СҰЛУЛЫҚ СИМВОЛЫ

    Денсаулық – әрбір адам үшін басты құндылық. Денсаулық мәдениетін қалыптастыру үшін тән, жан қалауын білу керек.  Адам денсаулығының 8-10 пайызы ғана денсаулық сақтау саласының көмегіне  байланысты. Қалғанына  басқа факторлар себеп: экология, экономика, әлеумет, эндемия, мінез-құлық әдеттері, тамақтану мәдениеті, тұқым қуалаушылық, адамның өзіне және өз денсаулығына деген көзқарасы. 

 

    Елімізде бұл мәселелердің маңызы бұрыннан-ақ белгілі. Сондықтан, салауатты өмір салтын насихаттау жалпы мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Біле білген адамға  спортпен айналысып, дұрыс тамақтану арқылы он екі мүшеңді аман сақтаудың өзі абырой.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылуына орай жыл сайын 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні аталады. Бұл күннің басты мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану арқылы жекебастың тазалығын, денсаулығын сақтау.  Адамдар өзі және отбасының амандығы  үшін дұрыс таңдау жасау керек. Біз соған ұйытқы болып жүреміз. Салауаттылықты насихаттаймыз. Пайдасын айтамыз. Денені күтпесе, семіздікке шалдықса жағдайдың қалай болатынын айтамыз. Зиянды әдеттердің кесірін нақты мысалдармен айтамыз. Нашақорлық, араққұмарлықтың зардабын бейнематериалдармен көрсетеміз. Бүгінге дейін облыстағы салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметкерлерінің бастамасымен 1 мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Оған барлығы 43 мың адам қатысты. Әлеуметтік желілер, интернет-ресурстар  қолданылды. 
   Талдықорған қаласындағы 25 мектепте оқу орындарының фельдшерлері мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары арасында «Бәріне арналған денсаулық» атты оқытушылық семинар өтті.  Дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті дұрыс көрсету тәжірибе сағаты  өткізілді.  Екінші бөлімде дұрыс және пайдалы тамақтану, таңғы ас, көкөніс пен жеміс-жидектердің, құрамындағы дәрумендер мен минералдар бойынша кәсіби кеңестер берілді. Семинарға қатысушылар арнайы дайындалған тағамдардың дәмін көре отырып, құрамындағы заттардың қасиеттері мен ерекшеліктері жөнінде ақпарат алды. Семинар соңында ұйымдастырушылар медицина қызметкерлері мен ұстаздардың алғысына бөленді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан болашақта осындай шара жиі өткізілсе деген ұсыныстар айтылды. 


Ә. ҚУАНДЫҚОВА, 
«Алматы облыстық СӨСҚ проблемаларының  орталығы» ЖШС директорының орынбасары

Оқи отырыңыз