БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

   Облыс әкімі Амандық Баталов талдықорғандық жас ана Гүлім Нүркебайға  баспана сыйлады. Гүлім осыдан біраз уақыт бұрын «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» хабарына қатысып, өзінің қиын тағдырын, жаңа туған  баласымен үйсіз-күйсіз жүргенін айтқан еді.  Амандық Ғаббасұлы  телеарнаға келген жас келіншектің тағдырына алаңдап, жеке қабылдап, үй беретінін айтқан болатын. 

 
   Гүлім бүгінгі күнге дейін бөпесінің ширағанын күтіп, «Аналар үйінде» тұрып келді.  Бүгінде кішкентай Анелия 6 айға толды.  Жұма күні қаланың Қаратал өзені бойындағы бес қабатты үйге Гүлім Төлегенқызын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өзі барып, орналастырды. Пәтердің кілтін табыс етті. Құстың ұясындай шағын пәтердің жылы, жарық екені бірден байқалады. 
– Бұл Анелияның несібесі. Көрер қызықтарың көп болсын, –деді Жақсылық Мұқашұлы пәтерін тамашалаған Гүлімге  ақжарма тілегін арнап. 
Пәтер кілтін алған Анелияның анасы қуанышын жасыра алмады.    
–Маған қайырымдылық көрсеткен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына айтар алғысым шексіз.  Тұратын жерім болмағандықтан көп қиындық көрдім. «Ана үйін» паналадым. Ол жердегі қамқоршы апа-ағаларға да рахмет айтқым келеді. Жақсы адамдар бар екен.  Өзімнің жеке пәтерім болады деп мүлде ойламаппын.   Сең соққан балықтай сенделіп жүргенімде ағалардан қамқорлық көріп, есімді жинадым. Елдің қамын ойлар ел ағаларының барына мың тәубе, – дейді Гүлім ағынан жарылып. 
   Баспананың іші отбасына ең керекті заттармен толықтырылыпты. Облыс басшысы Амандық Баталов ана мен балаға  бесік, коляска, қысқатолқынды пеш, кір жуғыш машина сыйға тартты. Тұрмысқа ең қажеттінің бәрі бар. «Жерде бір нәресте қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген ғой. Жан-жағына елікше елеңдеп, әркімге көз тоқтата қараған Анелия қайырымды ағаларының қамқорлығын сезетіндей.  Жиналған көпшілік ана мен бала қуанышына ортақтасып «Бақытың баянды болсын!» десіп жатты. 
 
Гүлжан Мұқашқызы

Оқи отырыңыз