БӨДЕНЕНІҢ ЖҰМЫРТҚАСЫ МЫҢ ДА БІР ЕМ

БӨДЕНЕНІҢ ЖҰМЫРТҚАСЫ МЫҢ ДА БІР ЕМ

Владимир есімді ақсақалды бұрыннан танимын. Жуырда жұмыс орнымызға келіп, бөдененің жұмыртқасын сату туралы жарнама беретінін айтқанда қызығушылығымыз оянды. Сөйтіп, Владимир Спиваковтың кәсібімен жақын танысу үшін шаңырағына бас сұқтық.

Ғаламтордан бөдене туралы берілген хабарландыруды көзім шалып, әуестігім оянды. Содан асырап көруді ойлап, біразын сатып алдым. Құсқа арналған торды да өзім жасадым. Күтіп-баптау ісінде де соншалықты қиындық болған жоқ. Шамамен елу шақты ұрғашы бөденеден күніне 20-25 жұмыртқа аламын. Қазір бұл құстың жұмыртқасын сатамын, өзіміз де тұтынамыз, – дейді Владимир Андреевич. Бұдан бөлек, ол қоян мен кептерлерді де ұстайды. "Қояндарды еті үшін бағамын. Ал кептерлердің іс-қимылы көңілге қуаныш сыйлайды, – деп әңгімесін жалғастырды ақсақал. – Саналы ғұмырым еңбекпен, тынымсыз тірлікпен өтті. Сондықтан қол қусырып, қарап отыра алмаймын. Шығыс жақтан саялы өңірге қоныс аударған сонау 1975 жылдан жеке шаруашылық құрып, жер ананың қамқорлығын көріп келемін. Енді, міне, зейнеткерлікке шыққалы өзіме ермек тауып алдым".

Тоқсанды алқымдаған ақсақалдың еңбекқорлығына ерекше сүйсіндік. Жалпы, бө­дененің жұмыртқасы дәруменге бай. Оның құрамындағы ка­лий мен фосфор­ тауық жұмыртқасынан бес есе, ал темір 4,5 есе, В және В12 дәрумендері 6 есе көп. Құрамындағы ка­льций, мыс, кобальт, түрлі амин қышқылдары тауық жұмыртқасына қарағанда әл­деқайда жоғары.­ Адам денсаулығы үшін пайдасы да зор. Жапонияда мектеп оқушысының таңер­тең­­гі ас мәзіріне бө­де­­ненің екі жұмыртқасы мін­детті түрде кіреді екен. Бұл баланың ой­лау­ қа­бі­летін арттырып, демікпе, туберкулез, қан қысымы, сал­қын тию, тұ­мау, ақ қан, бас, ішек, асқазан, жүйке, жүрек ауруларына таптырмас ем.

Жапондықтар қазір мрамор, ағылшын, фараон атты бөденелерді өсіреді. Бөдененің жұмыртқасы, сондай-ақ, адам ағзасын қалдықтар мен шлактардан тазартады. Бөдене қазаққа да таңсық құс емес. Бөдене туралы алғашқы ғылыми зерттеу жұмысының авторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты Мұхтар Байбатшановтың айтуынша, Чернобль апатынан кейін ғалымдар радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына ай бойы бөдененің жұмыртқасын шикілей ішкізген. Бір айдан соң балалар ағзасын тексергенде бөдене жұмыртқасының радиацияны ыдырататыны анықталған. Осыдан кейін көпшілік бөдене жұмыртқасын жаппай тұтына бастады. Отандық ғалымдар да бөдене өнімінің өзгеше қасиетін растап отыр. Ал мұны жапондар біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданып отыр. Бөдене жұмыртқасын шикілей, қайнатылған, қуырылған, пешке сусыз пісірілген күйінде де пайдалануға болады. Негізінен шикі күйінде пайдаланған дұрыс. Сонда ол өзінің дәрумендерін сақтап қалады.

П. ЖЕҢІСХАН

Сарқан ауданы

Алматы облысы

 

Оқи отырыңыз