Түрік тәттілерін әзірлейді

Түрік тәттілерін әзірлейді

«Хакимова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ильмира Хәкімова «Fortuna Food» брендімен кең ауқымды кондитерлік өнімдер шығарады. Кондитерлік цех нарықта он жылдан аса қызмет етіп, бүгінгі таңда отыз адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Кәсіпкер осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа технологияларды енгізу мақсатында шетелдік сарапшыны шақыруды жоспарлаған еді. Жақында Ильмира «Аға сеньорлар» жобасының қатысушысы атанды. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында басқарудың жаңа әдістері мен өндіріс технологияларын, жабдықтарды енгізу және персоналды оқыту мәселелері бойынша біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тартуға бағытталған.
Аға сеньорларға өтініш берген соң кәсіпорынға наубайханалық және кондитерлік кәсіп бойынша көпжылдық тәжірибесі бар Шахин Төрер деген түрік сарапшы-кеңесшісі шақырылды. Ол Газиантеп провинциясындағы Ислахие қаласында дүниеге келген. Бала кезінен бастап кәсіптің нәсібін жете меңгерген. Жеті жасынан шоколад фабрикалары мен кондитерлік цехтарда жалдамалы жұмыста жүріп, кәсіптің қыр-сырын терең меңгеріпті. Осылайша жиырма бес жылдан бері Шахин Төрер кондитер, өндіріс басқарушысы, кеңесші ретінде ондаған еуропалық және Араб мемлекеттерінде қызмет істеп келеді. Қазіргі таңда жеке фирмасы бар және әлем бойынша тәттілер әзірлеудің қыры мен сырын үйретіп, оқытуды жалғастыруда. 
Екі апта ішінде сарапшы «Fortuna Food»-қа сараптама жүргізіп, жұмыс үрдісін ұйымдастыру, өндіріс технологияларын жетілдіру, сапа бақылауын күшейту бойынша ақыл-кеңестерімен бөлісті.
– Шахин Төрердің технологиясы мүлде басқа, осы бағытта тәжірибесі мол. Мысалы, пахлаваны дайындауда қамырды жаймалау ең маңызды іс. Ашытқы қамырын илеу мен жаюдың да технологиясы өзгеше және күрделі. Кондитердік өнімдердің оннан аса түрін пісірдік, – дейді компания жетекшісі Ильмира Хәкімова. 
Шахин Төрер наубайханашылар мен кондитерлерді пахлава, балмұздақ және торт түрі мен печенье, пицца дайындауға, сондай-ақ, басқарудың тиімді әдістері мен өнімділікті арттырудың сырын үйретті. 
– Әдетте әрбір адамның тағам әзірлеу бойынша жеке құпиясы болады. Мәселен мен печенье әзірлеудің үш мың, торттың мың, пахлаваның жүзге тарта түрін білемін. Бәрін үйретуге дайынмын. Үш ай ішінде түрік пахлавасынан кем түспейтін өнім дайындай алатын маманды оқытып шығуға болады, – дейді сарапшы. 
Ендігі таңда кәсіпкер Ильмира Хәкімова айтылған ұсыныстар мен тәжірибелік сабақтардағы білімді өндіріс ошағында қолдануды жоспарлап отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Оқи отырыңыз