Түйе - түлік төресі

Ұшса қыран қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын Ұлы даламыздың  әрбір ауылы жайлы бір-бір кітап жазуға болар еді. Тарихы терең,  ырысы мол ауылдарда ел үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтарымыз да баршылық.  Осындай ел құрметіне бөленіп жүрген  қарапайым еңбеккерлердің  бірі – Нұрбек Ерболғанов.

Нұрбек Көктерек ауылында дүниеге келген. Әкесі Қожабек ақсақал Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Соғыстан елге аман-есен оралған соң ауыл малын бағады. Анасы Асипан апа 8 бала тәрбиелеп өсірген, үй шаруасымен қоса ерінің қас-қабағына қараған, қолғабысын тигізген ардақты ана. Ауыл басшылары бір табын түйе бағуды тапсырады. Түйе күтімінің өзі  өзіндік қыр-сыры көп, қиындығы мен қызығы мол  еңбекті талап етеді. Жастарының ұлғайғанына қарамай ата-анасы түйе бағуды кәсіп етеді. Шалғайдағы малды ауылдан қатынасып, балаларын ел қатарлы оқытып өсіреді. 
Нұрбек мектепті ойдағыдай бітіріп, Отан алдындағы борышын абыроймен  өтеп елге келеді. Ауылда автопаркте жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Жоғары білімді маман болсам деген арман жетегімен Талдықорған қаласындағы Индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, мұғалімдік  мамандықты бітіреді.  Туған ауылына келіп, М. Мәметова атындағы орта мектепке мұғалім болып қызметке орналасып, ұстаздықтың қыр-сырын меңгереді. Осы ортада өзінің болашақ жары Бақыт Акибаеваны жолықтырып, отбасын құрады. Бақыттың әкесі Мырзахан  аға кеңшардың бас есепшісі болып  еңбек етеді. Анасы Нұржамал апай 6 баланы  оқытып, өсіріп, жеткізген аяулы ана.  Тәрбиелі отбасынан шыққан Бақыт еріне сүйеніш бола біледі. Өмірі көрмеген түйе малын бағып-қарауға, сауып үйренуге тырысады. Шәкірт тәрбиелеумен қоса қолдары қалт етсе малдағы ауылға ата-анасына барып қолғабыстарын  тигізіп отырады.  Жасы ұлғайған қариялар Нұрбек келсе бір қуанып қалады. «Екі ортада алаңдағанша біржола малға келсеңші» деп қолқа салуға батылдары жетпей, бір жағы өзінің қалауы ғой, өзі шешсін дегендей, барған сайын ата-анасы еңбектің қиындығы мен шамаларының келмей бара жатқанын сылтауратып сөзге тартып көреді. Бірақ мал бағу, түйеге қарау Нұрбектің ойына да келмейді. Ел жайлауға көшіп жатқан кезде әкесі Нұрбекке  түйелерді жайлауға шығарып келуге өтініш білдіреді. Нұрбек кезекті демалысын алып, 200-ден астам түйені жолдасы  екеуі «Суықты-Сарымсақты» жайлауына алып шығады. Жайлауда жүріп ел көріп, жер көріп, небір қызықтарға куә болып, әдемі жүйрік аттардың жалын тартып мініп, көкпарды қызықтап, бәйге аттардың шабысын көреді.
Жайлаудан жақсы әсермен оралған Нұрбекке әкесі: «Енді осы малға өзің бас-көз болып, ие болсаң қайтеді? Менің жасым болса келді, түбінде менен көрмеген жақсылықты осы түйеден көресің», – деп ақ батасын беріп, ақ таяғын ұсынады. Әке тілегін қабыл алып, көңілін қалдырғысы келмеген Нұрбек түйе бағуға келіседі. Біраз жыл әкесі ақыл-кеңес беріп, жөнін көрсетіп берген соң Нұрбек шаруашылықты дөңгелентіп әкетеді. Тумысынан еңбекке жақын, сөзі пысық, ширақ азамат тез үйреніседі. Осылайша түйе бағуды түбегейлі өз қолына алады.
«Еңбектің наны тәтті» дегендей, түйе шаруашылығы барған сайын қызықтыра түседі. Ел тәуелсіздігін алып, кеңшар тарай бастағанда мал шаруашылығында бөліс басталады. Ел техниканы бөліп, қой, сиыр алып жатқанда өз пайына 20 түйе алады. Азды-көпті өзінің жекеменшік түйесімен қосымша жайылымдық жер алып, жеке шаруа қожалығын құрады. Алғашқы жылдары біраз қиындық көреді. Салт жүріп малды ауылмен екі ортада еңбек етеді.  Оның үстіне көмекші  жағы да жетіспейді. Әркім түйе жайын біле бермейді. Жолдасы Бақыт 36 жыл М. Мәметова атындағы орта мектепте қарапайым мұғалімнен оқу ісінің меңгерушісі, психолог болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Түйе бағу ісін қолға алып, «Ақбұлақ» кооперативін құрады. «Түйенің сүті бал, шұбаты сусын» дегендей, шұбат ашытуға ден қояды. 
«Жаста көрген бейнеттің, қартайғанда зейнетін көресің», демей ме аталарымыз?! Жастық жігермен жүріп, қиындықты артқа қалдырып, бүгінде осындай  жетістіктерге жетуінің өзі үлкен еңбектің жемісі емес пе? Әрине, түйе өзі жайылып, өзі келеді десек те, оны қайырып, туған кезде ботасын баладай аялап, күтіп, қарап, қолға үйретіп, аналығын сауып, сүтінен шұбат әзірлеу жұмыстары өзіндік бір әдісті керек етеді. Қандай қиындық болса да Нұрбек пен Бақыт екеуі бірге көтеріп, жеңе білді. «Түйені сауып, шұбатын ашытқанда шын пейіліңмен, ниетіңмен көңіл бөліп істемесең берекесі, ырысы болмайды», – деген әкесі кезінде.
Бүгінде Нұрбектің шаруашылығы шалқып, шаңырағы шаттыққа бөленіп, жемісті еңбектің дәмін татып, ырысын көруде. Бақытты отбасы екі қыз, бір ұл дүниеге әкеліп, оқытып, жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөберені бағып, қызығын көріп отырған ардақты ата-әже. 
Табандылығының арқасында еңбегі елеусіз қалмай, бірнеше рет аудандық, облыстық марапаттарға да ие болып, ауыл тұрғындарының құрметіне бөленіп жүрген жайлары бар. Жылма-жыл мал басын өсіріп, шұбаттың сапасын жақсартып, біраз тәжірибе жинақтап, ұлттық сусын әзірлеуді қолға алып, шұбатхана ашуды мақсат етіп отыр.
Бүгінде  жасы 2-3 жасар інген зәрінің кез келген дертке дауа, емге шипалы екені дәлелденіп отыр. «Осы саланы да заман талабына сай қолға алсам  ба?» – дейді Нүкең ойланып.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, ұрпағына  тәрбие беріп, ағайын-туыстарының құрметіне бөленіп, құдай қосқан қосағы Бақытымен отбасында ғана емес, төңірегіне де сабырлық пен парасаттылықтың ерен үлгісін көрсетіп жүрген, ауылдастарының қолдауына ие болған, бақыттың кілтін еңбектен тапқан бір әулеттің келбеті осындай. Өз басым еңбек адамының жетістікке жетуі табандылығы мен төзімділігінің арқасы дер едім. 

Г. Қасенова 
Көктерек ауылы,
Сарқан ауданы

 

Оқи отырыңыз