ЖАҢА ОҚУЛЫҚТЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

ЖАҢА ОҚУЛЫҚТЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Келер жылдан бастап төртінші, тоғызыншы және оныншы сыныптар жаңартылған мазмұндағы оқулықпен оқиды. Осы орайда Талдықорғанда «Жаңартылған мазмұндағы 4, 9 және 10-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді педагогикалық қауымға таныстыру және талқылау» тақырыбында өңірлік әдістемелік семинар өтті.

Облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен өтіп жатқан шарада кітаптарды басып шығару, оны аймақтардағы мектептерге жеткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сондай-ақ, мамандар оқулық шығарудағы жаңалықтармен, оқушыларды қажетті оқулықпен қамтамасыз етудегі түйткілді мәселелерді талқыға салды. 
– Оқулық салмағына қойылатын талаптар арнайы гигиеналық нормативтермен реттеледі. Бірақ оқушының сөмкесі сонда да ауыр. Өйткені, нормативтік ережелерде тек оқулықтарға талап қойылған, жұмыс дәптері ескерілмеген. Сондықтан біз «Оқулық» орталығы тарапынан Денсаулық сақтау министрлігіне өз ұсынысымызды білдірдік. Бұл ұсыныста біз сөмкенің нақты салмағын анықтауды сұрадық. Яғни, кітап-дәптер жиынтығының салмағы 1-3- сыныптарда – 1,5-2 келі, 4-5-сыныптарда – 2-2,5 келі, 6-7- сыныптарда –3-3,5 келі, ал жоғары сыныптарда 4,5 келі болуы керек. Сөмкенің салмағын қоспағанда, бала күнделікті мектепке апаратын кітап-дәптерінің салмағы осы шамадан аспауы тиіс. Бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі қолдады, бұл бекісе, соған сәйкес ереженің орындалуын талап ететін боламыз. Сондай-ақ, жұмыс дәптерінің салмағына қатысты норматив бекітуді сұрап отырмыз. Жұмыс дәптерінің салмағы оқулық салмағының 30 пайызынан аспауы керек. Форматына келетін болсақ, баспалармен ақылдаса келе, мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес барлық баспалар бір форматты ұстанатын болып келістік, – дейді «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсеков.
Қазір елімізде осы оқу-әдістемелік кешендерді ұстаздар қауымына түсіндіру  шаралары жүруде. Жұмыс тобы жетісулық 500-ден аса мұғалімге жаңа кітаптар жобасын таныстырды. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері әр пән бойынша әзірленетін оқулықтардың жаңа жүйе талабына сай болуы тиіс  екендігін айтады. Мамандар мектеп бағдарламасында ғана емес, баланың жаңаша ойлап, ой-өрісін дамытуына да бағдар болу қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылының басты жаңалығы – жаңадан басылып шыққан оқулықтарда электронды нұсқа QR-кодының орналастырылуы. Осы код арқылы оқулықтың электронды нұсқасын тегін жүктеп алуға болады. Бұл жүйені енгізу үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі барлық баспаларға оқулықтардың электронды нұсқасын шығаруды міндеттеген. Оқулықтың қағаз немесе планшет арқылы электронды нұсқасын оқу мектеп әкімшілігі мен ата-ананың өз еркінде. 
Жаңа оқулықтарды дайындау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Сараптамадан өткен кітаптар ендігі оқу жылында қолданысқа енеді.

Мұхтар КҮМІСБЕК,

"Жетісу"

Оқи отырыңыз