КӨПКЕ ҮЛГІ БАСТАМА

КӨПКЕ ҮЛГІ БАСТАМА

«Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз». Осы сөзді айтқан алаш арысы Бейімбет Майлин қандай көреген десеңізші?! Таңдай қағасыз. Шындығында ұлан-ғайыр даламыздың сәні ауыл-аймақ емес пе?! Ел мен жердің тұтастығы осы ауылдағы ағайынның береке-бірлігімен өлшенеді. Өйткені, үлкен қалаларды қарапайым ауыл еңбеккерлері асырап отырған жоқ па?! 

Рас, тоқырау жылдарында ауылымыз азып-тозып кетіп еді. Қазір ахуал өзгерген. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері сан алуан игілікті істер атқарылып келеді. Халықтың еңсесі көтеріліп, өрістер малға толды. Береке бастауының көзі ашылды. Ширек ғасыр аралығында әр адам өзінің іскерлік қасиетін қайрап, сан салада жетістікке жетіп үлгерді. Әлі де талай асу бағынбақ. 
Мәдени-рухани байланыс та жетіліп келеді. Қазір жұрттың барлығы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желілер арқылы сан алуан жаңалықпен, әр елдің озық жетістігімен танысып, тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс бере алады. Соның арқасында болар, ел ішінде жақсылыққа, жарқын істерге ұмтылу басым.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген «Туған жерге туың тік» бастамасы көптеген ізгі істерге ұйытқы болуда. Қалада кәсібін дөңгеленткен азаматтар туған жеріндегі ел тұрмысын көтерер игі істерді жандандыруға қатысып отыр. Бірі имандылық мекені – мешіт салса, енді бірі тойхана, мектеп, спорт алаңдарын тарту етуде.
Сондай жарқын істің бірі ретінде жақында ғана ауыл тұрғындарының күшімен Басши ауылында бой көтерген, сыйымдылығы 300 адамдық ас беретін орын – нәзірхананы айтуға болады. Көпшілікке қажетті ғимараттың ашылуына бастамашы болған Сәбит Өмірбеков, Мұрат Құрбанқұлов, Ардақ Қожекеев, Азамат Қойбағаров, Марғұлан Мұсабеков сынды азаматтарды ел құрмет тұтып, үлгі етеді. Арнайы есепшот ашып, ел-жұртты қаржы жинауға ұйымдастырған жігіттердің ұсынысына жергілікті тұрғындармен қатар ауылдан шығып, сыртта қызмет ететін азаматтар да үлес қосқан-ды. 
Ел ұйытқысына айналған бастаманы ұйымдастырушылардың бірі Ерлан Жұмаділов:
– Мұндай орынның керектігі жайлы ауыл жастары бірінші болып мәселе көтеріп: «Елді қыжалаттан шығаратын бір құтхана сала алмаймыз ба?» – деп құлшыныс білдірді. Біз соны қолдадық. Мұндай істе көпті көрген ақсақалдардың жөні бөлек қой. Ауылымыздағы талай игі іске мұрындық болған қариямыз Жақыпбек қажы Самылтырұлы ақыл-кеңесін аямай зор қолғабыс жасады, – деп игілікті істің қалай жүргенін әңгімеледі. – Өмір болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Оның үстіне ажал айтып келмейді. Қақаған қыста да, аптап ыстықта да кісі қайтыс болуы мүмкін. Марқұмды ақтық сапарға жөнелту ең жауапты істердің бірі. Екінің бірінің жағдайы қонақасын кафеде өткізуге келе бермейді. Қыстың күні далада өткізудің машақаты белгілі. Осындай қиындыққа кезіккен жұрт ақыл қосып нәзірхана салуды ұйғарды. Сөйтіп, елге сауын айтып, қаржы жинауды қолға алдық. Мұны естіген Алматыда тұратын Сайлау Өмірбеков деген кәсіпкер  ағамыз: «Ақшаны елден сұрау үшін бірінші істі бастау керек, сонда ел де қарап қалмайды» – деп алғашқы құрылыс жұмыстары үшін екі миллион теңге қаржы берді. Сонымен құрылысты асарлатып бастап жібердік. Содан кейін әр жылы туған жігіттерден ақша жинауды қолға алдық, осының нәтижесінде аз уақытта мынадай жақсы ғимарат дүниеге келді.
Шындығында көркі көз тартатын құтхана енді халықтың игілігіне қызмет атқармақ. Қазір 300 адамға арналған орын үстел-орындықпен, ыдыс-аяқпен толық жабдықталған, ауызсу кіргізілген. Отын-суы жеткілікті. Тамақ дайындайтын орны бөлек. Жарық, жылы. Енді нәзір беру үшін он мың теңге төлесеңіз болды, құтхананы пайдалана бересіз. Ел игілігі үшін атқарылған мұндай істер көпке үлгі.

Ерғазы Манапұлы

Оқи отырыңыз