Қарияларды қуантты

Қарияларды қуантты

Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері Бақтияр Жақсыгелдіновтің жетекшілігімен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» акциясын  өткізді. 

Акция барысында колледж жастары Еркін ауылындағы Б. Сүлеев көшесінің №34 үй тұрғыны, 1-топ мүгедегі Рая Мамбетоваға барып, көмек көрсетті. Ауласын, бау-бақшасын тазалап, отынын жарып, үй-жайларын ретке келтіріп, ардагерге мерекелік сыйлық  табыс етті.      
Акцияның мақсаты – жастардың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру. Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Колледжіміздің жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері мен өнерлі өрендер «Өмірлік қиын жағдайға түскен тұлғаларға арналған уақытша бейімдеу орталығына» барып, қарттар мен мүгедектерге “Қарттарым – асыл қазынам” атты қайырымдылық концертін өткізді. Аталған шараның негізгі мақсаты – жастарды адамгершілік, мейірімділікке, қарияларды құрметтеуге, ғибрат алуға тәрбиелеу. Арнайы газет шығарылып, нақыл сөз, түрлі- түсті шарлар ілініп, сахна мерекеге сай безендірілді. Жастарымыз қарттарды мерекемен шын жүректен құттықтап, ән салып, би билеп өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында студенттер ата-апаларға гүл шоқтары мен кітаптар сыйға тартты. Ардагерлер жастарға өз бата-тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Халқымыз қашанда дария кеуде, тау мүсін қарттарымен мақтана білген. Ақсақалы мен ақ шашты ананы қадірлеген. Бүгінгі біздің аталарымыз бен апаларымыз да сондай құрметтен кенде емес. Орны – төр, қатары алдыңғы сапта. Олай болса, «Ақ жүрек әке – күншуақ, ақ жүрек ана – ақ бұлақ» демекші, халқына сүйеу, жұртына тіреу болған асыл қарттар аман жүрсін дейміз!

Ұлжанат ЖАҚЫБАЕВА, 
Талдықорған гуманитарлық-техникалық
колледжінің педагог-психологі

 

 

Оқи отырыңыз