Ізгіліктің бастауы

Ізгіліктің бастауы

Оқушылар сарайында «Бастауыш сыныпта инклюзивті білім берудегі өзекті мәселелер» деген тақырыпта ұстаздар арасында аймақтық конференция өтті. Бастауыш сынып мұғалімдерінің басын қосқан конференцияны ұйым­дастырудағы мақсат – инклюзивтік білім беру бойынша бастауыш сынып мұғалімдеріне педагогикалық-психология­лық бағдар беру. 

Түйінді мәселелерді қоз­ғаған басқосуды №2 облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік кеңесі, педагогика ғылымының магистрі Сәуле Жақыпбекова ұйымдас­тырды. Алғашқы сөзді облыс­тық білім басқармасының мектепке дейінгі, мектептен тыс және интернаттық мекемелер бөлімінің басшысы Гүлжан Елубаева алып, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың жаңа әдістерімен таныстырды. Инклюзивтік білім беру дегеніміз – балалардың жынысы, жас ерекшелігі, географиялық тұратын жері, қимыл-қозғалысы және ақыл-есінің әрқилылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу мен әлеуетін дамыту мүмкіндігі. 
Елімізде білім беруді дамытуға арналған 2011 – 2020 жылғы мемлекеттік бағдарламасында, инклюзивтік білім үшін жағдай жасайтын мектептердің үлесі 70 пайызға ұлғайтылмақшы. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету мен мектептегі тамақтанудың тиімді менеджменті ұйымдас­тырылады. Оқушылар жалпы білім беретін мектепте сапалы медициналық қызмет ала алады. Жалпы білім беретін мектептерде медициналық кабинеттерді ашу және оның қызмет етуін қамтамасыз ету барысында шаралар қабылданады. 
Конференцияны ұйым­дастырушы педагогика ғы­лы­мының магистрі Сәуле Социал­дықызы психология­лық-медициналық-педагогтік кеңес берудің мақсаты жөнінде толыққанды мағлұмат берді. Мақсат – 18 жасқа дейін­гі балалардың дамуындағы тежелу мен бұзылыстарды  анықтау және балаларды тәрбиелеу, оқыту, түзете дамыту және денсаулықтарын сақтау мәселелері бойынша ата-аналарға ұсыныстар мен кеңес беру, әдістемелік көмек көрсету. Конференция барысында «еркін тілдесу» микрофоны іске қосылды. Онда Сәуле Социалдықызы мектеп директорлары және бастауыш сынып мұғалімдерімен сауал­нама жүргізді. Конференция­да көптен көкейде жүрген сұрақтардың жауабы табылды. Бұрындары жалпы білім беретін мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақ берудің жауапкершілігінен қорқып келгендер, конференция соңында жаңаша сабақ беруге құлшыныс білдірді. Балаларға жеңілдетілген бағдарлама бойынша сабақ оқытылатыны ұстаздардың күмәні мен қорқынышын сейілтті.
Инклюзивтік білім беру жүйесін енгізу арқылы оқу­шыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ.

Оқи отырыңыз