Жат ағым жарға жығады

Бүгінде Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы халықтың жалпы санының 27,8 пайызын, яғни 4,5 миллионнан астам адамды құрайды. Олардың 700 мыңнан астамы – студенттер. Бұл ретте ауылдық жерлерге қарағанда қала жастарының саны көптеу.

Жастар білім алу, мамандық таңдау және қоғамда әлеуметтену, негізгі араласатын ортасын құру, рухани қағидаттар мен бағдарын қалыптастыру секілді негізгі әлеуметтік және демографиялық өмірлік кезеңдерінен дәл осы жас кезінде өтеді. Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біз үшін жат ықпалды күштердің алдында әлсіздік танытады. Әсіресе жастар діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз болып келеді. Жастар әділдік пен жақсылық үшін күресте барлық іс-әрекетке, соның ішінде шектен шығушылыққа да бой ұрады.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөзінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деген ұлағатты сөз айтады. Бұл жағдаят адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды. Бұған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы біздің болашағымыздың алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. Бірінші кезекте бұл, әрине, ата-аналар мен жақын туыстарға қатысты, өйткені, тәрбиелеу ісінің адамның дүниеге келген сәтінен бастау алатыны айтпаса да түсінікті. Дүниетаным негізі, адамның ақиқатқа деген көзқарасы балалық, жасөспірімдік және жастық шағында қалыптасады. Жастарымызға ежелден аға буын өкілдері – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың ғибратты сөздері, мінез-құлқы мен даналығы тәрбиелік жағынан үлкен әсер еткен. Сондықтан отбасылық тәрбие институттарын барынша қолдау қажет. 
Әрине, жалпы білім беретін, орта арнайы және жоғары оқу орындарындағы, жалпы білім саласындағы тәрбие үдерісі өте маңызды. Баршаңызға белгілі, біздің елімізде орта білім алу міндетті саналады, ал жоғары білім алуға көп жағдайда мемлекет қолдау көрсетеді. Бұл ретте білім беру жүйесі зайырлы қағидаттардан тұрады. Сондай-ақ, қоғамның жан-жақты және үйлесімді дамыған мүшесін қалыптастыруға бағытталған. Барлық тарихи кезеңдерде жастардың қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Қазіргі таңда тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған және кәсіби дайындалған жастардың ғана сапалық, серпінді және инновациялық дамудың маңызды шарты мен кепілі болатынын, еліміздің болашағын қамтамасыз ете алатынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Өмір сабақтары көрсеткендей, бүгінде рухани тұлға болу тұрақты түрде машықтануды талап етеді. Жаппай технологиялану және ғаламторға жылдам қосылу мүмкіндігі жасалған ғасырда, кең ақпараттық мүмкіндіктер жағдайында жастарға кейде діни немесе басқа қажетті идеяны дұрыс таңдау қиынға соғады. Сондықтан теориялық ережелерден, жалықтырып жіберетін философиялық немесе ортағасырлыққа тартатын керітартпа ұғымдардан гөрі жастар айтулы тұлғалардың нақты тәжірибесінен сабақ ала отырып, имандылықтың шынайы мәнін танып-түсінуі қажет. Сонымен қатар, жастардың санасына діни қайраткерлерден басқа адамдар да рухани байлығын сіңіруі керек. Елімізде үлгі-өнеге алуға лайықты қаншама иманжүзді ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, әскери қызметкерлер, саясаткерлер бар. Оларды құрметтеп және еліктейтін жастарымыз көптеген өмірлік сауалдарға жауап табар еді.
Кез келген дін, соның ішінде ислам да адамның білім алуына шектеу қоймайды. Сауатты адам ешқашан көш соңында қалған емес. Сондықтан жастар Алла тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал. Біздің қазақи көшпенді мәдениетіміз басқа мәдениеттерден көпқырлылығымен және біртұтастығымен ерекшеленеді. Бұл дегеніміз, біздің ата-бабаларымыздың дін мәселелерінде ақ-қараны айыра білсе де дінді арнайы салаға немесе өмірдің міндетті бөлігіне айналдырмағанын аңғартады. Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Қазақтар дінді сыртқы атрибутика ережелері мен шартты жоралар жиынтығы ретінде емес, этникалық мәдениет пен халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап діни ілім ретінде қабылдады.
Мұның бәрі біздің бабаларымыз ұстанған және қазір Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде насихаттайтын исламдағы ханафи мазхабы ілімінің арқасында мүмкін болып отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздегі жастарды діни ұстазды таңдауда барынша сақ болуға шақырамыз. Жалған уағызшылардың шақыруын ойланбай қабылдап, жетегінде кетпей, әрбір іс-әрекеттеріңіз бен қадамдарыңызды ақылға салып, оларды қоғамда белгіленген жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалары тұрғысынан түсіндіру мақсатында «Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Панфилов аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен 2018 жылдың 19 наурызында Көктал ауылдық округінде, Ақжазық ауылында, Үлкенағаш ауылдық округінде, 20 наурызда Пенжім және Басқұншы ауылдық округтерінде  «дөңгелек үстел» өткізілді Қазақстан Республикасында діни экстризм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында, азаматтардың сана-сезімінде маңызды идеологиялық құндылықтар мен қағидаларды қалыптастыру мақсатында өткен. Маңызды іс-шараға ғалымдар, ішкі саясат басқармасы, дінтанушы-теологтар, ауыл молдалары, аудан мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында дін – кез келген халықтың рухани дүниесі мен мәдениетінің өзегі екендігі түсіндіріліп, жастардың қоғамда білімді тұлға болып қалыптасуына үлкен мән берілетіндігі аталып өтілді. Аталған іс-шараның өткізу мақсаты – қазіргі жасөспірімдерге діни ағымдар бойынша дұрыс түсінік беріп, экстремизм-терроризмнің қатыгездік жолдарын көрсету.
«Дөңгелек үстел» жоспарланған күн тәртібі бойынша атқарылып, сәтті аяқталды. Ғалымдар, ішкі саясат басқармасы, дінтанушы-теологтар тарапынан ислам дінінің мәні мен мағынасы, экстремизм мен терроризмнің зардабы, жастардың қоғамдағы рөлі, еліміздің заңнамаларындағы дін мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Кездесуге жиналған  жастар мен ауыл тұрғындары  көп жайттардан хабардар болды деп есептейміз. Себебі, бағдарлама барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды. 
Білімді мамандардың айтқан сөздері мен пікірлерін ұйып тыңдаған зал толы жастардың бұл жиыннан терең мағыналы ой түйгені сөзсіз. Қорытындылай келе, барлық мектеп оқушыларына ислам дінінде терроризм мен экстремизм ұғымдарының жоқ екендігі, сонымен қатар, теріс діни ағымды ұстанушылардан аулақ болу қажеттігі түсіндірілді.

Ж. СМАНҚҰЛОВА,
тарих ғылымдарының докторы, Білім және жаңа инновациялық 
технологиялар орталығының директоры

Оқи отырыңыз