Құс баққан кәсіпкер

Құс баққан кәсіпкер

Құс шаруашылығының өнімдері қай кезеңде де сұранысқа ие. Сол себепті қазір аталмыш саламен шұғылданатындардың саны аз емес. Соған орай, бұл кәсіптің пайдасы да шаш-етектен. Жалпы, Жетісу жерінің табиғаты құс шаруашылығымен шұғылдануға өте қолайлы. Өйткені, бұл аймақта салаға қажет азық қоры жеткілікті. Тек өсімтал құс әкеліп, оған тиісті жағдай жасап, дұрыс бақса болғаны. 

Осындай кәсіпті қолға алып, оның өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып жүрген азаматтар Алматы облысы Балқаш ауданында да бар. Солардың бірі «Светлана» шаруа қожалығы деп аталады. 
Кәсіп иесі Светлана Ирсаева. Құс бағуға негізінен жұбайы Шәріп Ирсаев көмектеседі. Балалары да қолғабыс етеді. Бүгінде олардың қорасы қаз-үйрекке толы. Біз оны арнайы іссапармен барғанда көрдік. Айта кетейік, үйрек пен қаз – үй шаруашылығындағы пайдалы құстардың бірі саналады. Себебі, олар күй талғамайды әрі төзімді келеді. Сондай-ақ, ол ет пен майды, қауырсын мен мамықты мол береді. Құс етінің ақуызында қышқылдар сирек кездеседі, ал қанықпаған май қышқылдары көп. Олар тез ериді, өте сіңімді, асқазан мен ішек жолдарында жеңіл қорытылады. Етінің құрамында В, Н, РР дәрумендері мен калий, магний, натрий, темір, фосфор, мырыш, кальций, мыс секілді пайдалы заттар бар. 
Сонымен бірге бұл шаруа қожалығында тауық та өсіріледі. Оның жұмыртқасының дәруменге бай табиғи өнім екені белгілі. Сол себепті нарықта оған деген сұраныс жоғары. Әлеуметтік жағынан да маңызы зор. Шаруашылықта тауық тәрізділер тұқымдасының бір түрі қырғауыл да бағылады. Бұл құс өте әдемі әрі өсімтал келеді.  Негізінен өсімдік, жеміс-жидек, дән, бүршік, түйнекпен қоректенеді. Өсімдік қандаласы, шегіртке сияқты зиянкестерді жеп те пайда келтіреді. 
Шәріп аға үй шаруашылығында бағылып жатқан құс түрімен таныстырды. Құс қорасы үй ауласынан орын теуіпті. Құдды бір зообақ дерсің. Жылы әрі жаңадан салынғаны бірден байқалып тұр. Көл суы да сол маңнан табылады. Бірақ, қазір мұз болып қатып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, құсты емін-еркін бағуға қажет жағдайдың бәрі қарастырылған. 
– Бізде екі жүз бас қаз, жүзден аса жабайы үйрек, жүз елу қырғауыл, жеті жүздей тауық, құр бар. Тауық жұмыртқасы Ресейден әкелінді. Сөйтіп, олар бастырылып, балапан шығарылды. Оның ерекшелігі сол – етті мол береді. Мәселен, бір тауық еті тоғыз, он келі салмақ тартады. Чехословакиядан әкелінген қырғауыл да бар. Өз еліміздікі де бағылады. Құстарды негізінен еті үшін асыраймыз. Жұмыртқалары дүкендерге өткізіледі. Әзірге көбейтіліп, өсірілуде. Әсіресе, құстың аналық басын көбейтуге күш салудамыз. Бұл шаруамен айналысқанымызға екі жылдай уақыт болды. Бастапқыда бұл шаруамен өзіміз үшін айналысқан едік. Кейіннен бизнеске айналдыруды ойладық. Өздеріңіз көріп тұрғандай, нәтижесі жаман емес. Алматыда тұратын ұлымда инкубатор бар. Жұмыртқалар сол жерде бастырылады. Ал балапандарын біз өсіріп, бағамыз. Олардың азығын көбіне сатып аламыз. Ендігі мақсат – құс санын көбейтіп, өнімдерін нарыққа шығару. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүруде, – дейді өз ойымен бөліскен Шәріп Жақыбайұлы.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

 

Оқи отырыңыз