ЕТ, СҮТ ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕЙДІ

ЕТ, СҮТ ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕЙДІ

    Балқаш ауданының әкімі Ғалым ТОҚПЕЙІСОВ халық алдында есеп берді. Мәдениет үйінде өткен кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов қатысты. Сонымен  бірге ауылдық округ әкімдері, «Нұр Отан» партиясы филиалы мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, құқық қорғау органдары мен кәсіпорындардың, мекемелердің басшылары, аудандық мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары шақырылды.


     Жиналғандар алдымен ауылшаруашылығы өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Онда өңірде өсіріліп, өндірілген ет, күріш өнімдері мен жеміс-жидек, көкөніс, балық түрі және мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, спорт саласындағы жетістіктер көрсетілді. Телекөрсетілім арқылы ел экономикасын өркендетіп, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен толайым табыстар да көпшілік назарына ұсынылды. 
     Бұдан соң Ғалым Қасымұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, биылғы міндеттерге шолу жасады. Әкім алдымен Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруға жұдырықтай жұмыла жұмыс істейтіндіктерін жеткізді. 
    Өңір басшысының айтуынша, аудан және ауылдық округ әкімдеріне айтылған ұсыныс-пікірлердің басым бөлігі оң шешімін тауыпты. Мәселен, Желтораңғы ауылдық округі бойынша Іле, Көктал өзені жағалауындағы елді мекен маңына бөгет көтеріліп, Құйған ауылында Іле өзенінен өтетін көпір салынған. Топар ауылдық округі бойынша ауызсу жүйесін қайта жаңғыртуға қомақты қаражат қарастырылып, жұмыстар жүргізіліпті. Бақанас ауылында жиырма жалгерлік тұрғын үй бой көтеріп, мектеп-интернатына отыз орынды жаңа монша салынған. Көктал ауылдық округінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылып, Қараой ауылындағы бірнеше көше жөндеуден өткізілген. 
     Аудандық орталық ауруханаға ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы алынып, Жиделі ауылдық округі бойынша диспансерлік есепте тұратын адамдарға қажет дәрі-дәрмектер уақытылы берілген. Қошқарбай және Орақты батыр ауылдарына сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілген. Мұндай игілікті істер басқа да елді мекендерде ойдағыдай жүзеге асыпты.  
     Жыл ішінде бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді жинау жұмыстары өз деңгейінде орындалған.         
Өнеркәсіп саласында 1266 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аймақ экономикасына 2787 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да жан-жақты қолдау көрсетіліп, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы төрт жоба іске асырылған. 
     Бақанас ауылынан пайыздық ставканы субсидиялау бойынша бизнесін кеңейтуге «Қараой» ЖК-не 10 млн. теңге несие және кепілдемеге 5 млн. теңге, Бақбақты ауылынан «Мадибраимов Б» ЖК-не кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында пайыздық ставканы субсидиялау бойынша 20 млн. теңге берілсе, Бақанас ауылындағы «Тұмар» ЖК жүн өңдеу кәсібіне 1 млн. теңге грант ұтып алып, жұмыстарын жандандыруда. Бөлшек сауда айналымы 3307 млн. теңге болып, нақты көлем индексі 111,9 пайызды құраған. Өткен жылы мыңнан аса кіші кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, онда алты жүзге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде әйел кәсіпкерлер мен жастар да бар. Аудан бойынша он ауылдық округте қуаттылығы тәулігіне 4,0 тонна нан түрін шығаратын 11 наубайхана халыққа қызмет көрсетеді. Осы наубайханаларда қырық шақты адам еңбек етеді, орташа жалақылары елу, жетпіс мың теңге көлемінде. Шағын бизнес субъектілерінен 390,4 млн. теңгеден аса салық және басқа да міндетті төлемдер жиналған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғары.      
    Ауылшаруашылығында да көңіл қуантарлықтай нәтижелер көп. Аталған салада барлығы 21 миллиардтан аса теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға асыра орындалған. Егін шаруашылығында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 29809 гектар жерге егін егіліп, дәнді дақылдардан 60789 тонна көлемінде астық жиналған. Ауылшаруашылығы техникалары паркін жаңарту жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. 
     Мал шаруашылығы бойынша тірі салмақта 16 015 тонна ет өндіріліп, былтырға қарағанда болжамдағы көрсеткіш асыра орындалған. Жұмыртқа өндірісі де жақсарып келеді. Ет экспорты бойынша арнайы бекітілген жоспарға сәйкес «ӨтесБиоАзия» ЖШС 30 тонна ірі қара мал етін Қырғыз еліне экспорттапты. Төрт түліктің қысқы азығы да молынан қамдалып, бүгінде ауылдықтар бұдан таршылық көріп отырған жоқ. Оның ішінде табиғи шөп, жоңышқа, пішендеме, сүрлем бар. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, бордақылау алаңдарын салу жұмыстары да ретімен іске асуда. Аудандағы екі мал сою цехы да тұрақты жұмыс істеп тұр. Аталған шаруашылыққа барлығы 713 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, субсидия төленген. 
     «Агробизнес – 2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орындалу барысы да жаман емес. Шарапатын көріп отырған шаруалар да көп. Ұсақ шаруалардың басын біріктіру арқылы ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту мақсатында төрт кооператив құрылып, жұмыстарын жүргізіп отырған көрінеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жемшөп, жиде отынын тұрғындарға арзан бағада ұсыну мақсатында Бақанас ауылындағы «Шапағат» базарында күздің әр сенбісінде ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде халықты таза ауызсумен қамту деңгейі 76,1 пайызға жеткен. 
     «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстарына 27 млн. теңгеден аса қаражат бөлініп, Бақанас ауылындағы Сейфуллин көшесіндегі екінші және төртінші үйлердің аулаларындағы екі ойын алаңын, Қараой ауылындағы Үлгілі орта мектебінің спорт алаңын жайластыру және Сейфуллин көшесіне абаттандыру жұмыстары жасалып, толығымен аяқталған.
Құрылыс жұмыстары да өз ретімен жүзеге асырылуда. Соның ішінде жол жұмыстары да бар. Оған да қомақты қаражат қарастырылып, атқарылуға тиіс жұмыстар уақытылы іске асыпты. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. 
Жеке тұрғын үй жоспары 4200 шаршы метр болса, ауданның жеке тұрғындары есебінен 4700 шаршы метр 51 үй салынған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында төрт жүзге жуық жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Аталған бағдарламаның бағыттары бойынша жүріп жатқан жұмыстар да аз емес. 
Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда дәрігерлер жетіспейтін көрінеді. Осыған байланысты қазір салаға қажет мамандар тарту жұмыстары жүруде. Демографиялық ахуал да жаман емес, бес жүзден аса сәби дүниеге келген. Он алты мыңнан аса адам жылжымалы флюорографиялық қондырғы арқылы тексеруден өтіпті.     
     Алдыңғы жылмен салыстырғанда білім сапасы жақсарған. Он бес оқушы «Алтын белгі», төрт бала «Үздік аттестат» иегері атанса, биыл  «Алтын белгіге» үміткер он сегіз адам бар. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 99 пайызға көтерілген. Аудандағы  балабақшалар мен шағын орталықтар да тұрақты жұмыс атқарып тұр. Биыл мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар желісін көбейту бағытында Бақанас ауылында «Балқаш жолдары» ЖШС жанынан 100 орынды балабақша ашу жоспарланыпты. Бүгінде  құрылысы жүруде. 
     Мәдениет, спорт, туризм саласы және «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Ауданда екі жүзден аса қылмыстық іс тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға өскен. Осыған байланысты қазір құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу шаралары күшейтіліпті. Ағымдағы жылы ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға, әлеуметтік сала нысандары мен білім, денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінбек. 
Мәселен, тұрғындарға көрсетілетін дәрігерлік көмектің сапасын жақсартып, медицина ұйымдарын озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықтау, ауылдық ауруханаларды білікті дәрігерлермен қамтып, олардың білімін жетілдіру және жаңа технологияларды игеру, аурудың алдын алу үшін профилактикалық шараларды кеңінен пайдалану, сондай-ақ, туберкулез, онкологиялық ауруларды ерте анықтауда ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. 
     Ауылшаруашылығы бойынша агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, мал басын көбейту, тұқымын асылдандыру, ет, сүт өнімдерін арттыру бағытында да жұмыстар жүретін болады. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында «Жақсылық» шаруа қожалығы 835 млн. теңге инвестиция тарту арқылы үш мың басқа арналған мал бордақылау кешенінің құрылысын бастапты. Аталған кешен биыл іске қосылады деген болжам бар. «Жетісу» ӘКК» ҰК АҚ арқылы 100 млн. теңгеге тағы бір сервистік дайындау орталығын ашу көзделген. 
     Қорытынды есептен соң тұрғындар әкімге көкейкесті сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. 
   Сұлтан Мырзабекұлы да өз ойын ортаға салып, облыс деңгейінде жүзеге асырылып жатқан әр саладағы іргелі істерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол ауылшаруашылығы дақылдарының өнімін арттыруға, төрт түлікті өсіруге, шағын индустриялдық алаңдар құруға, оған инвесторлар тартуға және оларға жағдай жасауға, тұрғындар денсаулығын нығайтуға, ана мен бала өліміне жол бермеуге, жұмыссыздар санын азайтуға, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген міндеттерді орындауға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмысты төмендетуге, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, қысқы жылыту маусымын ойдағыдай өткізуге, елді мекендерді көркейтуге көңіл бөлу қажеттігін айтып, салаға жауапты мамандардың назарына салды. 
     Мінберге көтеріліп сөз сөйлеп, ақ баталарын берген Балқаш аудандық, Жиделі, Ақдала, Желтораңғы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары өңір басшысының бір жылда атқарған жұмысына бірауыздан оң бағаларын берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Балқаш ауданы.

 

Оқи отырыңыз