ГҮЛ ӨСІРЕТІН АЗАМАТ

ГҮЛ ӨСІРЕТІН АЗАМАТ

   Елбасы Н. Назарбаев шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің ісін кеңінен қолдауға жағдай жасап келеді. Былтырдан бері «Бастау-бизнес» атты жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту қолға алынды. Соның жемісіндей өңірлерде өрнектелген игі істер аз емес.

 

   Кеген ауданындағы Қарқара ауылында тұратын Ізтелеу Нүсіпқожаев жоғары білімді агроном (суретте). Ол былтыр бір айлық кәсіпкерлер оқуын оқып, қолына арнайы сертификат алды. Одан кейін жаңа жұмыс орнын ашу жөнінде бизнес-жоба жасады. Сол арқылы қолға алған жұмысын облысқа ұсынып, 1 миллион теңге грант иесі атанды. 
   Қарқара ауылы ежелден қысы қатал, қарсауыт мекен болғандықтан тереңдігі 2,5  метр болатын, жерасты негізіндегі 50 шаршы метрлік, жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай орнатты. Оған жарық тартылған, жылу жүйелері жұмыс істейді. Жыл бойы қалыпты жылылығын сақтайды. 
   Биылдың бас кезінен бастап жылыжайда әртүрлі гүл өсіруді қолға алған. Жеміссіз емес. Өсірген раушан гүлдері игілікке айналуда. Биылғы көктемде Кеген аудандық әкімдігінің алдын, ауылдағы соғыста қайтыс болған жауынгерлерге арнап орнатылған ескерткіштің алдын гүлге толтырды. Гүлдерін аудан орталығындағы бірсыпыра мекеме пайдаланды. Ізтелеудің жылыжайында қызанақ, қияр, қырыққабат өсірілген. Әр күні ізденіске толы еңбекқор азамат алдағы уақытта үйінің ауласынан 120 шаршы метрлік көкөніс өсіруге арналған жаздық жылыжай салуды көздеп отыр. Оның алғашқы құрылыс жұмыстары қолға алына бастапты. 
   Ауыл, аудан тұрғындарын қызанақ, қияр секілді көкөніспен қысқа дейін қамтамасыз ету мақсатын көздеген осынау игілікті шаруаға аудан әкімдігі тарапынан лайықты қолдау көрсетілгені лазым. Өйткені, өңірде жылыжай жоқтың қасы. Оған негіз қалап жүрген Ізтелеуге алғыстан басқа айтар жоқ. Ол кәсіпкерлік ісіне жол ашқан, бизнес-жоспарына көмектескен Жанна Қырғызәліқызы бастаған аудандық кәсіпкерлер палатасының атына жүрекжарды алғысын білдірді. Ел мен жер үшін осындай іс жасап жүрген Ізтелеудей азаматтың қолы қуатты болсын!

Қ. САТЫПАЛДЫ
Кеген ауданы

Оқи отырыңыз