ТАБЫСТЫ ҚОЖАЛЫҚ

Ұлт жоспарының 60 және 61 қадамдарында көрсетілген сүт пен ет өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындауда Жамбыл ауданында жүйелі істер жүргізілуде. Бұл бағытта жұмысын заман талабына сай ұйымдастыра білген шаруашылықтардың бірі – Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығы. 

Қожалық иесі, облыстық мәслихат депутаты Талғат Естібековтың жетекшілігімен мұнда былтыр 600 басқа арналған тауарлы-сүт кешені іске қосылған. Аумағы атшаптырым кешен құрылысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен салынды. Кешен жобасының жалпы құны 1 млрд. 780 млн. теңгені құрады. Оның 272 млн. теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты есебінен игерілген.
Қазір қожалық Украинадан 600 бас асыл тұқымды сиыр сатып алуға келісімшарт жасасып, сүтті мол беретін Зеңгібаба тұқымдарын кезең-кезеңімен жеткізуде. Заманауи үлгіде салынып, озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген фермаға былтырдың көктемінде Украинаның Полтава облысынан сүтті мол беретін «Гольштейн» тұқымының алғашқы легі әкелінген еді. Сол елден екі менеджер маман бірге келіп, шаруашылықта белгілі бір мерзімге келісімшартпен еңбек етуде. Олар малдың осы тұқымын күтіп-баптаудағы ерекшеліктерді жергілікті жұмысшыларға үйретеді. 
Соның бірі – Олег Диденконың айтуынша, бұл жердің ауа райы өздеріндегі климатқа өте ұқсас болғандықтан әкелінген мал ойдағыдай жерсінген. Мұнда ертелі-кеш 300-дей сиыр сауылады. Бірінші тума болса да әрқайсысы орта есеппен күніне 25-30 литрге дейін сүт беруде. Бұл жақсы көрсеткіш. Кешенде сауын сиырдан басқа бұзау, тана, туатын құнажындар күтіліп-бағылуда. Жуырда аталған шаруашылыққа Украинадан асыл тұқымды сиырлардың тағы бір тобы әкелінді.
«Табыс» шаруа қожалығы басшысының айтуынша, тауарлы-сүт кешені толық қуатымен жұмыс істегенде жылына 6 мың тонна сүт өндірмек. Осыған байланысты мұнда қуаттылығы 5 мың тонна сүт өңдейтін зауыт салу жұмысы да жүзеге асырылмақ. Оған қажет жер телімі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттамалары толық әзірленген. Бұйырса, алдағы уақытта құрылысы қолға алынады деп жоспарланған.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қарақыстақ ауылы
Жамбыл ауданы

Оқи отырыңыз