ТӨРЕҒАЛИ ТАҒЫ ДА ҚЫР КӨРСЕТТІ

ТӨРЕҒАЛИ ТАҒЫ ДА ҚЫР КӨРСЕТТІ
Бұл жолы өмірде емес, өнерде. Дәлірек айтсақ, "Ұлы дала комедиясы" фильмінде Төрағали түрмеге түсіп қалып, абақты қызметкерлеріне қыр көрсетіп, кеудесін кереді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар ісі жөніндегі комитетінің ұсынысы бойынша және Алматы облыстық  жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен Талдықорған шаһарында эстрада жұлдызы Төреғали Төреәлінің “Ұлы дала комедиясы” атты кинотуындысының тұсаукесері өтті. Тың туынды көрсетілмес бұрын шығармашылық топ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті.
Онда фильмде басты рөлді сомдаған Төреғали Төреәлі, Мадина Оспан, Жанболат Найзабеков, қоюшы режиссер Дархан Саркенов, продюсер Біржан Ескендір және бас продюсер Төреәлі Әлиханұлы бір ай көлемінде түсірілген фильм жайлы жан-жақты баян етті. Қазақ кино өнері қорына қосылатын туындының негізгі мазмұны тұрғысында ой өрбіткен шығармашылық топ мүшелері өз кезегінде отбасылық құндылықты дәріптеуге бағытталған бұл  фильмнің тағылым алар тұсы көп екенін айтты. Сонымен қатар, ақпарат айдыны өкілдерінің түрлі сауалдарына тұшымды жауап беріп, көрерменге жол тартқан тың туындыны көруге келгендерге алғыстарын жеткізді.
«Атамекен» кинотеатрында аталмыш туынды көрсетілді. Кинода қазақы елінің ерекесі саналған Төреғалидың жұлдыздық ғұмырынан сыр шертіледі. Әншілік атағының аспандағаны сонша, өз туған күнін клубтарда тойлап, сарғая күтіп отырған ата-анасының пейіліне пысқырып та қарамайтын жағымсыз эпизодпен басталған кино көрерменді бірден баурап алады. Иә, табиғат берген дарын арқасында даңқының жер жаңғыртқанына мастанған әнші ішімдікке сылқия тойып алып, жол жүргізу ережесін бұзады. Есін жиғанда темір торда жатқанын біледі. «Ұлы дала баласымын» деп абақты күзетшілеріне қыр көрсетеді. Адал достың көмегімен әупірімдеп жүріп, темір тордан босатылады. Досының жетектеуімен өзі танымайтын отбасыға келеді. Онысы өзінің жан жары, құлай сүйген адал серігі болып шығады. Ата-анасына барса: «Сендей баламыз болған емес. Танымаймыз», - деп шаңырағынан қуып шығады. Жаны күйзелген, жақындарынан алыстаған елдің еркесі осылайша қым-қиғаш, шым-шытырық оқиғаларға ұласқан өмірден жан сақтау бөлімінде есін жинағанда бір-ақ құтылады. Сөйтсе, жақыны жаттай болған оқиғалар өмір мен өлім арасанда жатқанда көрген ұзын-сонар түсі, ал бұл халге туған күннің кешінде мастықпен жол сақшыларынан қашам деп оқыс оқиғаға тап болғаны салдарынан түскен екен. Осылайша атақ-даңққа мастанған жұлдыз бір сәтте қарапайымдылықтың шекпенін киіп, бір сүріну арқылы үйінде тағатсыз күтіп отырған ата-ананың, қылығына көніп жүрген сұлуының қадірін біледі. Өзін көкке көтерген халық екенін пайымдайды.
Жаңа туынды еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз