ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ

    Кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтің төрағалығымен кезекті отырысы өтті. Үкімет отырысы селекторлық режимде болып, оған барлық облыс, қала басшылары қатысты. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық банкінің экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, бәсекелестікті дамыту Пхенчхан қаласындағы 2018 жылғы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы.

 

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары жөніндегі мәлімдемесінің жобасы ұсынылып отыр. Мәлімдеме елдің ағымдағы жылға арналған макроэкономикалық және ақша-кредит саясат басымдықтары туралы қалың жұртшылықты хабардар ету мақсатында әзірленді, – деді Үкімет отырысында мәлімдеме жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған басты бағыттары макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету, цифрлық құрамдауышты қоса алғанда, экономика салаларын дамыту, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту болып саналады. «Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау ақша-кредит саясаттарының келісілген шаралары және бюджет-салық саясаты, сондай-ақ, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету есебінен жүзеге асырылады. Икемді және қолайлы салықтық ортасымен мемлекеттік қаржы тұрақтылығына бағытталған тиімді бюджет-салық саясаты жүргізілетін болады. Бюджет тапшылығын 2017 жылғы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,9 пайыздан 2018 жылы ЖІӨ қатысты 1,1 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл Үкімет борышын жалпы ішкі өнімге қатысты 20,0 пайыздан аспайтын деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мұнайға жатпайтын тапшылықты жалпы ішкі өнімге қатысты 7,4 пайызға дейін төмендету жоспарлануда», – деп атап өтті министр.
     Мұнан кейінгі екі мәселе – агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, бәсекелестікті дамыту бойынша да нақты жоспар айтылып, негізгі түйткілдерге тоқталды. Кешенді цифрландыру мен бәсекелестікті дамытудағы жұмыстары мемлекетіміздің негізгі міндеттерінің бірі екенін тілге тиек етті. Мұнан соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен спорт мамандары Пхенчхан қаласында өтетін қысқы XXIII Олимпиада ойындарына дайындық барысын баяндады. 
Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен 57 жолдама жеңіп алған болатын. Қазақстан тарихында алғаш рет бірден екі мәнерлеп сырғанаушы жеке сырғанаудан Олимпиадаға қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан атынан Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен шығады. Бұдан бөлек, қазақстандық биатлоншыларымыз мерзімінен бұрын Олимпиадаға 10 жолдама жеңіп алды, – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы. Жалпы, 2016-2017 жылдардағы маусымда Қазақстанның құрама командасы қысқы спорт түрлерінен түрлі ресми спорттық шараларда 129 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 37 алтын, 38 күміс және 54 қола медаль бар. Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға елге медальмен оралуына тілектестігін білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.

Оқи отырыңыз