ТАУ КӨШКІНІ БАҚЫЛАУДА

ТАУ КӨШКІНІ БАҚЫЛАУДА

    Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы Кеген ауданы Саты ауылының маңындағы тау қыртысының жылжуына орай тәулік бойы үздіксіз кезекшілік жасауда. Жергілікті атқарушы органдар, күштік құрылымдар мен «Қазселденқорғау» ММ басшылығы тау қыртысының бұдан былайғы қозғалысын зерттеп жатыр.

 

– Тауға мал айдау үшін таңертең ерте тұрғанмын. Сол кезде мен тау бөлініп жатқанын байқадым және гүрілдеген дауыс қоса естілді. Қорқып кеттім. Ауыл әкіміне айту қажет деп шештім. Шамамен 20 минуттан кейін ауыл әкімі «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасарымен бірге оқиға орнына келді. Бізге тез арада көшу қажеттігін айтты, – деді оқиғаға алғаш куә болған қойшы Меллат Сағадатұлы. 
    Бүгінде оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, төменгі Көлсай көлдеріне апаратын жолдар жабылды. Бұл жағдай жөнінде ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев: «Тау көшкінінің жылдамдығы  сағатына төрт метрден бір метрге дейінгі жылдамдықты құрап отыр. Опырылған жердің көлемі 21 сәуірде 50 млн. текшеметр, ұзындығы 1700 метр, ені – 900 метр болды. Тау топырағы Көлсай көлінің аңғарына қарай жылжуда. Өзен аңғарын жауып қалу қаупі бар. Ол тағы бір көлді қалыптастыруы мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмау үшін қажетті инженерлік шаралар қабылданып жатыр. Егер тау массасы өзеннің аңғарын жауып тастайтын болса, онда ауыр техниканың және жару жұмыстарының көмегімен су жіберілетін болады. Ол үшін «Қазгидрология», Казвзрывпром» және бірқатар жобалық институттар мамандары тартылуда. Қазір елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. Дегенмен қауіпсіздік үшін Көлсай көлдеріне апаратын жолдар жабылды», – деп мәлімдеді. Облыстық әкімдіктен хабарлағандай, оқиға орнына қажетті арнайы техника жұмылдырылып, тиісті ведомстволардың мамандары тартылуда. Оқиға орнындағы жағдай туралы облыс әкіміне сағат сайын хабарланып отыр. Жағдай авиация көмегімен жоғарыдан да бақылануда. 

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ.

Оқи отырыңыз