Техникалық реттеуге мән беріледі

Техникалық реттеуге мән беріледі

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында техникалық реттеу жүйесін жетілдіру туралы сөз болды. Шара аясында баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек техникалық реттеудің қолданыстағы инфрақұрылым жүйесіНІҢ төрт негізгі бағыттан тұратынын, жүйені жетілдіру екі кезеңмен жүзеге асатынын айтып берді. 

Сондай-ақ, селекторлық кездесуде еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мен медициналық сақтандыруды жетілдіруге қатысты мәселелер де көтеріліп, әңгіме өзегіне айналды.
Жасыратыны жоқ, бүгінде стандарттау жүйесі батыл қолға алынғанымен әлі де бизнес саласындағы көптеген құжатты қағаз түрінде рәсімдеу орын алуда. Осыған байланысты «Стандарттау туралы» Заң жобасы әзірленді, оның аясында стандарттау жөніндегі ұлттық орган арқылы жұмыс істейтін стандарттаудың бірыңғай операторы анықталады. Ол «мемлекет – бизнес – тұтынушы» қағидаты бойынша жұмыс жүргізетін болады. Бұл ел аумағында шетелдік стандарттарды қолдануды жеңілдету тұрғысынан бизнестің жағдайын жақсартады. Аталған жұмысты ширату үшін Инвестициялар және даму министрлігі метрология саласын реттеу бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр. Олар  «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңға өзгерістер енгізу арқылы аккредиттеу жүйесін жетілдіруге ден қойып отыр. Осылайша 2018 – 2019 жылдары аккредиттеу бойынша бірлескен Жол картасы әзірленеді, оны жүзеге асыру қорытындысы мен нәтижесі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы елдерге таныстырылады. 
Министр Жеңіс Қасымбековтің айтуынша, қазіргі таңда сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жұмысы әр министрлікке бөліп берілген. Нақтылап айтар болсақ, дәрілік заттар мен тағамдық қоспаларды реттеу Денсаулық сақтау министрлігіне, химиялық заттардың қоршаған ортаға әсерінің қауіпсіздігін бағалау Энергетика министрлігіне, азық қоспалары, ветеринариялық препараттар және пестицидтер дайындау Ауылшаруашылығы министрлігіне, өнеркәсіптік химикаттар және косметикалық өнімдер саласындағы зерттеулер Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелген. Кездесуде техникалық реттеу жүйесін автоматтандыру және цифрландыру бағытында біраз жұмыс атқарылғаны айтылды. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссияға сәйкестік туралы декларациялар мен сертификаттар жөнінде мәлімет беру жұмысының басталып кеткені мәлім болды.
Осыған орай, ҚР Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин түсініктеме беріп өтті. Отырысты қорытындылаған Бақытжан Әбдірұлы техникалық реттеу жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралардың орындалуын бақылауды ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктеді.

Қажет АНДАС

Оқи отырыңыз