ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

    Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл басындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңызы айрықша деп білемін. Ел өркендеуіне арналған бұл өзекті құжат келешекке апаратын күрежол іспетті. Оның барша қазақстандыққа айрықша серпіліс беретіні жасырын емес. 


     Еліміз қарқынды дамуға бет алды: «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қабылдап, алдымызға озық дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. “100 нақты қадам” – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алып, индустрияландырудың бағдарламасы табысты іске асуда; «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды. Бізде қажетті бағдарламалардың барлығы бар. Ал бұл Жолдау, Елбасымыз айтқандай, жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. 
     Жолдау, негізінен алғанда «Төртінші өнеркәсіптік революция» жағдайында елімізді дамытуға арналған. Ол алдымызға біз жүзеге асыруға тиісті 10 негізгі міндетті қойып отыр. Олар – индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс; ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту; «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі; көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру; құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу; қаржы секторын «қайта жаңғырту»; Адами капитал – жаңғыру негізі; тиімді мемлекетті басқару; жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі; «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. Міне, бұл Жолдауда белгіленген басым міндеттер. 
     Елбасымыз Н. Назарбаев өзінің бірде-бір Жолдауында білім беру саласын ескерусіз қалдырған емес. Соның нәтижесінде қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік кеңістікке кірігуге бағытталған өркениеттік даму жолына түсті. Президентіміздің көздегені – елімізде әлем үлгі тұтатындай сапалы бірегей білім беру жүйесін құру. Жолдаулар арқылы бізді осы игі мақсатқа қол жеткізуге бастап келеді. 
     Еліміздің басқа да мекемелері сияқты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институты»  ұжымы да Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 10 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын ерекше ықыласпен қабыл алды.
Бізді кәсіби тұрғыдан айрықша қызықтыратын, білім берудің жаңа сапасы және мұғалім мәртебесін арттыру мәселелері Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші міндетінде қамтылған. Жолдаудың бір ерекшелігі – барлық негізгі білім беру деңгейлері бойынша міндеттердің нақты белгіленгендігі.
     “Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс”, – дей келе, Елбасы 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізуді тапсырды.
«Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу дегеніміз, бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар, сондықтан педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек, еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кадрлар мен факультеттерді дамыту қажет», – деді Елбасымыз.
      Жолдауда білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады, оқушылар жүктемесін төмендету керек деген жолдар да бар. 
Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және  3D – принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек, ал бұл жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты, жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі деген сөз. 
      Жолдауда Мемлекет басшысы қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруде екендігін тағы да атап өтті. «Қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, қазақша аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек, ал латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді» – деді. Сонымен бірге Елбасы орыс тілін білу маңызды болып қала беретіндігін, 2019 жылдан 10-11-сыныптарда жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатындығын да айтып өтті. 
Нәтижесінде біздің түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана азаматтық қоғам құрылады делінген аталмыш құжатта.
     Президентіміз техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру мәселелерін де ескерусіз қалдырған жоқ. Жолдауда: “Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек; «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру жалғасады; мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді; жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек; металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІТ-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек; қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі; жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді жүзеге асыруы қажет; жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс; жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз қажет”, – деген жолдар бар.     
     «Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді дей отырып жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.  
Президентіміз мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді, категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді, санаттарды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беруді тапсырды. Осының нәтижесінде ол мұғалімдердің жалақысы біліктілігін расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіндігін айтты.  
     «Адами капитал – жаңғыру негізі» міндетіне қатысты  ойларын Елбасымыз былайша түйіндеді: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс». 
      Мінекей, Жолдауда осындай білім саласындағы өзекті мәселелер мен ауқымды міндеттер қойылған.
    «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институты» ұжымының әрбір мүшесі Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға дайын. Институт өз қызметі негізінде білім берудің жаңа философиясы және қазіргі заманғы инновациялық педагогикалық технологияларды қолдануды білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесінің жаңа моделі аясында іске асыруға кірісіп те кеткен. Онда  бүгінгі күні барлығы 53 профессор-оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде ғылым докторлары мен профессорлары – 5, ғылым кандидаттары мен доценттері –7, PhD докторлары – 2.  Институтымызда жаңартылған білім мазмұнын ендіру бойынша арнайы курстан өткен, сертификатталған 30-ға тарта профессор-оқытушы қызмет етеді. Қазіргі уақытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» филиалдың материалдық-техникалық базасын нығайтуға назар аударып отыр. 
2017 жылы институт бойынша барлығы 7399 тыңдаушыны қамтыған 246 курс өткізілді, оның ішінде:
мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша ұйым басшылары мен педагогикалық қызметкерлеріне арналған 676 тыңдаушыны қамтыған 27 курс;
бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдары педагогикалық қызметкерлері үшін 478 тыңдаушыны қамтыған 18 курс;
орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында 5945 тыңдаушыны қамтыған 188 курс;
деңгейлік курстар бойынша «Тиімді оқыту» бағдарламасымен 178 тыңдаушы қамтыған 7 курс;
«Сабақтағы жалпыадами құндылықтар» бағдарламасы бойынша 50 тыңдаушыны қамтыған 2 курс;
химия, биология, физика және информатика пәндері мұғалімдеріне арналған тілдік-пәндік 54 тыңдаушы қамтыған 640 сағаттық 3 курс және 18 тыңдаушы қамтыған 470 сағаттық 1 курс өткізілді.
     Жолдауда көтерілген мәселелердің кейбіреуі Алматы облысы жағдайында жүзеге асырыла бастады. Ол – жаңартылған орта білім беру мазмұнын ендіру бойынша біліктілікті арттыру курстары. Мұғалімдердің бұл курстарға деген ынтасы мен қызығушылығы ерекше басым.    
     Жолдауда 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру жоспарланып отырғандығына жоғарыда тоқталып өттік. Осыған байланысты 2017 жылдан бастап ағылшын тілін В1 (470 сағаттық курстар үшін) немесе А2 (640 сағаттық курстар үшін) деңгейінде меңгерген жоғары сыныптарда физика, химия, биология және информатиканы оқытатын мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстары басталды. Курс соңында олар ағылшын тілін В2 деңгейінде меңгеріп шығады. Тыңдаушылардан 3 түрлі емтихан алынады: TKT  (мұғалімнің педагогикалық шеберлікті меңгеруі тексеріледі),  FCE (жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде кіріктіріп оқыту әдістемесі меңгеруі тексеріледі),  TKT CLIL (мұғалімнің коммуникативтік-тілдік дағдыларды меңгеруі тексеріледі). 
     «Робототехника негіздері» білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілетін, қазақ және орыс тілдерінде оқытатын орта білім беру ұйымдарының информатика, математика және физика пәндерінің мұғалімдеріне арналған педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары да жаңа курстар қатарынан табылады. Бұл курс бағдарламасы робот техникасы негіздерін зерттеу, инженерлік дизайн және технология, жаратылыстану-математика бағыты мұғалімдерінің роботтарды модельдеу және бағдарламалау, түрлі тапсырмаларды орындау үшін LEGO MINDSTORMS EV3 және Arduino микроконтроллерін қолдана отырып құрастыру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Arduino озық оқу платформасы мұғалімдерге инженерлік, нұсқаушылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Курста жаратылыстану – математика мұғалімдері робот  техникасы құралдарын қолдану саласында ақпараттық және техникалық сауаттылығын дамыту бойынша біліктілігін арттырады. Өткен жылы Алматы облысы бойынша 185 тыңдаушыны қамтыған осындай 7 курс өткізілді.   
    Аралас оқу  режиміндегі («Blended learning») оқу үдерісін ұйымдастыру педагог кадрлар біліктілігін арттыру жүйесіндегі инновациялық үлгідегі батыл да тиімді қадам деуге болады. Мұндай оқу режиміндегі біліктілікті арттыру курстары 3 кезеңнен тұрады: күндізгі оқу, қашықтықтан (online), өз бетімен оқу (off-line). Бұл жағдайда тыңдаушылар оқу материалының бір бөлігін дәстүрлі оқу түрінде, ал қалған бөлігін өз бетінше игереді. Осындай  аралас оқу режиміндегі 60 тыңдаушыны қамтыған       2 курс өткізілді. Дәл осы жаңа форматтағы мұғалімдер аталмыш курстарда тіптен де жаңа педагогикалық ойлауды, үздік әлемдік тәжірибені шұғыл түрде игеруде. Олар педагогтардың орта мектептің менталитетін  толықтай өзгертуге, оны білімдік қызмет көрсетудің принципті жаңа деңгейіне алып шығуға барынша қабілетті бөлігі болып саналады.   
     Институт ұжымы Елбасының жаңа Жолдауын жүзеге асыруға барынша атсалысатындығын айтқым келеді. Осы бағытта біз облыстық білім басқармасымен, аудандық және қалалық білім бөлімдерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Өйткені бірлескен іс-қимыл ғана жаңа стандарттарды тиімді ендіруге жол ашады.   
     Білімді ұрпақ біздің жарқын болашағымыз, ал келелі келешекті тәрбиелейтін педагогтар қауымы. Сол себепті де Елбасымыз өз Жолдауында педагогтар біліктілігін арттыру мәселесін қайта қарау қажет деп ескертіп өтті. Бұл өте жауапты міндет. Институттың ғылыми-әдістемелік әлеуеті оң өзгерістерді жасауға әруақытта дайын. Жолдаудың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығына сеніміміз мол.

C. Кенесбаев, 
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институты» директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Оқи отырыңыз