Балық та байлық көзі

Балық та байлық көзі
Өңірдегі басты басылым болған соң бұқараның хал-ахуалы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі біздің назардан тыс қалған емес. Осы жолы арнайы аттың басын бақ дарыған Балқаш ауданына бұрдық. Іле өзенін  бойлай орналасқан елді мекеннің басты байлығы балық пен ақмаржан екені әмбеге аян. Оны іштеріңізден де сезіп отырған шығарсыздар. Алдыңғы мақалаларымызда астықтың ақмаржаны күріш жайында біраз ақпарат беріп өткенбіз. Осы жолы ағысқа ұмтылған ақ сазандардың алыстағы ағайынға азық болып, абыройын тасытып отырғанын сөз етпекпіз.
Жеңіл көлік жүруге жүрексінетін, жүк машиналарының митың қимылы мезі қылатын шұрық-тесік жолдар бар. Сапарға шыққан жаяу жүргіншінің, не тағалы аттың табанын тоздырып жіберердей жайсыз. Небір мықты дөңгелектің өзін тоз-тозын шығарады. Тіпті отыруға ыңғайлы биік көлікпен шықтым дегеннің өзінде кездесетін кедергілер көл-көсір. Ішінде жел тұрса билей жөнелетін толқындай теңселесің де отырасың. Піте түскен тондай жырым-жырымы шыққан тасжолдың сұрқы жаныңа батады. Жанға бататыны – әлгі әнтек жолды кесіп өтетін халықтың күйі. Аудан орталығына жеткенше көретін азабы. Біз бір рет жүріп өтіп ығырымыз шықты. Әрі осындай ойға итермелеп отыр. Ал олар күнделікті сол жолмен қатынауға мәжбүр. Шегінерге мүмкіндігі жоқ. 
Бұл сонау шалғайда жатқан Құйған ауылы. Атына заты сай мекен. Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасында орналасқан. Өзеннің арғы бетімен бергі бетін қоныстанған қарашаның басым көпшілігі балық аулаумен айналысады. Еңбектеген қарттан еңкейген бала ау торуды атакәсіпке айналдырған. Нәпақасын ағын судан табады. Жолдың азабы көлдің бетіне қайықпен шыққанда ұмыт болатын сыңайлы. Тілдессең «шүкір» мен «қанағаты» аузында. Әйтеуір,  жолдар бір оңалар деген ниетте. Ақсақалдары батаға бай, жастары туған жерінен береке тапқан. Қалаға баруды құп көрмейді. Бар ойлары осы ауылды тұралатпай, барынша көркейту. 
Біз осындай бір атаның балаларындай ұйыған ауылдың халқын көріп, іштей риза болдық. Жолда кездескен қиыншылығымыз бірден ұмыт болды. Алдымыздан алқалап шыққан ауыл әкімі Кәдірхан Ахметов алдымен «СОМиД» балық шаруашылығына апарды. Ендігі әңгімені содан тарқатсақ.
2004 жылы іргесі қаланған шаруашылықтың жұмысы жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Ілені іргелей орналасқан қожалық 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бас директоры Ернат Әлдібаев. Мемлекет тарапынан 1000 тонна көлемінде балыққа квота беріледі. Соны жыл соңына дейін өтеуі тиіс. Шаруашылықта 12 балық аулау кемесі бар және 6 сүзекіге бөлінеді. Әр сүзекіде 5 балықшыдан. Олар аулаған балықтарының салмағына қарай ақысын алады. Тапқан табыстарын шаруашылық басшылары ай соңында жалақы есебінде береді екен. 
– Әртүрлі балыққа уылдырық шашу үшін әртүрлі жағдай қажет: температура, судың ағыны, уылдырық салатын орын. Ұрпақ көбейту үшін қолайлы жағдай іздеген балықтар кейде бірқауым жерге көшіп барады. Тұщы суда өмір сүретін балықтардың мұндай орын ауыстыруы әдетте көктемде су толғанда орын алады. Олар жоғарыға, судың ағысына қарсы жүзеді. Балықтар көлден шығып, оларға қосылатын өзендерге барып кіреді. Күздің соңына қарай уылдырық шашатын балықтар да өзеннің бастауына шығу үшін судың көтерілуін пайдаланады.  Жалпы 15 сәуірден бастап 1 маусымға дейін балық аулауға тыйым салынады. Себебі, олардың ұрық шашатын мезгілі. Қалған уақыттарда ау салуға болады. Қыс айларында 15-ші ақпанға дейін жұмыс жасаймыз. Бізге тиесілі 3 аумақтық бөлініс бар. Олар 31 де 2-ші, 31 де 4, 32-ші аймақтар. Біздің жұмысшылар осы аймақтарда ғана балық аулайды, – деді «СОМиД» балық аулау шаруашылығының инженері Сейітжан Сатанов.
Негізгі тапсырыс беруші мемлекет. Құжатқа сай балықтың 9 түрін қабылдайды. Арнайы бөлінген тасымалдаушы кеме Іле өзені арқылы жүзіп келеді. Содан соң тауарды зауытқа жеткізеді. Сол тасымалдаушы кеме келгенше ауланған балықтарды мұздатқышқа салып сақтайды. Себебі, олар күннің ыстығына байланысты бұзылуға бейім. Тоңазытқыштың температурасы -10 градусты ұстап тұрады. Аптапта одан да төмен температураға дейін барады. Бұл міндет балық шаруашылық инженерінің мойнына жүктелген.
Жиырма жылдан бері осы кәсіпті жанына серік еткен, Балқаш көлінің тұс-тұсын жеті атасындай жатқа білетін балықшы Мамыр Кәріғұлов қай мезгілде балықтың жақсы қабатынын айтып берді.
 – Алғаш мұз қатқан кез нағыз балық аулайтын шақ екені белгілі. Ал су тасу мен қабыршақ мұз пайда болған уақытта балықтар ай фазасына байланысты қармақ қаппайды. Жылуды ұнататын балықтар – жайын, сазан, тұқы, қарабалық, мөңке балық  және табан балық  жаз уақытында азықтанады. Жазда түннің екінші жартысында және таң алдында балық жақсы қабады, ал таңертең және кешке анағұрлым төмен болады. Көктем мен күзде таң атып қалғанда және кешке балық жақсы ауланады. Ай толған кезде түнде табан балық, көксерке, форель жақсы қабады. Негізінде  балықтың жақсы қабу кестесін жасау мүмкін емес. Біз барынша тәжірибеге сүйенеміз, – дейді ол.
Иә, еліміздегі балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келе жатқанның өзінде де, белгілі бір дәрежеде мемлекет тарапынан қолдау қажет ететіні хақ. Балық шаруашылығы және оның дамуы Қазақстан үшін маңызы жоғары. Біріншіден, еліміз «тоғызыншы территория» теңіздер мен мұхиттарға шыға алмайды. Екіншіден, біздегі балық еті елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, балық экспорттайтын шаруашылықтар бүгінде 3 миллион гектар жерді пайдаланады екен. Үшіншіден, балық еті – адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол. Осыны ескерген шаруа қожалығының еңбегі елеулі. Шағын ауылдың шырайын келтіріп отыр. Бұдан да бөлек ауылдың кәсіпкер азаматтары мал шаруашылығымен айналысатын көрінеді. Көлдің жағасында орналасқандықтан шөбі шүйгін, құрағы құнарлы мекенде төрт түліктің қайсысын бақсаң да өрісіңді кеңейтетіні анық. Оған да біздің көзіміз жетті. 
Мөлдір суға балағын малып ішкен беймарал жұрттың жағдайы осындай. Басқаны қайдам, әйтеуір балықты байлық көзі санайды. Ескі жұрт «елу жылда ел жаңа» деуші еді. Ал бұл ауылдың жаңаратын түрі жоқ. Былтыр арғы беттегі ағайынға арнап жаңа көпір салынды. Соны жанына медет тұтқан халықтың көңілі орнында. Енді жол жөнделсе деген үміті бар.
 
Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз