, ата-ананың көмегінсіз үй тапсырмасын оқушы өздігінен орындай алмайды. Өзіміз де ата-анамыз. Бұндайды  үй тапсырмасы балаларға берілген бе, әлде ата-ананың орындауы үшін берілген бе дейтін де кездеріміз болады. Айтпағымыз, көп тапсырма баланың жасына сай келмейді, күрделі. Бұл оқушыға артық салмақ салып, қинаудың қажеті не деген ой туындайды. Баланың көтеретін сөмкесінің ауырлығы да, оқитын сабағының көптігі де өзінше бір әңгіме. Осы жағы неге ескерілмейді? Бұған ұстаздар қауымы не дер екен?
Биғайша Қауметова, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы  №18 орта мектеп-лицей директорының орынбасары:
– Жаңашылдық – бүгінгі уақыт талабы. Қоғам өзгерді, балалардың талабы жоғарылады. Неге біз бір орында қалып қоюымыз керек. Сол сынды білімге де жаңаша талаптар қойыла бастады. Осы орайда  жаңартылған бағдарламаның берері мол. Ол баланың функционалдық сауаттылығын арттыруға, еркін ойлауына, өмірде өз жолын табуына жетелейді. 
Жаңартылған бағдарлама бойынша сабақтарға қатысып жүрміз. Мұғалімнің біліктілігі мен баланың ынтасына таңғаласың. Қазақша да, орысша да, ағылшынша да үш тілде сөздерді айтып, санап отыр. Оқулықты ауыр деуге келмейді. Үш оқулықты өлшегенде бұрынғы бір оқулықтың салмағы шығады. Оқулықтары қандай сюжетті. Бұл бағдарламаны меңгерген баланың болашағы зор болады деп толық сеніммен айта аламын.  Енді бір он жылда біздің Қазақстанның жастары биік дәрежеде ойлай алатын болады. 
«ЖЕТІСУ»: – Жаңартылған бағдарлама мектепте қалай жүзеге асып жатыр деп сұрасақ, кейбір ұстаздардан: «бұл бағдарламаны балаға үйретпек түгілі өзіміз толық меңгере алмай жүрміз» деген жауап естиміз. Ұстаздардың жаңа бағдарлама бойынша дайындығы қай деңгейде? Олар бағдарлама бойынша балаға толық білім беруге, яки бағыттай білуге дайын ба? Жалпы жаңартылған білім бағдарламасының артықшылығы қандай?
Гүлнар Сұлтанқызы, №2 орта мектеп директорының орынбасары:
– Мектебімізде жаңа бағдарлама негізінде білім беретін ұстаздардың бәрі оқу курсынан өтіп, сертификат алған. Бізде осы тұрғыда тәжірибе алмасулар жолға қойылған. Жаңартылған бағдарлама бойынша семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылып тұрады. Ұстаздар бұл бағдарламаны толығымен меңгеріп жатыр деп айта аламыз. 
Стандартқа сай биылғы оқу жылынан үштілділік енгізіліп жатыр. Бағдарламның атап өтер бір ерекшелігі, мысалы, қазақ тілінен «Менің үйім» деген тақырыпты өтсе, ағылшын тілінен де, орыс тілінен де осы сабақ өтеді. Ол баланың тілінің дамуына айтарлықтай әсер етеді. Оған өзіміз көз жеткізіп, балалардың аздаған уақыт ішінде ағылшын тілін меңгеріп жатқанына куә болудамыз. Бұл үлкен жетістік. Мектепалды даярлық топтарына да ағылшын тілі енгізілуде. Сонымен қатар, қазақ, орыс тілдерін де қатар оқитын болады. 
Бағалау да электронды түрде жүзеге асады. Бұл да мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді. Әрі мұғалім тарапынан бағаны көтермелеп қоюға жол берілмейді. 
Тағы бір артықшылығы мұғалім күнделікті оқу жоспарын жазбайды. Бірінші сыныптың бағдарламасы, күнтізбелік жоспар дайын электронды түрде келеді. Онда қысқа және ұзақмерзімді оқу жоспарлары бар. Мұғалім сабақты біткен кезде нені қамти алмай қалды, содан келесі күнгі сабақтың тақырыбы, мақсаты туындайды. Осы жағынан мұғалімге жақсы көмек көрсетіліп отыр. Тек ұстазға әр сабақ бойынша рефлекция жазуға тура келеді. Ол айтарлықтай қиындық келтірмейді. Мұғалімдер жаңашылдықты толықтай қабылдап, барлық қиындықты жеңіп жұмыс істеу үстінде. 
«ЖЕТІСУ»: – Мұғалімдердің жасаған жұмыстары туралы көп қағаз толтыратыны жиі айтылып жүр. Қағазбастылық баламен жұмыс істеуіне кедергі келтірмей ме?
     Ләззат БАЗАРҚҰЛОВА:
– Еш кедергі келтірмейді. Ешбір мұғалім таңертеңнен кешке дейін қағаз жазумен ғана айналысып отырған жоқ қой. Шынтуайтына келгенде әркім өзінің жұмысын жеңілдеткісі келеді. Сондықтан қағаз жазудан қашады. Бірақ, одан ешқандай қиындық тумайды, ол – талап. Егер мұғалім жұмыс жоспарын жазбаса, ол сабаққа дайындалмады деген сөз. Балалардың күнделікті сабағына сараптама жасап отырмаса, жүйелі жұмыс та болмайды. Сондықтан бұл міндетті.


ОЙ-ТҮЙІН: Шындығы керек, білім саласы реформадан көз ашпайды. Мұғалімдер де, оқушылар да түрлі сынақтың алаңына айналғаны белгілі. Жыл сайын орын алатын өзгерістер кейде ұстаздарды да, ата-аналарды да қажытып жібергендей көрінеді. 
Бірақ, уақыт талабы, жаңашылдық деген нәрсе көңілге медеу болып, алға қарай ұмтылдырары анық. Қалай десек те өзгерістер балалардың білімін шыңдау, өркениетті қоғамға батыл қадам басу жолында жасалып жатқан игі бастамалар. Сол істе сәттілік серік болғай!

Сынақ пен сұрақ

Айым Сайлаубаева, Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы:
– Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы жаңалығы қандай?
Ләззат Базарқұлова, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезең бойынша өтпек. Оның біріншісі – мектеп бітіру емтиханы, ол оқушының өзі білім алған мектебінде өтеді. Екіншісі – ҰБТ, ол жоғары оқу орнына түсу сынағы болып табылады. Ол бұрынғыдай ҰБТ пункттерінде өтеді.
Оқушылар мектепте бес пәннен емтихан тапсырады. Оның төртеуі міндетті. Біреуі – таңдау пәні. Міндетті пәндерге – ана тілі, орыс мектебінде оқитын балалар үшін қазақ тілі, қазақ мектебінде оқығандарға орыс тілі, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы кіреді. 
Оқушылар ана тілінен ұсынылған үш тақырыптың біреуін таңдап,  250-300 сөзден тұратын эссе жазады. Оған 3 астрономиялық сағат беріледі. Алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан өтеді. Оған 5 астрономиялық сағат беріледі. 
Қазақстан тарихынан ауызша емтихан билет бойынша өтеді. Ол 3 сұрақтан тұрады. Екеуі теориялық болса, біреуі картамен, хронологиялық таблицалармен жұмыс болып табылады. Сондай-ақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде білім алған оқушыларға  қазақ тілінен және  қазақ тілінде оқыған түлектер үшін орыс тілінен тестілеу өтеді. Онда 40 сұрақ болады, оған жауап беруге 80 минут уақыт беріледі. Таңдау пәні бойынша да тестілеу өтеді. 
Бір айта кететін жайт,  былтырға дейін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылатын. Биыл ондай жеңілдік жоқ. «Алтын белгі» үміткерлері де, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары да жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырады. «Алтын белгі» иегерлері конкурсқа түскен өзге үміткермен балы сәйкес болып қалған жағдайда ғана артықшылыққа ие болады. Ал «Алтын белгі» мен халықаралық олимпиаданың жүлдегері қатар келген жағдайда «Алтын белгі» иегеріне басымдық беріледі.
Рауан Бугоров, №2 орта мектептің оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер: 
– Жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін кем дегенге қанша балл жинау керек? 
–  Ол таңдаған мамандығыңа қанша талапкер тапсырғанына, олардың ең жоғары қанша балл жинағанына байланысты. Сондықтан оны тап басып ешкім айта алмайды. Балың жоғары болса, оқу орнына түсуге мүмкіндігің де мол болады. Мәселен, мұғалімдік мамандыққа, оның ішінде математика, химияға 55 балмен де түсіп кетіп жатады. Ал медицина, экономика, заң мамандықтарына 110 балмен де түсе алмай қалып жатады. Тіпті «Алтын белгі» иегерлерінің кейбір мамандық бойынша грантқа қол жеткізе алмай қалған жағдайлар да орын алған. Ол мамандық бойынша конкурсқа қатысатын балалардың аз-көптігіне байланысты мәселе. 
Диас Тоқтарбай, №18 орта мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы:
– Балалар мектептегі сынақтан өте алмай қалуы мүмкін бе? Ондай жағдайда қайтпек? 
– Ондай балалар күзгі сынаққа қалады. Ал жалпы комиссияның шешімімен тағы бір билет алып жауап беруге мүмкіндігі бар.
Ержан Жанұзақов, Абай атындағы №1 орта мектептің оқушысы: 
– ҰБТ-ны тапсыра алмай қалған баланың қайта тапсыруына мүмкіндігі бар ма?
– Тамыз айында қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. 
Азат Жарқынбай, №18 орта мектеп-лицейдің оқушысы:
– Эссенің тақыптары алдын ала беріле ме?
– Нақты сол тақырыптар берілмейді. Жобалап, соған ұқсас тақырыптар беріледі. Мәселен, «Саяхатшылар өзі келген елдің салт-дәстүрін сақтауға міндетті ме?», «Ғылыми-технологиялық прогресс адамдарға әсер етеді деп ойлайсыз ба?» деген сынды тақырыптарға эссе жазып машықтансаңдар, сынақ кезінде қиналмайтын боласыңдар.  
Саяжан Жұматаева, №18 орта мектеп-лицейдің оқушысы:
– Кейбір мектептерде екі бағыт бойынша тереңдетіліп оқытылады. Соған орай емтихан, тест сұрақтарында өзгешеліктер болуы мүмкін бе?
Айжан МАМАНҚЫЗЫ, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
– Жоғары сыныптарда екі бағыт бойынша тереңдетілген білім беріледі. Ол – қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары. Осыған орай берілетін тапсырмаларда айырмашылық кездеседі. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағыларға алгебрадан, жаратылыстану бағытындағыларға тіл-әдебиет тарихтан жеңілдеу сұрақтар берілмек.
Гүлдана Әбілдаева, Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназияның оқушысы:
– Ұлттық бірыңғай тестілеу мен емтихандарда кездесетін сұрақтарды қайдан алуға болады?
– Сұрақтарды Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы дайындайды. Сондықтан ҰБТ орталығының сайтынан және «Күнделік» сайтынан қарауларыңызға болады. Онда дәл сол сұрақтар берілмесе де  соған шамалас тапсырмалар ұсынылған.

Алма Есенбаева

Оқи отырыңыз