ТУРИЗМ САЛАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

     Облыста балалар мен жасөспірімдер туризмін және өлкетануды дамыту орталықтарын құру ұсынылды. Бұл бастаманы кәсіпкерлер облыс әкімдігіне ұсынбақ.


     Талдықорғанда облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанындағы Туризм және спорт комитетінің кезекті отырысы өтті. Онда комитет мүшелері атқарылған жұмысты қорытындылап, күн тәртібіндегі мәселелер мен алдағы жылдың жұмыс жоспарын талқылады. Туризм және спорт комитетінің төрағасы Рустам Хәкімов былтыр облыстың ішкі туризмін дамыту қауымдастығын ірілендіру бойынша бірқатар жиын мен кеңестер өткенін айтты. Нәтижесінде туризм саласының отыз өкілі ұйымға мүше болуға қызығушылық танытып, құжаттарын өткізген. Комитет тарапынан жіберілген үш ұсыныс 2013 жылғы        30-желтоқсандағы № 1434 «Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасына енген. Сабағаттық-кеңесші органның жиындарында мемлекеттік ұлттық табиғи бақтардың мәселелері қызу талқыланды. Өткен жылы туристік сала өкілдері үшін оқыту семинарлары мен шеберлік сағаттары да ұйымдастырылған. Туризм және спорт комитетінің кезекті отырысында облыс әкімдігімен бірлесе туризмді дамытудың арнайы орталықтарын ашу туралы ұсыныс білдірілді. Оның ішінде ауқымды қызмет түрін көрсететін балалар мен жасөспірімдер туризмін және өлкетануды дамыту орталықтарын ашу да бар. 
     Жиында туристік қызметке қатысты заң жобаларының тұжырымдамалары және Үкімет қаулылылары бойынша айтылған ұсыныстарды Комитет мүшелері «Атамекен» ҰКП жолдамақ. Алдағы уақытта кәсіпкерлер туризм саласы бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алудағы өзекті мәселелерді облыстық кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің күн тәртібіне енгізіп, талқылау ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Туризм және спорт комитеті мамыр айында өңірде өтетін параплан спорты бойынша Әлем кубогінің ұйымдастырылуына атсалыспақ.


А. Ыбырай

Оқи отырыңыз