Лаңкестік - адамзатқа қарсы жасалған қылмыс

Лаңкестік - адамзатқа қарсы жасалған қылмыс

Жер атты жасыл шардың бір пұшпағын мекен еткен еліміз әлемдік өмір ағысынан тыс қала алмайды. Алыстағы әлдебір мемлекетте орын алған келеңсіз оқиғаның зардабы бізге де тиюі бек мүмкін. Халық ертегілерінің бірінде айтылатын «Ойда бір сиырдың мүйізі сынса, тауда қодастың мүйізі сырқырайды» деген мақал соның дәлелі.

Алдыңғы апта еліміз үшін айтулы жаңалықтарға толы болды. Әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми іссапары көпшіліктің назарын аударды. Ақ үйдің басшысы Дональд Трамптың қабылдауында болғанда Елбасының ең алдымен көздегені – Қазақстан Республикасының қазіргідей жаһандық қыспақтардың ортасынан өзіне лайықты орнын табуы еді. Ойлаған меже өз деңгейінде орындалды. Кездесу кезінде екі президент қауіпсіздік мәселелері, сауда-саттық айналымы мен инвестиция салу секілді көптеген мәселеге орай ортақ келісімге келді. Олардың қатарында екі ел арасындағы қарым-қатынасты бекіту мәселелері бойынша әріптестікті нығайтуға баса көңіл бөлінді. Осыған орай Солтүстік Корея мен АҚШ-тың арасындағы дүрдараздықтың тиімді шешілуіне көмектесуге дайын екенін жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан сынды Орта Азия елдерінің ортақ мәселелері қаралатын аймақтық «С5+1» диалог алаңына келешекте Ауғанстанның да қатысуына септігін тигізетінін айтқан болатын. Бұл ауған еліндегі қақтығыстардың бейбіт жолмен шешілуін, аймақтағы саяси және экономикалық әріптестіктің белсенділікпен жүруін қалаудан туындаған ой еді. Сол арқылы еліміздің Парламенті Ауғанстандағы тұрақтылықты қалпына келтіру жөніндегі АҚШ ұстанымы аясында еліміз арқылы өтетін арнайы жүктерді тасымалдайтын коммерциялық теміржол транзитін ратификациялауға байланысты заң жобасын қарастыратын болды. Заң жобасы бойынша еліміздегі Ақтау және Құрық порттары Ауғанстаннан шыққан теміржол тасымалдарын Каспий теңізімен жеткізетін арнайы транзиттік жүк маршрутына қосылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев хабарлады. Әлем жұртшылығына өзінің алыптығын, алпауыттығын танытып отырған АҚШ-тан түскен ұсыныс осындай. Енді оның орындалуы уақыт еншісінде.
Еліміз үшін осындай салмақты-салмақты қадамдар мен саяси жүрістер жасалып жатқанда Ауғанстанның Кабул қаласындағы «Интерконтиненталь» қонақүйінде алапат жарылыс болып, жиырма шақты адам қаза тапты. Лаңкестіктің кесірінен қайтыс болғандардың жанын Жаратқан Алла Тағала жәннаттық етсін, олардың қатарында еліміздің 40 жастағы азаматы да бар. ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақовтың мәлімдеуінше мұздай қаруланған бір топ лаңкес мейманхананы басып алып, сол сәтте өтіп жатқан конференцияға қатысушыларға оқ жаудырған. Жат жерде жүріп жан тапсырған азаматтың сүйегін туған жеріне жеткізуді еліміздің құзырлы органдары қолға алып жатыр. Әзірге оның аты-жөні хабарланбай отыр. Дегенмен белгілісі – 1978 жылы туған азаматты Ауғанстанға жергілікті телекоммуникация компаниясының бірі шақыртқан. Қаңтардың 20 күні 19 адамның жанын қиған лаңкестік оқиғаны «Талибан» қозғалысы жасағанын растап, өз жауапкершілігіне алды. Жалпы ауған елінде жарылыстар жиі орын алып, бейбіт халық ұдайы зардап шегіп келеді. Соның алдында ғана Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясындағы тұрғын үйде жарылыс болып, бес адам қаза тапқан болатын. Associated Press агенттігі таратқан мәліметке қарағанда тосын ажалға тап болғандардың бәрі де бір отбасы мүшелері. Сондай-ақ, ресми мәлімдеме жасаған провинция губернаторының өкілі Джелани Фархадтың айтуына қарағанда, жарылғыш зат әскерилерге арналған. Алайда күтпеген жерден жарылып кеткен минадан бейбіт тұрғындар зардап шеккен. 
Күні кеше ғана Ауғанстанның Жалалабад қаласында орналасқан  халықаралық «Save the Children» коммерциялық емес ұйымының офисі қақпасында жанкешті лаңкестің өзін-өзі жарып жібергені белгілі болды. Екі адам өліп, жиырма шақты жанды жаралаған оқыс оқиғаны ДАИШ ұйымының лаңкестері өз мойындарына алған.
Бұл күллі әлемге белгілі болған оқиғалардың бір бөлшегі ғана. Солардың бәріне Сирияда қара тулы халифат құрып, бейбіт халықты қырғынға ұшыратқан ДАИШ лаңкестерінің қатысы бар екендігі айтыла бастады. Шыны керек, күллі адамзатқа қару кезеніп, бүлдіршін балалардың аузымен қырғынға салатынын айтқызған лаңкестердің бүлігі әзірше толастамайтын сияқты. Ең қорқыныштысы да осы. Өйткені, олардың Сириямен көршілес мемлекеттер арқылы әлемге таралып кеткені анық.
Қасиетті Құран Кәрімнің   Мәида сүресінің 32 аятында жазылған: «Кімде-кім жер жүзінде бұзақылық қылмаған, нахақ кісі өлтірмеген біреуді өлтірсе, ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең. Кімде-кім бір адамды тірілтсе (өлім қатерінен құтқарса) ол бүкіл адамзатты тірілткенмен тең» деген Ислам дінінің үкімін ұғынбағандардың кесірінен қарапайым халық пен бейбітшіл елдер зардап шегуде. Сириядағы соғыс өртінен құтылмақ болып босқындық қамытын кигендер дәл шекараның түбінде аязға ұрынып, жан қиюда. Бұл туралы мәлімет таратқан түріктің «Анадолу» агенттігінің хабарлауынша, Ливан тауларында үш жасар баласын құшақтаған күйі үсіп өлген 30 жастағы әйелдің сүйегі табылған. Одан бөлек, соңғы уақытта үдеп кеткен аяздан Ливанда 15 сириялық босқын өлім құшқан. Олардың тоғызының мәйіті Ливанның солтүстік-шығысындағы шекара бекетіне жақын жерден табылса, үсік шалған алты адам ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Тағы алты адамның сүйегінің Сирия шекарасынан табылғанын Ливанның азаматтық қорғаныс басқармасы хабарлаған болатын. Бір қарағанда бұлардың барлығы табиғаттың тосын апатынан жан қиғандай көрінуі мүмкін. Алайда түптеп келгенде бейбіт халықтың соғыс өртінен қашуына түрткі болған лаңкестердің қарапайым халықты өлімге айдағаны екенін білуіміз керек. Ондайды қазақ: «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» – деген жалғыз ауыз сұраулы сөзбен түйіндеген.
Бүгінгі әңгімеміз жақсы рәуіште, жақсы лепесте басталғандай еді. Алайда соңы қайғылы оқиғаларға келіп тіреле берді. Оның себебін алаңдаушылықтан көріңіз, ағайын. Өйткені өзгенің басындағы ауыртпалыққа алаңдамау сол қиындық өз басыңа келмейтіндей көруге соқтырады. Халқымыздың: «Күлме досқа, келер басқа» деуі содан болар. Ендеше, жығылғанға күлмейік, сүрінгенді табаламайық.
Әмісе Алла амандығынан айырмасын!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Оқи отырыңыз