КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ТЕКЕЛІ

     Өңірлік коммуникациялар қызметінде кеншілер қаласының былтырғы жұмысы қорытындыланып, ағымдағы жылғы жоспарлары айтылды. Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қала тынысынан хабар беріп, Елбасы Жолдауының негізгі басымдылықтарын басшылыққа ала отырып, халық үшін атқарылар игілікті істерге тоқталып өтті.

 

     Өткен жылы тау етегіндегі Текеліде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, оң өзгерістерге жол ашылған. Қала халқының саны 32900 адамға жетіп, көші-қон саласы 133 адамды құраған. Былтыр кеншілер қаласына мемлекет тарапынан 992,2 млн. теңге бөлініп, бюджет 99,6%-ға орындалыпты. Өнеркәсіп өнімінің өндіріс көлемі артып, мәрмар ұнын шығарумен айналысатын «ARTEK-STONE» ЖШС, «Алақай» сауда белгісімен кондитерлік өнім шығаратын өндіріс көлемін ұлғайту сынды инвестициялық жобалар жүзеге асырылған. Биыл да аталмыш өңірде ірі инвестициялық жобалар іске қосылып, өңір дамуы арта түспек. «Вapy Mining» зәкірлі жобасы, «Текелі – Орталық Азия» жиһаз кәсіпорны, «Шажа-2» ГЭС-інің құрылысы басталып кеткен. 
     Былтыр ауылшаруашылығының жалпы көлемі 2.1 млрд. теңгені құраса, негізгі капиталға 5.3 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал шағын және орта кәсіпкерлік бойынша да кеншілер қаласы кейін қалмаған. Осы орайда 2611 адам кәсіпкерлік қолдау тауып отыр. Сондай-ақ, өңірде өзге де мәселелер жоғары деңгейде орындалып келеді. Бақтияр Әлтайұлының «Туристер көп тартылатын Текелінің болашағы биікте» деп айтып өткенінен қала дамуының қарқынын аңғардық. Текелі экономикасы дамуының негізгі бағыттарының бірі туризм саласы екендігі белгілі. Қала әкімінің айтуынша туризмді дамытуға туристік карта  жасалып, болашақ инвесторларға жер теңгерімдері анықталып, дайындалған. 
    Экстрималды туризмді дамыту бағытында қармен жүретін техникалар мен квадрациклдарды жалға беру бойынша «Абдрахманов» ЖШС жалпы инвестициялық сомасы 18,0 млн. теңгені құрайтын жоба ұсынған. 
     Бизнестің инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және жаңа кәсіпорындардың инфрақұрылымын дамытудың шығындарын оңтайландыру үшін «Достық» өндірістік алаңын құру жұмысы жалғасуда. Жоба бойынша автокөлік жолы салынып, электр желілері, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, байланыс желілері тартылады. 
     «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өңірлік үйлестіру кеңесінің хаттамалық шешімімен Текелі қаласында құтыларға бал құю бизнес-жобасына («Ханней Пак» ЖШС) грант берілген. Сондай-ақ, банк несиелерін кепілдендіруге қатысты шұжық цехының қызметін ұйымдастыру («Отрус» ЖШС) бойынша 1 жоба жүзеге асырылған. Өңірдегі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында да жалпы сомасы 49,3 млн. теңге 4 жобаға шағын несие берілген. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдау мен көтеруге Текелі қалалық кәсіпкерлік палатасы оң ықпалын тигізіп келеді. Палата жанындағы ақпараттық-кеңестік қызмет көрсету орталығы өткен жылы 1790 азаматқа кеңес беріп, 119 азаматты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытқан.
     Бақтияр Әлтайұлы баяндама барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғындардың тұрмыс қажеттілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып, әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосып жүргенін жеткізді. «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы аясында «Достық» және «Алатау» шағынаударындағы жылу жүйелері қайта жаңғыртылды. Тілге тиек етерлік тағы бір тамаша жайт – Талдықорған–Текелі газ құбырының құрылысының басталғандығы.  
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша да былтыр қала жолдарын құжаттандыру жүргізілді. Елбасы Жолдауындағы көлік-логистика инфрақұрылымын тиімді арттыру бағытында қаладағы жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Нәтижесінде 4 көшеге (Қазақстан, Қастеев, Бақтыбай, Берікбаланов) орташа жөндеу, 6 көшеге күрделі  жөндеу жүргізу жоспарланған. 
     Кеншілер қаласында білім саласын дамытуға деген белсенділік басым. Былтыр қалалық білім беру жүйесіне бюджеттен 1 млрд. 240 млн. теңге қаржы бөлінген.  Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша соңғы 6 жылда облыста ІІ орынды иеленуде. Қала әкімі бұл көрсеткішті одан әрі көтеруге күш салатынын айтып өтті. «Денсаулық 2016-2019» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып, биік межеден көрінген. Өткен жылы денсаулық саласына облыстық бюджеттен 881,0 млн. теңге қаржы бөлініп, диспансерлік есептегі сырқаттардың дәрі-дәрмегіне 155,0 млн. теңге қарастырылған екен. Медициналық көмек көрсету сапасын жоғарылату мақсатында жүрек-қантамырлары жүйесінің функционалды жағдайын интегралды бағалауға арналған автоматтандырылған жиынтық, «Аудио-Скрин» аудио шолу құралы,  өкпеде жасанды ауа алмастыру аппараты, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор, лазерлік терапия аппараты сатып алынған. Сондай-ақ, «Жедел жәрдем» бригадасы іске қосылып, «Металлург» шағынауданындағы дәрігерлік амбулаторияда дәріхана жұмысын жалғастыруда. Қала бойынша спорт инфрақұрылымына да белсенді көңіл бөлініп, былтыр 39 спорттық шара өткізіліп, қала командалары облыстық 30 жарыстан бой көрсеткен.  
    «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша былтыр 296 шара ұйымдастырылып, 43 мыңнан астам адам қамтылыпты. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша жалпы сомасы 158,5 млн. теңгеге 5 жоба жүзеге асырылған. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша да бірқатар іс қолға алынып, қылмыстың алдын алу шаралары жүргізілген. Осы орайда қаладағы қоғамдық орындарда 8 бейнекамера орнатылған.
    Қала әкімі сөз соңында Ұлт көшбасшысының Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы «сандық дәуірде» бәсекеге барынша бейім ұлттың ұтатындығын тілге тиек етіп, Жолдаудағы міндеттерін орындауда қажырлы қызметтер атқарылатынын айтып өтті. Бақтияр Әлтайұлы тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға да нақты жауап беріп, өрлеу мен өркендеу өрісіне бастаған өрелі істің халық қамы үшін жүргізілетінін жеткізді.

Құралбек СӘБИТОВ.

Оқи отырыңыз