ОМАРТАШЫЛАР ОТБАСЫ 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИЕЛЕНДІ

ОМАРТАШЫЛАР ОТБАСЫ 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИЕЛЕНДІ

Үшжарма ауылы Балқаш ауданының орталығы – Бақанас ауылынан 40 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 300-ге тарта адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі мал және ауылшаруашылығымен шұғылданады. Біраз уақыттан бері шалғай жатқан шағын ауылда омарташылар қатары көбейе бастады.

"Қазіргі таңда 40 ара ұясы мен 22 ара отбасы бар. Бір маусымда бір ұядан 20 келідей бал аламыз. Әр келісін 1500 теңгеге сатамыз. Араларға қолайлы жағдай туғызу үшін "ЗиЛ" жүк көлігін сатып алып, оны жабдықтадық", – дейді омарташы Жанат Сырбаева. Жолдасы Жексенбекпен бірге кәсіп бастап, бизнеспен айналысуға 25 жыл уақыты кеткен. Жексенбек Нұрбеков омарта шаруашылығымен айналысып келеді. Бұған дейін аулада бірнеше ара ұясы болғанымен оның тек кішкене бөлігін ғана сатылымға шығарған.

Омарта шаруашылығын көбіне жолдасым жүргізді. Мен уақыт өте келе осы іспен айналыстым. Бал омартасын кеңейтіп, үлкен бизнес жасауға болады деп ойламаппыз. Мүмкіндік те, жағдай да болмады. Ақпарат құралдарынан «Бастау» жобасы туралы, кәсіп ашу үшін төмендетілген несие алуға болатыны жайлы оқып-білдік, – дейді кәсіпкер.

Жыл басында Жанат Сырбаева «Бастау» кәсіпкерлік оқуына жазылды. Курс ауданда бірінші рет «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бір айға жуық мерзім ішінде Жанат өзге тыңдаушылармен бірге бизнестің қыр-сырын, тиімді жоспарлауды, маркетинг пен басқа да маңызды бағыттарды үйренді. Жоба бойынша оқу аяқталған соң Жанат Сырбаева «Інжу» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, несие алуға өтініш берді.

Ол құны 4 миллион теңге болатын бизнес-жоспар әзірледі. Біраз уақыттан кейін ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаражатқа қол жеткізді. Бұл ақшаға кәсіпкер отбасы көлік, жабдықтар мен қосымша ара ұяларын сатып алды. Алған білім мен тәжірибе зая кетпеді. Кәсіпкердің балды тұрақты түрде өткізіп тұратын орындары бар. Табиғи бал Балқаш ауданы мен Алматы қаласының тұрғындарына жеткізіледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Балқаш ауданы

Алматы облысы

Оқи отырыңыз