Қабір қазушылар

Қабір қазушылар
Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Өмірден озған жандардың қабірін қазып, сауапты іс жасап жүргендердің жұмысы тіптен ерек.  Екі қызметкер өз ақысын сұрай алады: оның бірі – қасапшылар болса, екіншісі – қабір қазушылар. Ауылда туып-өскеннен кейін қабірді көрші-қолаңның жігіттері жиналып қазатынын көргенбіз. Ал қалалық жерде арнайы көр қазушылар болады екен. Иә, мұны естігенде таңғалуыңыз бек мүмкін. Тіпті, екі қолға бір күрек табылмай жүргендер шығар деген пікірлердің ойға келетіні де жасырын емес. Ендеше, осындай жаңсақ пікірлерден арылу үшін қабір қазушылармен жолығып, жұмыстың жай- жапсарын біліп қайттық.
Талдықорғанда орналасқан қалың қорымның біріне келдім. Биік темір қақпадан кіре аң-таң болдым. Кезінде біреу: «Қазақтың шөбін көріп жегім келеді, бейітін көрсем өлгім келеді», –депті. Иә, осы тәмсілдің мағынасын енді түсінгендеймін. Айнала зәулім мазар. Құдды шағын ғана қалаға кіргендей боласың. Бір-бірімен жарыса салынған зираттардың сырты әдемілеп қоршалған. Тіпті, қалақтай тастарға дастан жазып, зират қоршауының сыртына орындықтар қойып, түрлі оюмен өрнектегендері де бар. Қазақ: «Өлсең көрің кең болсын»,–дейді. Бүгінгілер мазарын кеңейтуде. Зәулім мазар салып, қайда барамыз осы? 
Кенет көзім шатыры шұрық тесік, көрінер-көрінбестей, мазардан жұпыны салынған үйге түсті. Апыр-ай, бейіттің ортасына салынған үйде де адамдар тұрады ма?! Аң-таң болып ойланып тұрғанымда әлгі үйдің ішінен ірі денелі шымыр жігіт шықты. Сөйтсем бұл үй көр қазушылардың тұратын орны екен. Нұрлан Сауаптанов (аты өзгертілген) жылы шырай танытып амандасты. Көнжорғақ болып, мүйістеніп қалған алақанынан қабір қазушы екені бірден байқалады. Ағама келген жайымды айттым. Ол да тосылып қалған жоқ, алдымен жаңа қазылып жатқан қабірге барайық деді. Ішімнен бисмилләмді айттым да, қалың қорымды аралап кеттім. Бейіт маңы күл-қоқыстан көрінбейді. Тазалау жұмыстары жүргізілмегені көрініп тұр. Бір байқағаным, арасын кішкене жол бөліп тұр демесең христиан дініндегі адамдар да осында жерленген екен. 
Жаңа қазылып жатқан қабірге келдік. Үш жігіт миы шыққан жердің батпағына қарамай қызу жұмыс істеуде. Күректің сабына дейін балшық. Қабірге жатып көрмек ниетпен ішіне түстім. Өңім бозарып, тұла бойым суып кетті. Денеме қан жүрмей қалғандай сезімде болдым. Іші қақаған қыстың суығынан да ызғарлы. Әшейінде биік-биік қоршаулардан өтіп, бұдан да терең қазылған жерден оп-оңай қарғып кетуші едім, бұл жолы аяқ-қолым ұстамай әзер шықтым. Бозарған түрімді көрген жігіттердің бірі: «Сен бұрындары қабірдің қалай қазылатынын көрмегенсің бе?», – деді.  «Жоқ». «Онда түсіндіріп өтейін. Алғашында осылай қорқынышты болады, кейін үйреніп кетесің», – деді. Маған да керегі осы еді. Өзіме-өзім келгеннен соң нақты іске көшіп, сауал қоюға асықтық. Сауалымыздың негізгі ауаны қабір қазушылардың жұмысы, қанша адам жұмыс істейтіні, қабір қалай қазылады төңірегінде өрбіді.
– Мұнда бес адам жұмыс істейміз. Біреуміз осында кезекпен күзетте қаламыз, қалған төртеуі таңнан кешке дейін жұмыс істеп, үйлеріне қайтады. Біз тек қабір қазып қана қоймай, осында күзетшіміз. Таңертең сағат жетіде жұмыста боламыз. Алдымен тапсырыс қабылдаймыз. Адамдар туыстарын жерлейтіннен бір күн бұрын тапсырыс береді. Баса-көктеп қабір қаза жөнелмейміз. Алдымен қаза тапқан адамның аты-жөнін, неден қайтыс болғаны сияқты құжаттарын толтырамыз, яғни, тіркеуге аламыз. Одан кейін барып қана іске кірісеміз. Айта кетейік, біз тек мұсылмандардың қабірін қазамыз, христиандарда да бес адам жұмыс істейді. Айырмашылығы – христиандардың қабірі тік болса, бізде жанынан ақым қазылады. Қабірдің ені – 1, ұзындығы – 2,2, қоршау 3/4 шаршы метр аумақты алады. Қабір қазу оңай шаруа емес. Ауа райына қарамай жұмыс істейміз. Әсіресе, қыстың көзі қырауда жер қазған қиынның-қиыны. Оның үстіне биыл қыс қатты болды. Тоң 1,5 метрге дейін болды. Арнайы техника жоқ, барлығын қолмен қазамыз. Қара терге түсіп, қатып қалған жерді ломмен оясың. Тіпті, қыстың қақаған үскірік аязында таңертең бастаған жұмысты кешке дейін созған кездеріміз болды. Кейде түнімен үйге қайтпай қазамыз. Мойнымызға алған шаруаны уақытылы істеуіміз керек. Бала-шағаның қамы үшін де аянып қалмайсың. Жазда үш-төрт сағатта қазып тастаймыз. 
Ойпыр-ай, қақаған аязда жер қазбақ түгілі, далаға шығуға ерінеміз. Ал бұл кісілердің ауа райының қолайсыздығына қарамастан күні-түні қабір қазатыны нағыз ерлік емес пе? Сонымен қатар, қабіршілердің алдымен құжат толтыратыны, қосымша күзетші болатыны біз үшін беймәлім тұс. «Естімеген ел де көп» деген осы шығар. Енді білетін болдым. Ағамыз әңгімесін ары қарай жалғады. 
– Қарапайым халық кейде ой, сендер жатып алып байып жатырсыңдар дейді. Бұл қате пікір. Бұрында бізге фирма қарағанда жиырма мың теңге ақша алатынбыз. Қазір жеке кәсіпкерлікке берілді. Бір жылдан асты, айлық алмадық. Бейіттің өзін тендерге салып жібердік. Қаймана қазағым қайда барады?  Табысымызды қабір қазып, зираттың айналасын тазалап, сырлағанымыз үшін табамыз. Бір қабір қазғанымыз – отыз бес мың теңге. Оның бес мыңы құжат толтыруға кетсе, қалғанын қазғанымыз үшін бес адам бөліп аламыз. Тіпті, істеген жұмысымыздың ақшасын ала алмай қалған күндеріміз де болды. Мәселен, 2009 жылы «Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық наркологиялық диспансер» шаруашылық жүргізу құқындағы мемлекеттік коммуналдық мекемесінде алапат өрт болды. Сол кезде 11 адамның қабірін қаздық. Бір кездері жұмысты тастап кеткім де келді. Бірақ, өзіңіз білесіз, бала-шағаны бағу ер адамның міндеті. Отбасының қамы үшін толық емделмей, ауруханадан қашып шығуға тура келді.  Әлі күнге дейін бүйрегім ауырады. Ауруханадан шыққаннан кейін: бір дөкейлер зираттың іргетасын тегін құйдыртқысы келді. Бірақ ақшасын төлемегені үшін бармадық. Кейде осылай болады. Шет жақтағы ауылдарға кетіп қаламыз. Туыс-туғандары жоқ жандарды тегін жерлейміз. 
Қазіргі қабіршілердің  тұратын жеріне де жағдай жасалмаған. Зиратта су мен жарық жоқ. Тас қараңғыда отыр. Біз жарықты өзіміз қостық. Суды үйден алып келеміз. Жазда зират басына келгендерге су керек болады деп бөшкемен сатып алып қоямыз. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Тек шыдай білу керек. Біздің қолдан келгені осы жұмыс болған соң, басқа салаға кете алмаймыз. Құрылысшы, күзетші болып та көрдім. Бірақ жаныма жақын жұмыс осы. Оның үстіне көпшіліктің алғысы мен батасын алып өскен соң сауапты іс жасау парызымыз. 
О, тоба, осындай оқиғаларды өзге біреудің ауызынан естісек сенбес едік. Расында да, сырт көзге бәрі оңай секілді. Қанша қиындық көрсе де, өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, сауапты іс жасап жүрген жандардың ел білмей-       тін беймәлім тұсы осындай. Ағамыз зират басындағы тазалықтың сын көтермейтініне қынжылды.
– Сәуір айының соңғы жұмасы ата-аналар күні. Бұл күні барша халық зират басына келіп, Құран бағыштап, тазалау жұмыстарын жүргізуі керек. Көктем мен күзде бейіт басын тазалап реттеген жөн. Бұны көп халық мұсылмандарда жоқ дейді. Шариғатта көктем мен күзде бейіт басын қара дейді. Өкінішке қарай, қазір халық «зираттан ештеңе алуға болмайды» деп қоқыстарын да тазаламайды. Тіпті, қашаны бұзып, шеттегі бейіттердің маңынан жол салып алған. Ауылда ағаларымыз көлігін зиратқа жетпей тоқтатып ары қарай жаяу баратын. Бүгінде бейіттің ішін көлікпен аралап жүреді. Осы бір келеңсіздіктер жойылса, халыққа тазалау жұмыстары көптеп насихатталса екен деймін, – дейді қабіршілер.
Расында, қабір қазу – сауапты істердің бірі. Шариғатта да қабір қазушыны риза ету керектігі жайлы жазылған. Олай болса, қиындықтарға қарамастан сауапты іс жасап жүрген жандардың еңбегін бағалай білейік. Қабірстан біз үшін үнсіз ғибрат мекені емес пе?!
 
Айдар ҚАЛИЕВ

Оқи отырыңыз