Білім жайын қозғады

Білім жайын қозғады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасының халыққа арнаған Жолдауында білім саласына жүктелген міндеттер жайы сөз етілді.

Ол турасында жан-жақты баяндап өткен Ләззат Тілеубайқызы Елбасы Жолдауында білім саласына бірқатар міндет жүктеп отырғанын жеткізді. Ондағы негізгі мәселе – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру, білікті педагогтардың жетіспеу проблемасын шешу, мектептің оқыту жүйесіне ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізу екенін айта келіп, үштілділік жайына айрықша тоқталды. 
– Елбасы Жолдауында үш тілді білім беру заман талабы екенін баса айта отырып, қазақ тілінің басымдығы сақталатынын, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетінін, сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі болғандықтан, оны меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайтынын атап өтті. 
Үштілділік туралы сөз еткенде оны көпшілік ағылшын тілін дәріптеу деп түсінеді. Алайда, ол қате пікір. Болашақта да қазақ тілін дамыта отырып, жастардың үш тілді бірдей меңгеріп, жан-жақты білімді, сауатты болуына жағдай жасалмақ. Ол үшін облысымызда үштілділікті дамыту бойынша арнайы жоспар жасалып, жұмыс тобы құрылды. Бірінші кезекте мониторинг жасап, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдердің деңгейін анықтау көзделіп отыр. Соған орай білімін жетілдіруді жүзеге асырмақпыз. 
Бірқатар мектепте апробация ретінде ағылшын тілінде оқытуды бастап кеттік. 2019 жылы 10-11-сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде жүргіземіз деген жоспар бар. Жаңартылған бағдарлама бойынша оқушы 5-сыныпқа дейін  ағылшынша күнделікті қолданылатын сөздерді білуі, 10-сыныпқа дейін терминологияны меңгеруі тиіс. 
Қазір көпшілік арасында «физиканы қазақ тілінде түсіне алмай жүрген бала ағылшын тілінде қалай қабылдайды?» – деген пікірлер айтылуда. Тәжірибеден көріп отырғанымыздай, дайындық дұрыс болса, бала оны еш қиындықсыз алып кетеді, – деді. 
Ал, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты болдырмау барысында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, кадр мәселесін шешу қажеттігін атап өтті. Алдағы оқу жылынан 400-ден астам мұғалімнің қажеттігі артуда. Оған жастардың педагогикалық мамандықтарға аз баруы себеп болуда. Осы тапшылықтың орнын толтыру үшін жоғары оқу орындарымен жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты. 
Кәсіптік мамандықтар бойынша тегін білім берудің мән-жайын да баяндап өтті.
– Жұмыссыз жүрген жастар, ересектер болсын, 5 мыңнан астам адамды тегін оқыту қолға алынбақ. Ол облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жүзеге асырылмақ. Одан бөлек облыстық бюджеттен кәсіптік-техникалық колледждерге 5 мыңнан астам грант бөлінеді. Ол арқылы жастарға жұмысшы мамандықтары бойынша тегін білім беріледі, күніне бір рет тегін тамақпен қамтылады әрі шәкіртақы тағайындалады, – деді.
Баспасөз мәслихаты барысында Елбасы Жолдауында білім саласына жүктелген міндеттердің толығымен  жүзеге асатынын алға тартқан Ләззат Тілеубайқызы журналистер сұрақтарына да жауап беріп, білім саласындағы жаңашылдықтар жайын да қозғай кетті.

Алма Есенбаева

Оқи отырыңыз