Аяқкиім шығарып, пайдаға кенелген кәсіпкер

Аяқкиім шығарып, пайдаға кенелген кәсіпкер

Алматы қаласының іргесіндегі Ащыбұлақ ат төбеліндей ғана ауыл болғанымен онда ірі өндіріс ошақтары орналасқан. Осы ауылдағы «Бірінші пивзавод», «Аluminium оff Kazakhstan», «Абди Ибрахим Глобал Фарм», Челябинск ауыр тракторларын құрастыру цехы мен неміс технологиясымен жылыту блоктарын шығаратын зауыттар облыс экономикасын өркендетіп, халықтың әлеуетін арттырып келеді. Осы қатарға ел ырысын еселей түскен, өткен жылы жұмыс бастаған Жәпек батыр ауылындағы «Фатих и ВХ»  аяқкиім шығаратын кәсіпорнын қосуға болады.

Кәсіпорын құрылтайшысы Бақыт Ботояровтың айтуынша, бұл кәсіпорын ашқанға дейін Қытай, Түркия елдерінен аяқкиім тасып, саудамен айналысыпты. Танымал кәсіпкерлермен әңгімелесіп, табысты істің болашағына сеніп, аяққиім шығаратын кәсіпорын құруға бекіпті.
2015 жылы Бақыт түрік  кәсіпкерлерімен келісімге келіп, бизнесжоспар құрып, зауыттың алғашқы негізін қалады. Бір жылдан соң түрік шеберлері Мұстафа Арслан мен Жемалиддин Гюлердің көмегімен аяқкиімнің бірінші үлгісін шығарды. Өткен жылы материалдық-техникалық базаны, шикізат көзін толықтырып, жұмысшыларды шеберлік сыныптарынан өткізді. Істің нәтижесі көңілден шыққан соң сенім күшейіп, өндіріс жұмысын ұлғайтты. Бүгінде кәсіпорында тігін және жинақтау цехы бар. Алғашында 17 түрлі модельді спорт аяқкиімін тігіп, саудаға шығарды. Десе де кәсіпорынның әлі де кем-кетігі бар.
– Термопластавтомат құрылғысы жетіспейтіндіктен аяқкиім табандарын тіге алмай отырмыз. Осы құрылғыға қол жеткізсек, аяқкиімді толықтай өзіміз шығарып, оны «Made in QazaQstan» сауда белгісі арқылы нарыққа шығарамыз, – дейді кәсіпорын басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, олар өндірген өнімнің сапасы жақсы, бағасы қолжетімді. Өндіріс цехында бүгінде 60 жұмысшы  істейді. Жұмыстың деңгейіне байланысты жұмысшылар 70 мыңнан 120 мыңға дейін жалақы алады. Бұл ауылды жердің тұрғындары үшін үлкен жалақы болып есептеледі. Оның үстіне  жұмысшыларды компания өз көлігімен тасып, бір уақыт тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Болашақта жұмысшы санын 150-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр.  Өндіріс орнын аралап жүріп, кәсіпорын жетекшісіне өндірген өнімнің шетел тауарларымен бәсекелестік қуаты туралы сұрап көрдік.
– Мұны басында біз де ойлағанбыз. Бар күш-жігеріміз бен тәжірибемізді жұмылдырып, өндірген тауарларымыздың нарықта бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдейтін боламыз. Осы арқылы тұрғындардың отандық өнімге деген қызығушылығын арттырамыз деп уәде береміз, – деген жауап алдық.
Иә, уәденің орындалуын уақыт пен жұмыстың нәтижесі белгілейді. Біз жұмысын жаңа бастаған өндіріс орнына сәттілік тіледік.

Мақпал МЫСА
Іле ауданы

Оқи отырыңыз