СДУ РОБОТОТЕХНИКА МЕКТЕБІН АШТЫ

СДУ РОБОТОТЕХНИКА МЕКТЕБІН АШТЫ

Сүлейман Демирел университеті өз тарихында алғаш рет оқушыларға арналған робототехника мектебін ашты. Жоба аталған университет пен RobotX IT мектептер желісінің екіжақты серіктестігінің нәтижесінде іске қосылды. Роботехника мектебі Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасөспірімдердің электронды сауатын арттыру мақсатымен құрылған бірегей алаң.

Мектептің салтанатты ашылу рәсімінде 60-тан аса бүлдіршін алғашқы сынақ сабақтарына қатысып, IT саласының түрлі бағытынан өз мүмкіндіктері мен білім көкжиектерін кеңейтуге мүмкіндік алды.

- Біздің мақсатымыз – 7-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларына компьютерлік білім алуға, ойын ұшқырлап, логикасын шыңдауға өз үлесімізді қосу. Мектеп бағдарламасы жан-жақты, мұнда робототехника, компьютерлік бағдарламалау, анимация, 3D модельдеу, ракетамодельдеу, кодтау, логика, өз бетінше ойын құрастыру бойынша білім беріледі. Әсіресе, қазақ мектептеріндегі балаларға зор көңіл бөліп, оқу бағдарламасын қазақ тілінде жүргізуге икемдедік. Мектептен  жан-жақты ақпарат алған тәлімгерлер болашақта қандай мамандық иесі болуын өз бетінше таңдап,  жаңа технологияларды  толыққанды меңгеріп шығады. Ал заманауи технологияларды меңгерген ұрпақ көштен қалмай, еліміздің көркеюіне үлес қосары сөзсіз. Елімізді көркейтіп, 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосатын негізгі күшіміз – білімді ұрпақ, - дейді жоба жетекшісі Мирас Долаев.

Жобаның авторлары жас жеткіншектерге тек ғана жаңа технологияларды үйретіп қоймай, үздік тәлімгерлерді республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыруды көздеп отыр. Ал жеткіншектерді байқауларға баптайтын - аталмыш университеттің инженерлік және жаратылыстану факультетінің ұстаздары мен түлектері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз