Жомарт жүректі азамат

Жомарт жүректі азамат

Шатырбай ауылының тұрғындары жас та болса көргенділігін танытып, қажет кезінде ауылға көмегін аямайтын Рустам Чарапиевті құрмет тұтады. Ол  Жаңа жыл, Наурыз сияқты ұлттық, халықаралық мерекелер кезінде өз атынан  сыйлық бөліп, аз қамтылған отбасыларға үнемі көмектесіп жүреді.

Өткен жылы «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында Халықаралық балаларды қорғау күні аудан орталығынан батут алдырып, мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп оқушылары арасында ойындар ұйымдастырып, балғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сол күні осы іс-шараға белсене қатысқандар арасында жеңімпаздар марапатталды. Ауылдастарының шаттығын еселеген Р. Чарапиев  осы  шараға 80000 теңге қаражат бөліп,  демеушілік көрсеткенін ауылдастары өзгелерге үлгі етіп айтып отырады. 
«Чарапиев»  шаруа  қожалығы  2001 жылы  құрылған. Алғашқы  жылдары егістігінің жалпы көлемі 64 гектар  болатын. Оның ішінде егістік 25, шабындық 7, жайылым 32 гектар болса, қазіргі кезде егістік жердің  аумағы 1000 гектарға жетті. Рустамның қожалығында  егін себуден бастап күзгі жиын-терін уақытына дейінгі науқан кезінде 35-40 адам жұмыспен қамтылады. Шаруа қожалығында жыл өткен сайын техникалар жаңартылуда.  Биыл «Қазагрокредит» мекемесі арқылы несиеге 2 дана «МТЗ-1221» тракторын соқа, саймандармен алу үшін тиісті  қаржысын аударып, тапсырыс берді. Жалпы 1000 гектар егістік жердің 876 гектарына күздік бидай, 60 гектарға арпа және 64 гектарға күнбағыс дақылы себіліп, дәнді дақылдың әр гектарынан орташа есеппен 29 центнерден өнім жинауды жоспарлауда. 
Суармалы жері жоқ Шатырбай ауылдық округінде тәлімі жерден алынатын өнім мөлшері кейінгі жылдары азайып кеткен еді. Рустам болса бұл олқылықтың орнын тыңайтқыштармен  үстеп  қоректендіру арқылы толтырып, жақсы өнім алуға қол жеткізді.  Атап айтқанда өткен жылы 150 тонна аммофос, 250 тонна селитраны субсидияланған тарифпен алып, егістік жерді тыңайтты.
Егін егумен қатар мал шаруашылығын да дамыта бастаған фермер 100 бас ірі қара малын қазан айынан сәуір айына дейін бордақыға қойып, әрбір басын 190-200 келіге дейін жеткізіп, етке өткізуде. Еңбек етіп жүрген жұмысшылардың жағдайын да әрдайым назарында ұстайтын азамат биыл қырман басында оларға арнап жаңадан  50 адамдық асхана, 22 орынды жатақхана,  құрал-саймандар қоймасы мен монша салып берді. Еңбекақылары жеткілікті мөлшерде төленеді. 
Ауылдық округте болып жатқан әртүрлі іс-шара кезінде үнемі демеушілік көрсетіп отыратын қайырымды жігіт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерін өркендетуге өзіндік үлес қосу мақсатында ағайындарымен бірлесіп қатымхана үйінің құрылысын бастауға бел шеше кіріспек. Айналасына жан жылуын сыйлап жүрген азаматтың алар асуы биіктей бергей!

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы

Оқи отырыңыз