ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИТКЕ ТАЛАНҒАН БАЛА КӨЗ ЖҰМДЫ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИТКЕ ТАЛАНҒАН БАЛА КӨЗ ЖҰМДЫ

Талдықорған қаласындағы Мерекелік саяжайында жеті жастағы баланы ит талап, ауыр халде ауруханаға түскен еді. Алайда бір күн өтер-өтпесте бала аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі Самал Қабышева хабарлады.

Оқиға облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерімен де расталып отыр. «Алматы облыстық балалар ауруханасына науқас 6 қараша күні кешкі сағат 17-лерде түстен. 2011 жыл туған бала өте ауыр жағдайда жеткізілді. Алайда 7 қараша күні сағат 13:35-те қайтыс болды. Оны ит қапқан. Баланың бас терісі, беті, мойыны, сол жақ иығы, сол жақ аяғы қатты жарақатталған. Оның үстіне бала ауыр травматикалық шок алған», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Алматы облыстық полиция департаменті осы факті бойынша сот алдындағы тергеу жұмысын бастап кеткен. «Баланың өліміне байланысты сот алды тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 104 бабы бойынша жүргізілуде. Ит иесі анықталды. Ол арнайы қолхатпен жіберілді. Тергеу облыстық полиция департаментінің қатаң бақылауында», - деді полиция департаментінің өкілі Көбейхан Нұрахметов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Оқи отырыңыз