Газдандыру жұмыстарымен танысты

Ауданда газ тарту жұмыстары басталып кетті. Бүгінде бұл жұмыстар қызу жүруде. Осыған байланысты жүріп жатқан шаруа жайымен жете танысу үшін облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов өңірге арнайы іссапармен келді. 

Айдарбек Естебекұлын аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов Талдықорған газ құбыры магистралінің ауданға бұрылатын тұсында күтіп алды. Газ тарту жұмыстарын атқарып жатқан «Akniet Group» ЖШС қазір құбырлардың алтыншы шақырымын дәнекерлеп жатыр. Ал, қазу жұмыстары орта шеніне жетіпті. Дәл осы тұста жоба жетекшісі Амангелді Әбдімәліков облыс әкімінің орынбасарын ауданға тартылатын газ құбырының сызбасымен таныстырды. Амангелді Берікұлының айтуынша, аудан орталығына дейін жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылуы тиіс. 
Бұдан соң Айдарбек Естебекұлы ауданға қарасты Бақбақты ауылына ат басын бұрып, осы ауылдағы ауызсу құбырын жөндеу жұмыстарын көрді. Ауыл тынысымен таныстырған ауылдық округ әкімі Қали Сатпаевқа тапсырма жүктей отырып, елді мекеннің  көркі мен тазалығына жіті көңіл бөлу керектігін айтты. 
Аудан орталығына бет бұрған облыс әкімінің орынбасары Д. Қонаев атындағы саябаққа да көз жүгіртіп, көркейіп келе жатқан демалыс орнына көңіл толтырды. 
Аймақта балқаштықтарды қуантатын жағымды жаңалықтар аз емес. Соның бірі жоспар бойынша алдағы уақытта іске қосылғалы отырған газ құбыры. Сондықтан көп ұзамай ол күнге де жететінімізге сенім мол. 

Күмісбек Ербаев
Балқаш ауданы

Оқи отырыңыз