Көше аты берілді

Көше аты берілді
Ақсу ауданының Көкөзек ауылында сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан Ұлы Отан соғысының ардагері Нүсіпбек Дүйсекеновке көше аты берілді.

Нүсіпбек Дүйсекенов 1917 жылғы қарашаның 25-жұлдызында Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылына қарасты Көкөзек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Осы ауылда мектепті тамамдап, есепші, колхозшы,  бригадир, ферма меңгерушісі болып 60 жыл қызмет еткен. 1941 жылғы 15 желтоқсанда Алматыда жасақталған жүзінші атқыштар бригадасында дайындықтан өтіп, қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова, жауынгер жазушы  Әзілхан Нұршайықовпен бір топта соғысқан. Елім, жерім деген майдангер Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» сияқты 15 орден-медальмен марапатталған. 
Шараның шымылдығы аудан әкімі Есім Базархановтың алғысөзімен түрілді. – Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелерді іске асыру үшін аудан көлемінде атқарылып жатқан игі жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Бүгін осы ауылда дүниеге келіп, білім алып, елі, жері үшін ерен еңбек еткен Нүсіпбек Дүйсекенов атамызға көше атауы берілді. Ұлыны ұлықтап, тарихты қастерлеген ұрпақ жолы әрқашан баянды. Біз ардагерімізбен әрқашан мақтанып, марқайып сол кісілердің арқасында бейбіт ғұмыр кешіп келеміз, – дей келе көшенің салтанатты ашылуымен құттықтап, атамыздың қыздары Баян және Жібек Нүсіпбекқызына, күйеубаласы Құмарбек Нұрланбаевқа сый-сияпат жасап, иықтарына шапан мен камзол жапты.
Өз кезегінде сөз алған Нүсіпбек ағамыздың күйеубаласы Құмарбек Жақсылықұлы батыр ардагердің өнегелі өмір жолын, еңбекқорлығы мен адами қасиеттерін тілге тиек етті. 
Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Айтбаев ақ батасын бергеннен кейін көшенің лентасы қиылды. Шарада өскелең ұрпақ майдангер атамызға арнау өлеңдерді нақышына келтіріп оқып, әуелете ән салды. 
Жиын соңында ардагер атамыздың қыздары Жібек және Баян Дүйсекеновалар әкелері жайлы жылы естеліктер айтып, жиналған қауымға алғысын білдіріп, көше тұрғындарына сыйлық таратты.

А. НАЗАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз