Ынтымақ – ырыс негізі

Ынтымақ – ырыс негізі

Күрделі жөндеуден өткен І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Ел бірлігі – қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттырудың негізі» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХIV сессиясына қатысушы жұрт 17 аудан мен үш қаладан келген келісім орталықтарының арнайы көрмесін тамашалап, ұлттық тағамдардың дәмін татты.

Сессия жұмысын ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихат төрағасы Сұлтан ДҮЙСЕМБІНОВ жиынға қатысушы қонақтарды таныстырып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Тварионас, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Написа Шанай, республиканың әр өңірінен келген Аналар кеңестерінің төрағалары, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының, жетекші журналистер клубының мүшелері, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Қоғамдық келісім, Аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиын негізінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналды. 
Алқалы жиында 6 адам баяндама жасады. Алғашқы болып Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Тварионас, одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Закиржан Кузиев, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы аумақтық штабының жетекшісі Руфина Усанова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптама тобының мүшесі Фаруха Гаджиев, облыстық «Элефтерия» гректер қоғамының басқарма мүшесі Наталья Тифанциди кезекпен баяндама жасап, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетістігін паш етті. Өз сөзін:
– Қымбатты Ассамблея мүшелері! Қадірлі сессия қонақтары! Облыстық  Ассамблеяның 24-ші сессиясы жұмысының басталуымен сіздерді құттықтаймын! – деп бастаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Жетісу жеріндегі ынтымақ пен бірліктің ұйытқысына айналып отырған халықтар достығының жетістігімен таныстырды. – Осы бір тарихи кезеңде кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Президенттің таяудағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жаңа межелер мен тың бағыттарды айқындады. Облыстық Ассамблеяның қызметі өңірді мекен еткен барлық этностарды азаматтық және рухани-мәдени  тұтастық ретінде топтастырып, отаншылдық идеологиясын, қазақстандық жарасымдылықты қалыптастыруға бағытталады. Достықтың алтын бесігіне айналған Жетісу жерінде ұстанымы мен сенімі жылдар бойы нығая түскен 71 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Әр этнос өкілдерінің бейбіт, қатар өмір сүруінің оңды тәжірибесі күллі әлемге өнеге, үлгіге айналды.
Баяндамашаның айтуынша, облыста жұмыс істейтін этномәдени бірлестіктер мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бөлімшелері мемлекеттегі ынтымақ, бірлік, тыныштық, тұрақтылық, келісім секілді адамзатқа тән асыл құндылықтарды қалыптастырумен айналысып келеді. Соған сай өңірдегі 628 Қоғамдық келісім кеңестері әрбір елді мекендегі жақсылықтың, игілікті істің басынан табылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне үлес қосып отырады. Оның қатарында жалғызбасты қарттар мен мүгедек жандарға көмектесу, мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеу сынды істер бар. Осындай игілікті істердің ұйытқысына айналып отырған Достық үйіне биыл 10 жыл.
Жиын соңында Қоғамдық келісім кеңестерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Ауылым – алтын қазынам» атты форум көрмесінің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Көрме қорытындысы бойынша бас жүлдені Еңбекшіқазақ ауданы меншіктесе, бірінші орынды Талдықорған қаласы, екінші орынды Алакөл ауданы, үшінші орынды Кеген ауданы иеленді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы Талғар ауданында жетім балалардың өмір жолын табуына көмектесіп, 700 баланы бағып-қаққан Тұяқ Қазыкенқызына «Мейірім» медалін табыстады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Оқи отырыңыз